Бұл ретте Қазақстандағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева балаларға қатысты зорлық-зомбылық секілді ауыр қылмыстың қиюын қоғам болып жұмыла шешу, әдеп нормасын қалыптастыру, профилактика шарасына жауапты органдармен бірлесіп табанды іс-қимыл жасау қажет екенін айтады. Сондай-ақ ол қазіргі заңда күш көрсету мен қатыгездік әрекеттерді қамтитын жеке баптар жоқ болғандықтан, құқық қорғаушылар айыптыларды жауапкершілікке тарту үшін тек сәйкес келетін тармақтарға жүгініп отырғанын жеткізді.
«Осыған байланысты әзірленіп жатқан шаралардың қатарына Қылмыстық кодекске жазаны қатаңдата отырып, күш көрсету және қатыгездікке қатысты іс-әрекеттердің барлық нысанын қамтитын «Кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық» бабын қосуды маңызды деп санаймыз», дейді Д.Зәкиева.
Балалар омбудсменінің айтуынша, бұл мәселелердің тым белең алып бара жатқаны бала тәрбиесімен айналысатын кәсіби кадрлардың тапшылығынан да болып отыр.
«Білікті мамандарға қатысты үлкен мәселе бар. Мысалы, қазір елімізде 3 мың мектепте әлеуметтік педагог маман жоқ. Бір кәсіби психологтен 1 500 бала дәріс алуға мәжбүр. Ал 6,5 млн баламен қорғануды үйрететін 300 маман жұмыс істейді. Сонымен қатар жылдамдықты азайтатын жол жабындыларының да саны аз», деді ол.
Ал Ақмола облысы Қосшы қаласы №1 ауруханасының кәсіби психолог маманы, Қазақ психологиялық қоғамының мүшесі, «Жан дүнием» кітабының авторы Балжан Қанапияеваның айтуынша, мектептегі зорлық-зомбылықтың ушығуы көбінесе ата-ана жауапкершілігінің төмендігінен орын алып отыр.
«Бірінші кезекте ата-ана балалардың психологиялық жағдайынан хабардар болуға тиіс. Аптасына бір рет болсын баламен әңгімелесу керек. Бала телефоннан не көріп, кіммен сөйлесіп жүр? Сағат нешеде ұйықтайды? Бос уақытын қалай өткізеді? Осы жағдайларды біліп отырған жөн. Баланың телефонын жұлып алып, күш көрсету арқылы тәрбиелеу – дұрыс емес. Қатыгездік көрген бала өзі де қатыгез болуы ықтимал. Керісінше сөйлесу арқылы баланың жүрегіне жол таба білген абзал», дейді Балжан Нұрғалиқызы.
Қазір қоғамда балаларға қатысты зорлық-зомбылық фактілері жабулы қазан күйінде қалуы жиіледі. Әсіресе, ондай оқиғалардың ашық айыпталмауына байланысты ресми деректер мен көрсеткіштердің бұрмалануы әрі сәйкес келмеуі секілді мәселелердің бары жасырын емес. Мамандардың айтуынша, мұндай келеңсіздіктердің алдын ала бақылаудың бір жолы – мектептегі психолог мамандардың көмегіне жүгіну.
«Мектептегі тәрбие ісінің атқарар жұмысы – оқушы үшін маңызды. Мәселен, мектеп психологі үгіт-насихат жұмыстарынан бөлек оқушылармен топтық және ойын терапиясын жүргізу қажет. Сонда баланың жағдайынан хабардар болып отырамыз. Баланың бойында пайда болған біртүрлі әрекеттерді сынып жетекшісі көпшіліктің көзінше намысына тисе, баланың психологиялық жағдайы мен сабақ үлгерімі нашарлайды. Баланың құпия әрекеттерін ата-анасы, сынып жетекшісі, мектеп психологі бірлесу арқылы сүйемелдеуге болады. Мектепте оқушы өзін қауіпсіз, жайлы сезінгенде оның білім алуға құштарлығы артады. Баланың мөлдір бұлақтай болып жетілуіне әуелі мемлекет пен мектеп тікелей жауапты», дейді Б.Қанапияева.
