«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 12, 45, 46-баптарына, 97-1-бабының 6-тармағына, 98-бабына сәйкес және «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің Саяси кеңесі Бюросының 2023 жылғы 18 қыркүйектегі № № 015PQ қаулысынан үзінді көшірмеге сәйкес Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы қаулы етті:
- Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутатының бос мандаты «AMANAT» партиясы» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Вера Александровна Кимге берілсін.
- Вера Александровна Ким Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып тіркелсін.
- Вера Александровна Кимге белгіленген үлгідегі тиісті куәлік пен омырауға тағатын белгі тапсырылсын.
Отырыс барысында ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңның 24-бабына сәйкес депутаттың өкілеттігі оны Орталық сайлау комиссиясы тіркеген кезден басталатынын хабарлады.
Нұрлан Әбдіров Вера Александровнаға белгіленген үлгідегі куәлік пен омырауға тағатын белгіні табыстап, оған депутаттық корпустағы жұмысына сәттілік тіледі.