Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Мәселен, алдағы үш жылда өңделген өнімнің үлесін 70 пайызға жеткізу үшін агрофирмаларды ынталандыру, жылыжай, тұқым, жеке қосалқы шаруашылықтардың жұмысын жандандыру керек. Дегенмен академик Тілектес Есполов атап өткендей, агрокешендегі жағымды жаңалықтарға, жақсы нәтижелерге қарамастан, ауыл шаруашылығын ішкі нарыққа бейімдеудің, шикізаттық емес секторды дамытудың түйткілді мәселелері жетерлік.
– Елімізде тауарлардың жекелеген түрлері мен материалдық-техникалық ресурстары импортқа тәуелді. Көкөніс, жеміс, ет және сүт өнімдерін шетелден аламыз. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің 60-70 пайызы шикізат түрінде экспортқа бағытталады. Ал елімізде өндірілетін өнімді өңдеу үлесі өте төмен. Өзімізде өндірілген азық-түліктің негізгі түрлері жергілікті тұтынушыға қолжетімсіз. Инновациялық үрдістерді өндіріске енгізу жағы да өте баяу. Көп жағдайда аграрлық сала инвесторлар үшін тартымсыз болатыны да сондықтан. Ғылыми-техникалық әзірлемелердің шамамен 8 пайызы ғана өндіріске еніп отыр. Ауыл тұрғындарының озық агротехнологияларға қолы жете бермейді. Осындай жайттардың салдарынан кейінгі отыз жылда дәнді-дақылдардың өнімділігі гектарына 10,6 центнерге дейін құлдырады, кейбір өңірлерде көрсеткіш бұдан да төмендеген. Қазіргі уақытта ірі қара мал саны 1991 жылғы деңгейден айтарлықтай азайды. Әрине, аталған проблемалар бірнеше фактордан туындағаны анық. Соның ішінде әсіресе агроғылымды ұйымдастыру мәселелері алдыңғы қатарда тұр. Оны шешу ең алдымен тиімді басқаруға байланысты, – дейді Тілектес Есполов.
Жеріміздің асты мен үсті қазынаға толы болса да, аймақтық ерекшеліктер қаперге алынбай келеді. Академик Ғани Қалиев осындай пікірді алға тартты. «Әлеуметтік-экономикалық жағдайына сәйкес, еліміз 9 шаруашылық аумаққа бөлінген. Осы аумақтарда ауыл шаруашылығын тиісті деңгейде дамыта алмай отырмыз. Бүгінде саланың материалдық-техникалық базасы жұпыны. Ауыл шаруашылығы техникаларының 85 пайызы тозған. Жайылымдардың 70 пайызында су жоқ. Осыған орай кезінде ғалымдардың баламалы энергия көздерін пайдалануға қатысты ұсыныстарына орай сынақ жұмыстары жүргізілген еді. Бұл шаруа да аяқсыз қалды. Қазіргі кезде шағын фермерлік шаруашылықтар негізінде кооперациялар құрып, білікті мамандармен қамтамасыз етуге мән беру қажет», деді Ғани Қалиев.
Өсімдік селекциясы, генетика ғылымдарының бастауында тұрған академик Рахым Оразалиев Қазақстан 1965-1992 жылдары Иран, Пәкістан, Үндістан, Тәжікстан елдеріне 6-7 млн тоннаға дейін астық экспорттаған ел екенін еске салды. Жаңа технологиялар ғасыры еліміздің осынау әлеуетін қалпына келтіріп, өңдеу өнеркәсібін дамытуға ықпал етуі керек. Өйткені ендігі жерде мұнаймен алысқа бара алмаймыз. Оның қоры да таусылуға таяу.
– Кезінде Ауыл шаруашылығы академиясы 40-тан астам шаруашылыққа ғылыми қолдау көрсете отырып, өнімділікті еселеп арттыруға ықпал еткені белгілі. Ізгі дәстүрді жалғастырып, шаруашылықтар мен агроғылымның арасын жалғайтын кез келді. Саны бар, сапасы жоқ ұсақ шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіру уақыт күттірмейтін іс. Шаруа қожалықтары бір ұжым болып біріксе, техника алуға да, инвестиция тартуға да мүмкіндігі молаяды. Ал жердің бабын ұжымдасып тапсақ, бір гектардан 30 центнерге дейін өнім алуға болады. Ол үшін инженерлік-техникалық қорымызды бүтіндеп, Корея, Жапония, Германия сияқты елдердің техникаларын пайдалану қажет. Бұған қоса басқару әдістерін жүйелеу өнімділікті арттырып қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге өндірілген өнімді экспорттауға да жол ашар еді, – дейді Рахым Оразалиев.
