Мінезді журналист Жұматай Сабыржанұлын көзіқарақты оқырман жақсы біледі. Амангелді аудандық «Тың шұғыласы» газетінен басталған қаламгердің еңбек жолы, алдымен Торғай облыстық «Торғай таңы», кейін Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде жалғасты. Әсіресе оның есімі республикалық «Ана тілі» газетінде істеген жылдары дүйім елге жақсы танылды. Сан түрлі өзекті мәселені қозғаған проблемалық мақалалары мен этнографиялық этюдтерін, оймақтай ғана болса да атандай ауыр жүк артқан ақпараттарын оқырмандар іздеп оқыды. Қоғамдағы келеңсіз көріністерді ащы мысқылмен түйреп, езуге күлкі үйірген сатиралық шығармаларын да жұртшылық жылы қабылдады. Қарымды қаламгердің көзі тірісінде «Кәрі сайтан», «Өкпелесең, өзің біл» атты жинақтары жарық көрген. Кейін жарияланбаған дүниелері «Мен таныған шындық» деген атпен кітап болып шықты.
Шалғай ауылға шырай берген жиынның ашылуында Амангелді ауданының әкімі Талғат Карбозов шыншыл қалам иесінің өмір жолы мен еңбектеріне тоқталып, іс-шара маңызын атап өтті.
– Бүгін Қабырға ауылы үшін тарихи сәт деуге болады. Өйткені бұған дейін бұл мектеп Н.Крупская есімімен аталған еді. Енді оған жерлес қаламгердің есімі беріліп отыр. Бұған қуаныштымыз. Осы білім ұясынан елімізге белгілі қаншама азамат түлеп ұшты. Соның бірі – Жұматай Сабыржанұлы. Ақиқатты ар тұтқан тұлғаның қазақ журналистикасында өз орны ғана бар емес, соның дамуына қосқан үлесі де мол. Біз соны мақтан тұтамыз. Қабырға ауылы – аудандағы шалғай елдімекендердің бірі болса да, болашағы зор. Былтыр ауылға таза ауыз су тартылып, ұялы байланыс желісі орнатылды. Енді көтерме жолға күрделі жөндеу жүргізу мәселесін шешу көзделіп отыр. Ауыл мектебі де назардан тыс қалған емес. Жыл сайын жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Сондықтан аяулы ағамыздың есімін иеленген мектеп ұжымына зор табыс тілеп, жиналған қауымға ризашылығымды білдіремін, – деді аудан әкімі.
Мазмұнды іс-шараға Астанадан келген қаламгердің зайыбы, журналист Әмина Мүржүсіпқызы, балалары – Саят, Гүлнұр, бұрын бірге қызмет істеген әріптестері – Сейфолла Шайынғазы, Жомарт Нұрман және Хамитбек Махмұтов, Бақытбек Бәйтеміров секілді азаматтармен бірге бауырлары Жомарт, Нағашыбай және Әлімжан Сабыржанұлы қатысып, шындықты ту еткен азамат туралы тағылымды естеліктер айтты. Жұматай ағамыздың жары Әмина апайға сый-құрмет көрсетілді. Одан кейін жиын мектеп оқушылары мен аудан өнерпаздары дайындаған концертке ұласып, спорттық іс-шараларға жалғасты. Келген қонақтар мектеп ауласына ағаш екті.
Іс-шара соңында Жұматай Сабыржанұлының рухына арнап ас беріліп, дұға бағышталды.