Астана қаласы прокуратурасының мәліметінше, «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ақшалай қаражатын иемденіп, оларды заңдастыруға қатысты іс бойынша кінәні мойындау туралы мәміле негізінде Қ.Боранбаев және басқа сотталушылармен процестік келісім жасалған. Заң бойынша мұндай келісім сотталушылардың өз еркі бойынша тағылған айыппен келісуі, дәлелдемелерге дау келтірмеуі, залалды мойындау жәбірленушінің келісімімен жасалады. Олардың кінәларын толық мойындауы және 14,5 млрд теңге залалды өтегенін ескеріп, қала прокуратурасы процестік келісім жасау туралы шешім қабылдады.
Келісімшарттарына сәйкес сотталушылар жасаған қылмыстарын мойындаумен қатар, мемлекеттік қызмет атқару құқығынан өмір бойына айыру жазасының тағайындалуымен келіскен. Процестік келісім қазіргі күні сотқа жолданды.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Қаржы мониторингі агенттігі Қайрат Боранбаевтың жалпы құны 90 млрд теңгеден асатын активтерді, оның ішінде, мұнай кен орнын, газ тарату компаниясын, сервис саласындағы кәсіпорынды, қонақүй және сауда-ойын-сауық кешендерін, фитнес орталықтар желісін, кеңсе үй-жайларын және басқа да активтерді мемлекет меншігіне ерікті түрде қайтарғанын хабарлаған еді. Сонымен қатар Қ.Боранбаев Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 30 млрд теңге аударды. «Осы объектілердің барлығы мемлекеттік органдар мен компаниялардың балансына беріледі. Ал ақшалай қаражат білім беру инфрақұрылымын дамыту үшін пайдаланылады», деп хабарлады Қаржы мониторингі агенттігі.
Елімізде заңсыз иемденілген активтерді мемлекет меншігіне қайтару жұмыстары кең көлемде жүргізіліп жатыр. Қайрат Боранбаевтың ісі – осы бағытта еңсерілген белестердің бірі. Одан бөлек, өзге де кішігірім қылмыстардың беті ашылып, заң жүзінде тиісті шешімдер қабылданып жатыр. Мәселен, Бас прокуратураның ресми өкілі Дархан Дүйсембай мәлім еткендей, Маңғыстау облысының прокурорлары құны 145 млн теңгеден асатын «Маңғыстау облыстық тері-венерологиялық диспансері» коммуналдық кәсіпорнын мемлекетке қайтарған. Бұған дейін кәсіпорын Үкіметтің Денсаулық сақтау нысандарын мемлекет иелігінен шығаруға салынған тыйымына қарамастан, кейіннен сатып алу құқығымен 5 жыл мерзімге «Қарақия оңалту орталығы» ЖШС-на сенімгерлік басқаруға берілген. Бүгінгі таңда сенімгерлік басқаруға беру шарты бұзылып, мүлік қайтадан мемлекет меншігіне өтті.
Бұдан басқа, елордалық прокуратура мемлекет гранттар түрінде бөлген ақшаны қайтару жөнінде шаралар қабылдады. Ғылым қоры 2017-2019 жылдар аралығында «Flow System» ЖШС-на ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға 259 млн теңге көлемінде грант берген. Алайда грант алушы Ғылым қоры алдындағы міндеттемелерін орындамай, жобаны іске асырмаған. Осыған байланысты прокуратура сотқа талап арыз енгізіп, нәтижесінде, сот жауапкерден мемлекет пайдасына 259 млн теңге өндірді.
Кейінгі жылдардағы саяси реформалардың нәтижесінде әділ қоғам орнатудың бір көрінісі – заңсыз иемденілген активтерді қайтару болса, екінші бір маңызды мәселе – бизнесті қорғау. Бұл жайында Мемлекет басшысы да жиі айтып келеді. Жуырда Ақмола облысының прокуроры Айдос Майлыбаев ірі кәсіп иелері және инвесторлармен кездесіп, кәсіпкерлерді қолдау және прокуратура органдары тарапынан сүйемелдеуді қажет ететін инвестициялық жобалар мәселесін талқылаған болатын. Ол абердин-ангус сиыр етін бордақылайтын кешен құрылысын салу жобасын жүзеге асыру кезінде облыс экономикасына 127 миллион еуродан аса инвестиция құюды жоспарлаған инвестордың қандай кедергіге тап болғанын хабарлады. Құрылыс бастауға қажет жер учаскелерін және рұқсат құжаттарын ала алмауынан, инвестициялық жобаны жүзеге асыру 3 жылға жуық созылып, тек прокуратураның араласуынан кейін ғана 2 айдың ішінде инвесторлар өз жұмысын бастаған. «Тапсырма бар, міндеттер қойылды, прокуратура тарапынан инвестициялық жобаларды сүйемелдеу жалғасады», деді облыс прокуроры.
Жиынға қатысқан инвесторлар бизнес-ахуалдың жақсарғанына тоқталды, дегенмен өңірдегі инвестициялық жобаларды қалыпты жүзеге асыруға кедергі келтіріп отырған бірқатар мәселені атап өтті. Кәсіпкерлік субъектілерін қылмыстық қудалау орбитасына тарту және Мемлекет басшысының биыл 12 қыркүйекте бизнес өкілдерімен өткен кеңесте айтқан «кінәсіздік презумпциясын» сақтау мәселелері талқыланды.
Бүгінде халық тарапынан айтылып жатқан наразылықтың бірі – коммуналдық шығын тарифтерінің жоғарылығы. Бірақ кейбір мекемелер бұл межені де азсынып, тарифті негізсіз түрде тағы көтеруге асық. Солардың бірі – «ЖамбылЖарықСауда-2030» ЖШС. Жамбыл облысының тұрғындарына электр энергиясын жеткізуді жүзеге асыратын қоғамдық маңызы бар нарық субъектісі өткен жылы 30 мамырда өз шығындарының орнын толтыру үшін қосымша 1 млрд 841 млн теңгені қосу қажеттілігін алға тартып, тарифті көтеру талабымен монополияға қарсы органға жүгінген. Монополияға қарсы орган серіктестіктің талабын қанағаттандырмай, тарифтің өсуіне жол бермеді.
Алайда Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты серіктестіктің талап қоюы бойынша реттеуші органның бас тартуын заңсыз деп таныған. Биыл 5 қыркүйекте облыс прокуратурасының өтініш хаты бойынша облыстық соттың әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы жоғарыда көрсетілген сот актісінің күшін жойды. Жоғары тұрған сот прокурордың электр энергиясына тарифті көтеру үшін заңды негіздердің жоқтығы туралы дәлелдері негізді деп таныды.
Осы орайда, ел үшін жағымды, жемқорлар үшін жағымсыз бір жаңалықпен бөлісе кетсек. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің хабарлауынша, алдағы уақытта жемқорлардың жалпыға қолжетімді тізімін жасау көзделіп отыр. Тізімдегі жемқорлық қылмысы үшін сотталған адамдардың барлық дерегін кез келген тұрғын көре алады.
Сондай-ақ қазіргі күні Парламент пара беру уәдесі мен ұсынысын қылмыс қатарына жатқызу мәселесін қарап жатыр. Бұл жерде параны нақты беру-алу емес, «беремін» деп келіскен адамды жауапқа тарту сөз болып отыр. Яғни алдағы уақытта параны бермесе де, соған оқталған адамның кінәсі нақтыланса, ол қылмыскер болып саналмақ.