Тұлға • 18 Қыркүйек, 2023

«Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» кітабының таныстырылымы өтті

465 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бас редакторлар клубы мен ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің ұйымдастыруымен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ғылыми кітапханасында марқұм журналист-публицист, саясаттанушы, Бас редакторлар клубының бұрынғы президенті, «Құрмет» орденінің иегері Кенжеболат Жолдыбайдың «Әркімнің жолы – әртүрлі сапар»  атты кітабының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Әркімнің жолы – әртүрлі сапар» кітабының таныстырылымы өтті

Суреттерді түсірген Ерлан ОМАР

Аталған шараны университет проректоры Жанна Құрманғалиева құттықтау сөзімен ашып, үлкен іс-шаралар өткізіліп тұратын ЕҰУ елордадағы рухани орталық екенін айта келе, бүгін университетте ерекше шара өтіп жатқанын тілге тиек етті. 

«Кенжеболат Жолдыбай өмірбойы ішкі саясат саласында, ақпарат саласында қызмет етті. Кітапты шығарған ағамыздың отбасына университет атынан үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ағамыз адал азамат еді, сол кісі секілді адал азаматтар елімізде көп болсын», деді Жанна Дулатқызы.

Ерлан Омар

Кітаптың таныстырылымын ұйымдастыруға қолдау білдірген Бас редакторлар клубының президенті, Парламент Сенатының депутаты, Ұлттық Құрылтай төрағасының орынбасары, журналист Бибігүл Жексенбай: «Кенжеболат Махмұтұлымен 2014 жылдан бастап етене жұмыс істедік. Елімізде азаматтық институттың қалыптасуына К.Махмұтұлының зор ықпалы болды. Кез-келген қоғамның дамуына азаматтық қоғамның дамуы үлкен әсер етеді. Осы бағыттағы ең алғашқы қадамдар Бас редакторлар клубынан ерекше көріне бастады. Ол кісі редакторлар клубын басқарған кезеңде көптеген игі бастамаларды көтерді. БАҚ туралы заңдардағы өзгерістердің өмірге келуіне септігі тиіп, өткір пікірлер мен ойларды айта білді. Қоғамдағы өзекті мәселелерді клубтың атынан да, өзінің жеке атынан да еркін айтты. Орыс тілді аудиторияға да өз ойларын жеткізе алды. Халықаралық шараларды ұйымдастыруға белсене араласты, әртүрлі елшіліктермен жұмыс істеуге, конференциялардың ұйымдастырылуына атсалысты. Кітапта үлкен ойлар бар, журналистикада оқитын студенттерге зор мүмкіндіктер ашылады деп ойлаймын», деді.

Ерлан Омар

ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультетінің деканы, профессор, белгілі алаштанушы ғалым Қайрат Өмірбайұлы Бас редакторлар клубы мен ЕҰУ-нің журналистика және саясаттану факультеттері арасында тығыз байланысты алғаш орнатқан К.Махмұтұлы екенін атап өтті. «Ғылыми кітапханадан Ақселеу Сейдімбек залын қалап алдық, екеуі рухтас, бірін-бірі толықтыратын тұлғалар. Марқұм артына «Өлмейтұғын сөз қалдырды», деді алаштанушы ғалым.

Жиында Парламент Сенатының әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы, белгілі журналист, мемлекет және қоғам қайраткері Нұртөре Жүсіптің видео – лебізі тыңдалды.

«Әркімнің жолы – әртүрлі сапар»  кітабының таныстырылымына Кенжеболат Жолдыбайдың туған жері Ұлытау облысының әкімі арнайы хат жолдап, лебізін білдірді. Сонымен қатар Ұлытаудан журналист, «Ұлытау» телерадиокомпаниясының креативті директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Базаркүл Сейітжанқызы арнайы келіп қатысты.

Басқосуда экс-сенатор Мұхамбет Көпей, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов, ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директоры Дихан Қамзабекұлы, жазушы-драматург, қоғам қайраткері Жолтай Әлмашұлы, Парламенттің экс-депутаты Әкім Ысқақ, қоғам қайраткері, Ұлытау ауданының құрметті азаматы Серік Тілеубаев, дінтанушы Яхия қажы Исмаилов, «Казконтент» АҚ басқарушы директоры Махат Садық, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Бас редакторлар клубының мүшесі, ғалым Шахмаран Сейілов сөз сөйлеп, Кенжеболат Жолдыбайдың аталған кітабы туралы ойларын ортаға салды.

Ерлан Омар

К.Жолдыбайдың кітабының шығуына және оның таныстырылымының өтуіне себепші болған Кенжеболат Махмұтұлының жұбайы Төкен Қорғанбекова басқосуға қатысушыларға алғысын білдіріп, аталған кітапты музей, кітапханаларға тапсырғанын айтты.