Президент • 18 Қыркүйек, 2023

Президент Mastercard компаниясының атқарушы вице-президентін қабылдады

250 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Mastercard компаниясының атқарушы вице-президенті Никола Вилланы қабылдады, деп хабарлайды Egemen.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Президент Mastercard компаниясының атқарушы вице-президентін қабылдады

Фото: Ақорда

Кездесу барысында қаржы секторын, IT саласын дамыту, сондай-ақ шағын және орта бизнестің цифрлық құзыретін арттыру бағыттарындағы ынтымақтастық перспективалары талқыланды.

р

Президент Mastercard компаниясының ТМД-дағы, Орталық және Шығыс Еуропадағы консалтингтік бағытты дамыту үшін Алматы қаласын өңірлік хаб ретінде таңдау шешімін қолдады. Инновациялық төлем технологиясы саласындағы жаһандық көшбасшылардың бірі саналатын компания бүкіл Орталық Азия аймағы үшін банк секторындағы бизнес пен адами капиталды дамытуды жоспарлап отыр.

Никола Вилла Қазақстанның GovTech-шешімдерін шетелде, әсіресе дамушы және қалыптасушы нарықтарда ілгерілету жоспары туралы баяндады. Оның айтуынша, Қазақстанның цифрландыру, электронды үкіметті және қолма-қол төлемсіз экономиканы дамыту тәжірибесіне Mastercard филиалдары жұмыс істейтін басқа елдер ерекше қызығушылық танытып отыр.

Президентке Mastercard компаниясының Инклюзивті өсім қоры Қазақстанда Strive бағдарламасын іске қосатыны жөнінде мәлімет берілді. Аталған бағдарлама елімізде бизнесті цифрландыруға, 300 мыңнан астам шағын және орта бизнестің біліктілігін арттыруға көмек көрсетеді.