Еліміздің ерлер арасындағы басты жұлдызы Елдос Сметов жарақатына байланысты Азиадаға қатыспайтын болды. Аса жеңіл салмақта даңқты дзюдошының орнын жастар арасындағы әлем чемпионы Мағжан Шамшадин басты. 66 кило салмақта Ғұсман Қырғызбаев татамиге шығады. Ол – 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. 73 кило салмақ дәрежесінде Данияр Шамшаевқа үміт артылып отыр. 22 жастағы қандасымыз былтыр Астанада өткен Азич чемпионатында бас жүлдені олжалады. Сол кезде төрт қарсыласын жолынан ығыстырып, алтын тұғырға көтерілу үшін Даниярға небәрі 149 секунд жеткілікті болған еді. Бұл жайында тек біз ғана емес, көптеген шетелдік басылымдар жарыса жазды. 81 кило салмақта Абылайхан Жұбаназар сайысқа түседі. 90 кило салмақта Дидар Хамза белдеседі. 2018 жылы Джакартада жалауы желбіреген Азия ойындарында түркістандық балуанның айды аспанға шығарып, жеңімпаз атанғаны жанкүйерлердің жадында. 100 кило салмақта Нұрлыхан Шархан және аса ауыр салмақта Ғалымжан Қырықбай ел намысын қорғайды.
Әйелдер арасындағы басты үмітіміз – 48 кило салмақта өнер көрсететін Әбиба Әбужақынова. Былтыр әлем чемпионатында қола медальді мойнына іліп, Азия біріншілігінде екі рет күміске қол созған бұрымдымыз Ханчжоуда да атой салады деп үміттенеміз. Өзге салмақ дәрежелерінде Ғалия Тынбаева (52 кило), Севара Нышанбаева (57 кило), Есмигүл Куюлова (63 кило), Анастасия Маякова (70 кило), Аруна Жангелдина (78 кило), Кәмила Берліқаш (+78 кило) күш сынасады.
Жазғы Азия ойындары тарихында Қазақстанның дзюдошылары барлығы 36 жүлде жеңіп алды. Оның 2-еуі алтын, 11-і күміс және 23-і қола. Нақтылап айтсақ, 1994 жылы Хиросимада Иван Каразелиди (66 кило) мен Сергей Әлімжанов (86 кило) күміс алса, Серік Әдіғанов (60 кило), Исмаил Вещагуров (71 кило) және Сергей Шәкімов (95 кило) қолаға қол жеткізді. 1998 жылы Бангкокте Иван Бағлаев (66 кило) пен Вавара Масягина (78 кило) екінші орынды иеленсе, Нұрбол Сүлейменов (60 кило) пен Руслан Сейілханов (81 кило) үшінші сатыға тұрақтады. 2002 жылы Пусанда Базарбек Доңбай (60 кило) финалда ұтылса, Шолпан Қалиева (52 кило), Асхат Житкеев (100 кило) және Вячеслав Бердута (+100 кило) үздік үштікті түйіндеді.
2006 жылы Дохада Қазақстан құрамасының мүшелері сегіз жүлде алып, жанкүйерлердің қошеметіне бөленді. Алмас Атаев (81 кило) пен Максим Раков (90 кило) күміспен күптелсе, Саламат Отарбаев (60 кило), Асхат Житкеев (100 кило мен абсолютті салмақ), Елдос Ықсанғалиев (+100 кило), Келбет Нұрғазина (48 кило) және Гүлжан Иссанова (абсолютті салмақ) қола медальді еншіледі. 2010 жылы Гуанчжоуда Ислам Бозбаев – екінші, Максим Раков (100 кило), Ғалия Ұлментаева (78 кило) және Гүлжан Иссанова (+78 кило) үшінші орынды иеленді.
2014 жылы Инчхонда дзюдодан Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы алтын медаль түсті. Оның иегері – 60 кило салмақта күрескен Елдос Сметов. Максим Раковтың да (100 кило) бас жүлдені олжалауға тамаша мүмкіндігі болды. Алайда ол шешуші тұста жеңіліп, күміс медальді қанағат тұтты. Еліміздің ерлер құрамасы да командалық жарыстың финалында ұтылып, дәл сол межеден көрінді. Азамат Мұқанов (66 кило), Ленария Меңғазова (52 кило) және Мариям Ордабаева (63 кило) қолаға қол созды. 2018 жылы Джакартада 81 кило салмақта күш сынасқан 21 жастағы Дидар Хамза Елдос Сметовтің ерлігін қайталап, Азия ойындарының жеңімпазы атанды. Аралас командалық жарыста жерлестеріміз күміс алса, Елдос Жұмаханов (66 кило), Отгонцэцег Галбадрах (48 кило) және Гүлжан Иссанова (+78 кило) қола медальді мойындарында жарқыратты.