Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2023

Серпіліске бастаған сенбілік

261 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісуда республикалық экологиялық акция және санитарлық тазалық, көркейту-көгалдандыру іс-шарасы аясында облыстың барлық аумағында сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілікке облыс бойынша 32 мыңға жуық адам қатысып, 883 шақырым автомобиль жолы, 383 шақырым арық желісі тазартылды. 352 арнайы техника тартылып, 1 802 тонна қоқыс шығарылды.

Серпіліске бастаған сенбілік

Сенбілікке облыс орталығындағы мекеме, кәсіпорын қызметкерлері мен еріктілер, қала тұрғындары белсене қатысып, туған қаласының көркейіп көгалдануы үшін бар үлесін қосуға тырысты. Әр ұжым өздеріне жүктелген аумақты күл-қоқыстан тазартты. Сон­дай-ақ әлеуметтік нысандардың аума­ғы, автомобиль жолдарының жа­ға­лауы тазаланып, көрікті орта қа­лып­тастыруға үлес қосты. Сенбілік бас­тал­мас бұрын ұйымдастырылған шағын жиында қала әкімі Ернат Бәзіл және өзге де экобелсенділер мен белсенді аза­маттар сенбіліктің маңызы мен мәнін көпшілікке жеткізді.

Қаладағы мемлекеттік мекемелер, қалалық мәслихат, кәсіпорындар мен өнер, мәдениет ұжымдарының өкілдері өздеріне белгілеп берілген аумақтағы күл-қоқысты тазалап, ша­шы­лып жатқан қатты қалдықтарды теріп, қураған шөп­терді жинап, тех­ни­каларға тиеп, белгіленген орынға төгуге жөнелтіп жатты. Қа­ра­тал өзенінің бойындағы орман алқа­бында өткен сенбілік «Жа­сыл ынтымақтастық», «Жетісу облысының Kaz Eco Patrol», «Алтын адам Жетісу шеберлер орталығы», «Жас ұлан» қо­­ғамдық бірлестіктері экобел­сен­ді­лерінің қатысуымен өтті. Бұл жерге Талдықорған қаласының әкімдігі, қала­лық тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лығы бөлімі, Жетісу облысының экология департаментінің қолдауымен 100-ден аса экоерікті жиналып, Қа­ра­тал өзенінің бойын қоқыстан тазалап шықты.

– Біздің ортақ мақсатымыз – қор­ша­ған ортаның ластану мәселесіне назар аудару, тұрғындардың, мемлекеттің қоқыспен күресу жөнін­дегі күш-жігерін біріктіру. Тұрғындар жазда өзен суына шомылады, мал жа­йылады, жануарлар су ішеді, ал өзеннің суын ластап жатқан қоқыстар оларға үлкен қауіп төндіреді. Сондай-ақ жыл са­йын «Қызыл тас» саяжайына келетін демалушылардың қатары көбейіп отыр. Ал жол бойында шашылып, тау-тау болып үйіліп жатқан қоқыстар олардың көңіл күйіне теріс әсер етеді. Сондықтан Қаратал өзенінің жағасын таза ұстау, полиэтилен пакеттер мен басқа да қоқыстарды жинау аса маңызды. Сенбілікте қоқыс тазалау­­мен қатар осындай маңызды мә­селені тұрғындардың есіне салуға ты­рыстық, – дейді «Алтын адам» Жеті­су шеберлері орталығы» ҚБ-ның ди­рек­то­ры Динара Бәкірова.

Біз ұрпақтарымыздың жарқын болашағы үшін туған өлкемізді таза ұстауға тиіспіз. Бұл мәселе облыста өткір қойыла бастады. Өйткені об­лыс­тың бүгінгі таңдағы әлеуетін туризм саласы еселей түсетіндіктен осы ба­ғыт­пен арнайы айналысуды мақсат еткен «Жасыл ниеттестік» қоғамдық бір­лес­тігінің өкілдері де сол жерден табылды.

– Облыста барлығы 332 туристік нысан бар. Оның басым бөлігі табиғи демалыс аймағы. Біздің жоба туристік аймақтарда экобелсенділер желісін қалыптастыруға және ішкі туризм саласына бағытталған. Сондықтан экологиялық белсенділік дағдысын қалыптастыруға қатысты іс-шараларға да атса­лысамыз, – дейді «Жасыл ниет­тестік» ҚБ жетекшісі Әлия Ахмедиева.

Аталған іс-шараға қаладағы І.Жан­сүгі­ров атындағы Жетісу универ­ситеті және колледж студенттері, ынталы мек­теп оқу­шы­ла­ры қатысты.

– Біз тазалықпен күнде айна­лы­самыз. Үйімізді жинаймыз, аула­мыз­­ды тазалаймыз. Әдемі болып жүр­­гіміз келеді. Бірақ жеке таза­лы­­­ғымызға көңіл бөліп, ауламызды таза ұстағанымызбен айнала­мыз­­дағы қоршаған орта қоқыс­қа толы болып жатса, оның еш­қан­дай да маңызы болмайды. Сон­дық­тан осындай экологиялық іс-шара­лар­­ға белсенді қатысамын, – дейді І.Жансүгіров атындағы Жетісу уни­вер­­­си­тетінің 1-курс студенті Аяжан Қабылмәжінова.

 

Жетісу облысы