Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Департаменттің ұтқыр топтарының жерден іздеу барысында Петропавл қаласының өзінде ғана рұқсат етілмеген 33 қоқыс үю орындары анықталған. Аудандар арасында қоқысты кез келген жерге үюдің басында Қызылжар ауданы тұр. Петропавл қаласына ең жақын орналасқан бұл ауданнан рұқсат етілмеген 13 үйінді табылған. Қазір ұтқыр топ анықтаған барлық 61 санкцияланбаған үйіндінің 26-сы жойылды. Бүгінгі таңда облыс аумағында қалдықтар мен қоқыстар үюге рұқсат берілген 453 орын бар. Соның 350-інде ғана жер актілері ресімделген. Ал 103-інде жер актісі жоқ.
Қоқыстар мен қалдықтардың рұқсат етілмеген жерлерге, адамдардың демалатын аудандарына бейберекет үюі қоршаған ортаның бүлінуі мен адам ағзаларына теріс әсер ететіні белгілі. Сондықтан қоқыс орындарындағы экологиялық тәртіптің сақталуы аса маңызды.
Облыс бойынша экологиялық проблемаларды кешенді шешудің 2020-2025 жылдарға арналған Жол картасы әзірленген. Оған барлығы 17 іс-шара енгізілген. Соның ішінде 4 тапсырманы орындау осы жылдың үлесінде. Бұл – «Севказэнерго» АҚ қазандық агрегаттарының қыздыру беттерін қалпына келтіру, күл ұстағыш қондырғылардың, ауа өткізгіштердің, газ өткізгіштердің тозған элементтерін жөндеу, облыстың орман қорларының аумағын кезең-кезеңмен ұлғайту, 9 ауданда жаңадан қоқыс алаңдарын тұрғызу, Шал ақын ауданының орталығы Сергеевка қаласында кәріз желілері мен тазарту құрылыстарын салу.
Биологиялық тазарту жүйесінің болмауына байланысты «Қызылжар су» ЖШС балансындағы «Биопруд» сарқынды су жинағышы Петропавл қаласында күкіртті сутегі иісінің мөлшерден асып кетуінің негізгі көзі болып тұр. Оны толық тазалайтын жабдық орнатылғаннан кейін күкіртті сутегі иісінің қалаға тарауы азаяды. Алайда бұл жабдықтың құрылысын аяқтау тек 2027 жылға белгіленген. Әзірге атмосфералық ауаның күкіртті сутегімен ластануын азайту мақсатында Жол картасына қосымша іс-шаралар енгізілді. Бұл – 2024 жылға дейін судың ластануының табиғи сіңіргіші жасыл микробалдыр – хлорелла көмегімен биологиялық оңалту. Осы жұмыс 2021 жылдың тамызынан «Су ғылыми-технологиялық орталығы» ЖШС көмегімен жүргізіле бастады. Жобаның жалпы сомасы – 124 606 720 теңге.
Іс-шара қазір оң нәтиже көрсетіп жатыр. Егер 2021 жылы Петропавл қаласы бойынша күкіртті сутек бойынша атмосфералық ауаның жоғары ластануының 7 жағдайы тіркелсе, 2022 жылы бұл бір-ақ рет тіркелді, ал 2023 жылы ондай жағдай әзірге тіркелген емес.
Жол картасында белгіленген шаралар толық орындалған жоқ. Соның ішінде Айыртау ауданында қойылады деп жоспарланған қуаты 50 МВт жел электр стансасын орнату іске асырылмады. Сондай-ақ Петропавл қаласындағы кәріз тазарту құрылысын жаңғыртудың 4-кезеңі орындалмады.
Экология департаменті осы жылдың 8 айында 9 тексеру жүргізген екен. Жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша 12 бұзушылық анықталған, оның ішінде алтауы өрескел бұзылған. Осы бұзушылықтарға қарсы жалпы сомасы 4 млн 442 мың теңгенің 14 әкімшілік жазасы қолданылған. 12 бұзушылық бойынша берілген 12 ұйғарымның бүгінге дейін 8-і орындалған. 14 әкімшілік жаза бойынша салынған барлық айыппұл толығымен өндірілген.
Департамент биыл су қоймаларынан – 1 976, ауадан – 1 792, топырақтан – 7, радиация бойынша 21 рет сынама алып, лабораториялық зерттеуден өткізген. Облыстың экологиялық ахуалын оңалту мақсатымен барлығы 189,7 млн теңгенің шаралары іске асырылып жатыр. Соның ішінде 19,3 гектар жерге ағаш отырғызу қарастырылған.
Солтүстік Қазақстан облысы