Технология • 20 Қыркүйек, 2023

Өзекті киберқауіпсіздік

317 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Орталық Азиядағы киберқауіпсіздік бойынша «KazHackStan Turan» конференциясы өз мәресіне жетті. Ақпараттық және киберқауіпсіздік саласындағы өзекті мәселелер көтерілген алаңда 4 мыңға жуық сарапшы қатысты. Үш күнге созылған ауқымды іс-шараны Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті ұйымдастырды.

Өзекті киберқауіпсіздік

«KazHackStan» – тәжірибе алмасатын, ақпараттық және киберқауіп­сіздік саласындағы түйткілді мәселелер­ді талқылап, шешу жолдарын ұсына­тын алаң. Биыл конференцияның панель­дік сессияларына шетелден 30-дан ас­там спикер шақырылды. Олар кибер­қауіп­­терден қорғаудың заманауи жол­дары мен әдістерімен бөлісті. Алғаш­қы күні «Қазақстанда және өңірде кибер­­тұ­рақ­ты­лықты қамтамасыз ету» тақы­ры­бын­дағы пленарлық сессияда Ақпа­раттық қауіп­сіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбді­қалықов адами капиталды дамы­ту және мемлекеттік саясатты жетіл­діру, талаптарды бұзу­шыларға қатысты қабылданып жатқан іс-шаралар жөнінде ой қозғады.

«Биыл еліміздің киберқауіпсіздігін ны­ғай­туға бағытталған «Кибер­қал­қан-2.0» бағ­дар­ламасы іске қосылды. Біз 2025 жыл­ға қарай айтарлықтай нәтиже күтеміз: жаһанд­ық киберқауіпсіздік индексі: топ-20 елге кіру. 2025 жылға қарай біздің мақ­сатымыз – «Электрондық үкіметті» 100 пайыз қорғау. «Киберқалқан-2.0» бағ­дар­ламасы елімізді цифрлық әлемде қауіпсіз етуге кепілдік береді», деді комитет төрағасы.

Сондай-ақ конференция аясында «OSINT және Киберқауіпсіздік: цифрлық әлемдегі барлау және қорғау» тақырыбында өткен workshop-та Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының сарапшысы Виталий Перов сөз сөйледі. Оқытуға мемлекеттік органдар мен жеке сектордан 300-ден астам қызметкер қатысты. Олар ашық барлау көзі (OSINT) және киберқауіпсіздік әдістерімен танысты. Виталий Перов өзінің киберқауіпсіздік саласындағы тәжірибесін бөлісіп, желідегі компаниялар мен ұйымдар жиі бетпе-бет келетін қауіп-қатерлерді тізбектеді. Спикер кибершабуылдардың алдын алу үшін қандай қорғаныс шараларын қолдануға болатынын және оған қандай құралдар мен технологиялар көмектесе алатынын түсіндірді. Бұған қоса АКТ-ны қолдану арқылы қылмыстарды ашу бойынша «CyberPol»-мен бірлесе жүргізіліп жатқан жұмыстарын айтты.

Конференцияға қатысушылар да өздерінің жинаған білім-біліктерін, тәжі­ри­белерін және идеяларын ашық, белсенді түрде бөлісті. Кибер­қауіп­сіздікке қатысты оқыту мен дамытудың әртүрлі аспектісіне арналған сессиялар осы саладағы ең өзекті сын-қатерлер мен бастамаларды айқындады.