Алайда қазір ауылдық жерлерде басқа саланың мамандары психологтың жұмысын істеп жататын жағдай жиі кездеседі. Мұндай жағдайда оқушылар арасында буллинг арқылы бірін-бірі қорқыту немесе суицидке итермелеу мәселесінде біліксіз психолог қандай кеңес бере алады деген сұрақтың туындауы заңды.
«Көптеген зорлық-зомбылыққа ұшыраған жәбірленуші жағдайды жасырын қалғанын қалайды, яғни өзі жаман атты болам деп қорқады. Мұндай кезде кәсіби психолог мамандардың көмегі қажет. Ал оны дайындайтын қазір қазақ тілінде жазылған ғылыми психологиялық-медициналық әдістемелік құралдар жоқтың қасы. Біздің оқып жүргеніміз – Батыс елдерінің орыс тілінен аударылған әдістері ғана. Әр елдің өзіне тән әдістемелік нұсқаулығы болуға тиіс. Әсіресе, клиникалық бағытта жазылған психологиялық еңбектер қажет», дейді сарапшы.
Сондай-ақ психолог мұндай қатыгездікті жою үшін ұлттық тәрбиенің маңызы зор екенін алға тартады.
«Қазақ халқының өзіне тән этнопсихологиясы бар. Туғаннан бастап, өмірден өткенге дейінгі әдет-ғұрыптары, салт-дәстүрі, жыр-дастандары – тұнып тұрған психологиялық тәрбие. Мұны білмей, тіпті Мағжан Жұмабайдың психология туралы еңбегін оқымай, психолог боламыз дейміз. Әйткенмен әр ел өзінің географиялық, психологиялық аймағына тән өмір сүреді. Қазір көбі медитация деп үндінің үнімен жанына шипа іздеп жүр. Алайда қазақтың домбырасынан өткен ем-дом бар ма? Қасиетті қобыздың үні адам жанына шипа болмаса, Қорқыт бабамыз түнектен жол табар ма еді?! Сол секілді арттерапия деп жүргеніміз – біздің ұлттық өнер мен ою-өрнектеріміз», дейді ол.
Сарапшының айтуынша, өркениетті елдерде әр отбасында өзінің жеке психологі бар. Мұның зорлық-зомбылықты азайтуға септігі болғанымен, ата-ананың тәрбиесі бәрібір биік тұрады.
«Бала дүниеге келгенде ең бірінші көретін адамы – анасы, одан кейін – әкесі. Көбінде бізде «бала бәрін ұмытып кетеді, ұра салдым, ештеңе етпейді» деп ойлайды. Ата-ана баласының алдында айна екенін ұмытпауға тиіс. Маған ата-аналар балам сөз тыңдамайды, сөйлей алмайды деп жиі шағымданады. Мұндайда ата-ананың өз психологиялық жай-күйі де балаға әсер ететінін ескермей жатады. Отбасындағы көңіл күй тікелей ата-ананың бір-біріне деген қарым-қатынасынан бастау алады, бала әкенің қолдауын сезінгенде ғана өзін қауіпсіз сезінеді», дейді Б.Қанапияева.
Қорыта айтқанда, анау керек, мынау керек, бәрі керек. Алайда сана өзгермей, құқықтық талап күшеймей түк шықпасы түсінікті. Мәселен, АҚШ-тың Миннесота штатында кез келген тұрмыстық зорлық-зомбылық, тіпті әлдебіреудің әрекеті жақпай қалып, жұдырықты бір жұмсап жіберсең де қылмыс саналады. Бірінші рет 90 күн, екінші рет 1 жыл қамауға алса, ал үшінші рет 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы бекітілген. Біздің заңның біраз елмен салыстырғанда солқылдақ тұсы көп. Осыған қатысты биылғы Президент Жолдауында балаларды қорғаудың маңызды міндеттерді айқындалып, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың кез келген түрі үшін жазаны қатаңдату мәселесі тапсырылды. Ендігі үміт – сонда. Әйтпесе, басқа, басқа емес, «дір-дір еткен, жасыл талдар, жас талдар» ерте көктемде қыршынынан қиылса, ол ертең мәуелі болып өсе ме?