Статистикаға сүйенсек, еліміз биылғы жеті айда Өзбекстан, Иран, Тәжікстаннан 9 млн долларға жуық сомаға 43,5 мың тонна қарбыз мен қауын сатып алған. Ал елімізден шетелге жөнелтілген бақша дақылдарының жалпы сомасы 1 млн долларға да жетпейді. Егістік жері жоқ Түркіменстанның өзі бұл нарықта белсенді ойыншыға айналғалы қашан. Экономика институтының директоры, академик Әзімхан Сатыбалдиннің айтуынша, 2015 жылы ұн өндірісі бойынша әлемде бірінші орында тұрған Қазақстан қазір алғашқы ондыққа да кірмей қалды. Бүгінде Ресей шетелге 80-100 млн тонна, Украина 40 млн тонна астық экспорттайды. Импорттаушы елдер үшін Қазақстанның ұнынан гөрі астығын алған тиімді болып қалды.
– Ауыл шаруашылығын дамыту, аграрлық әлеуетті көтеру мемлекет үшін маңызды болып қала береді. Ол үшін аймақтық ерекшеліктерді назарға ала отырып, шаруашылықтарды кооперацияларға біріктіру, білікті мамандар даярлау ісіне жете көңіл бөлетін кез жетті. Өкінішке қарай кейбір институттарда білікті мамандар да қалмаған. Тіптен, екі маманмен ғана отырған институттар бар. Ал биылғы оқу жылында жоғары оқу орындарында докторантураға 1900-ге жуық орын берілген, алайда соның біршамасы игерілмеген. Бұл ретте аграрлық ғылым бойынша магистратураға бар-жоғы 50 шақты орын бөлінгені де қаперге алатын жайт, – дейді Әзімхан Сатыбалдин.
Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институты директорының орынбасары, академик Ғалиолла Мейірманның айтуынша, республика жұртшылығын азық-түлікпен тегіс әрі төмен бағада қамтамасыз ету мүмкіндігі бар. Ол үшін мемлекеттік бағдарламаларды төменнен бастап іске асыру керек. «Аймақтардың климаттық, ресурстық ерекшеліктерін назарға ала отырып, бағдарламалар өңірлердің әлеуетіне сай икемделуге тиіс. Білікті мамандар мәселесіне жете көңіл бөлумен қатар жергілікті жерлерде мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізу қажет. Шағын шаруашылықтарды кооперативтерге біріктіруге, ғылымды өндіріспен ұштастыруға, саладағы ашықтыққа мән берген жөн. Ғалымдар қашанда шаруашылықтарға қолдау көрсетуге, өнім сапасын арттыруға мүдделі», дейді ол.
Жаңа экономикалық саясат ғылымның әлеуетін көтеруді қажет етеді. Қазіргі кезде «жүйесіздік», «тұрақсыздық» деген ұғымдар көптеген бағдарламаның нәтижелі болуына кедергі келтіріп отыр. Германия, Нидерланд, Түркия елдерінің тәжірибесіне қанық биология ғылымдарының докторы, академик Аюп Ысқақов «Аталған мемлекеттерде басшылық ауысқанмен, бағдарламалар тұрақты жұмыс істей береді. Сондықтан елімізде іске асып жатқан бағдарламаларды өзгертуге мораторий жариялау қажет» деген ойын жеткізді.
– Ол үшін басқару жүйесін тұрақтандырып, жетілдіру маңызды. Ал ғылымда да, өндірісте де кездейсоқ мамандарға орын жоқ. Елімізде қазір адам ресурсы бойынша кері селекция жүріп жатыр. Сондай-ақ гранттық-конкурстық жүйе ауыл шаруашылығы үшін тиімсіз. Өйткені бір тұқым шығару үшін ғалымдар ондаған жылдар еңбектенеді, ал жобаны мерзіміне сәйкес үш жылда орындап шығу қажет. Осы орайда ғылым тарату жүйесіндегі кемшіліктердің алдын алып, ғылыми нәтижелердің өндіріске жетпей қалу себептерін анықтау қажет. Ғалымдардың мақсаты шаруашылықтарға қолдау көрсету болғандықтан, әрбір облыс аймақтық ерекшеліктеріне қарай ғылымға тапсырыс беріп отыруға тиіс. Қазіргі жағдайда елімізде тұқым сапасын көтеріп, өнімділікті арттыруға климаттық әрі экономикалық мүмкіндік жеткілікті. Сондықтан ауыл шаруашылығы дақылдарының сапасына, сортына көңіл бөле отырып, ғылымға жастарды тарту, оларды жаңа технологияларға баулу салаға тың серпін береді, – дейді Аюп Ысқақов.
Бүгінде импортқа тәуелді саланың бірі – тұқым шаруашылығы. Қазақ картоп және көкөніс шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының директоры, академик Теміржан Айтбаевтың айтуынша, қазіргі уақытта тұқымның 90 пайызы шетелден әкелінеді.
– Институт ғалымдары бәсекеге қабілетті сорттарды көбейту және енгізу, инновациялық технологиялар арқылы республиканың картоп, көкөніс және бақша шаруашылығының тұрақты дамуын ғылыми тұрғыдан қамтамасыз ете отырып, жаңа сорттарды сұрыптаумен айналысып келеді. Сондай-ақ климаттық жағдайларды, топырақ сапасын ескере отырып, зиянкестерге, ауруға төзімді сорттарды шығару ісі қолға алынған. Бұл өз кезегінде химиялық залалсыздандыруды қажет етпейтін, экологиялық таза өнімдер өндіруге мүмкіндік береді. Химиялық заласыздандырудың зияны көп. Мұндай тәсіл топырақтағы пайдалы ағзаларды өлтіріп, оның құнарлығына, биологиялық белсенділігіне кері әсерін тигізеді. Химиялық пестицидтер шет елдерден әкелінетіндіктен, олардың құны да жоғары. Бұл шаруашылықтар үшін экономикалық тұрғыда тиімсіз. Сондықтан ауруға төзімділікпен қатар еліміздің климаттық ерекшеліктеріне, яғни ыстыққа, құрғақшылыққа төзімді, бейімділігі жоғары, сапалы сорттар шығару институт мамандарының алдында тұрған міндет, – дейді академик.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик Болатхан Махатовтың пікірінше, қазіргі кезде жергілікті басқару жүйесіне жаңа мүмкіндіктер берілген. Бұл ауыл-аймақтардың дамуына айтарлықтай оң ықпалын тигізеді. Осы құзірет арқылы жергілікті жерде туындаған мәселелерді дер кезінде шешуге, мемлекет, шаруашылық және әлеуметтік-мәдени саланың ықпалдаса жұмыс істеуіне жол ашылады.
– Ел Президенті агрокешенді дамыту үшін өнімді шикізат түрінде сатуға шектеу қоя отырып, өңдеу көрсеткішін 70 пайызға жеткізу қажеттігін айтқаны белгілі. Бірақ ірі корпорациялардың көбі терең өңдеуге аса құлықты емес. Оларға өнімді шикізат түрінде өткізген тиімді. Сол себепті осы салада жұмыс істейтін кәсіпорындарды ынталандыру үшін салық жеңілдіктерін қарастырып, мал, өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мезгілге тәуелді болмауын қамтамасыз ету керек. Отандық және шетелдік компаниялармен бірлескен кооперациялар құру арқылы өнім сапасын халықаралық стандарттар деңгейіне жеткізу елімізде өндірілген өнімдерге деген сұранысты арттыра түсетіні сөзсіз. Қазіргі кезде аймақтарда өндірісті дамыту, терең өңдеуге мән беру маңызды. «Ғылым мен технологиялық саясат туралы» заңды толықтыра отырып, ғылымды қаржыландыру тетіктерін жетілдіру, геологиялық ізденіс жұмыстарын кеңейту, кен орындарын ашу, креативті индустрия мен IT технологияларды дамыту да – басты қажеттілік. Еліміздің географиялық жағдайын ескере отырып, көрші елдермен сауданы жетілдіру де – уақыт талабы. 2040 жылға қарай суға деген сұраныс 12-15 миллион текше метрге жетеді деген болжам бар. Сондықтан су реcурстарын тиімді пайдалану мен энергия тапшылығы мәселесін оңтайлы шешу үшін де ұзақ мерзімді сараптама жүргізіп, ғалымдар тарапынан нақты ұсыныстар жасалғаны абзал, – дейді Б.Махатов.
АЛМАТЫ