Отбасы • 20 Қыркүйек, 2023

Қара шаңырақ

197 рет
көрсетілді
29 мин
оқу үшін

2008 жылғы мамыр айының аяқ кезі. Облыстық «Сыр бойы» газетінің сол кездегі бас редакторы Серік Пірназар мен аудандық «Өскен өңір» басылымының қызметкері Нұрмахан Елтай үшеуміз ұзын көшені бойлай жүріп келеміз. Ойымыз – атақты диқанбаба Ыбырай Жақаевтың туған ұлы Сейітбек ақсақалға жолығып, сәлем беру. Әңгімелесу. Еңселі ақ үйге жақындағанымызда: «Қария осында тұрады», – деді қақпа шетіндегі шағын есікті аша берген Нұрмахан. Аулада бізді орта бойлы, ашаң жүзді қарт қарсы алды. Атақты адамның қара шаңырағын ұстап, даңғайыр диқанның үрім-бұтағына ес болып отырған Сейітбек ағамыз, міне, осы кісі екен.

Қара шаңырақ

Танысып, аман-саулық сұрас­қаннан кейінгі біздің тілші қауы­мы­ның тірлігі белгілі ғой. Ол – редакция тапсырмасына сәйкес кейіпкерімізді әңгімеге тарту. Сыр суыртпақтап, әртүрлі тақырыпта сөз қозғау. Байқаймыз, үй иесі сөзге онша жоқ сияқты. Қойылған сұраққа қысқа ғана жауап береді. Сөйтіп, әңгімені келте қайырады. Өстіп отырып: «Сыр өңіріндегі күріш егу үдерісі қашан, қалай басталған? Бұған байланысты Ыбекеңнің не деп айтқаны есіңізде жоқ па?» деген сауалдарға да жеткенбіз. Міне, сол кезде барып үй иесінің сөзіне жан кіре бастағандай болды. Сейітбек қарияның айтуынша, кейін осы аймақтың атын шығарып, оның еңбек адамдарына өлшеусіз атақ-абырой сыйлаған бұл дақыл мұндағы егін, бақша өнімдерімен қатар ертеден бері-ақ егіліп келген екен. Бірақ өте аз мөлшерде, әркімнің шама-шарқына қарай деген сөз ғой бұл. Ал оған байланысты бетбұрыс 30-жылдары басталып, бірден бел алыпты. Бұған себеп болған Ыбекеңнің әкесі Жақай ақсақалдың сөзі дейді көнекөздер. Қария сол кездегі кеңестік билік тәртібі бойынша өмірге келген қосшы, мойынсерік және артельдік шаруашылық тірлігіне сәт салып қарайды. Байқаса, оларға біріккен ауылдастарының қол жеткен жетістіктері мәз емес. Қанша тырбанса да өздері еккен бидай алқаптарынан алатындары әр гектардан 6-7 центнер өнім ғана. Ал Қиыр Шығыстан жер аударылып келіп, көрші елді мекенде күріш өсіріп жатқан корейлер ше? Олар дәл сондай жер мен телімнен 15-16 центнер дән жинауда. Осыны ой елегінен өткізген Жақай ақсақал: «Дәннің асылы – бидай. Оны не өсіреді? Қара топырақ, – дейді жерлестеріне. – Бірақ ол біздің Сыр өңірінде бар ма? Жоқ деуге болмас, өкінішке қарай аз. Сондықтан бидай мұндағы боз топыраққа тамыр жая алмауда. Ендеше, бізге тиімдісі күріш. Олай дейтінім, гектарынан 15 қаптан кем емес өнім алып жатқан қараңдар ана көршілерге. Демек, боз топырақ күріштің жаны екен. Сондықтан мына ойпаттардағы шеңгел алқаптарын тазартып, оған өзіміздің ақ маржан – қазақы салы егіңдер жарандар!»

Содан не керек, Жақай қарт­тың сөзіне құлақ асқан жұрт сол көктемде жаңа бір іске бел шешіп кіріседі. Одан жазға жалғас­қан еңбектерінің нәтижесін күзде кө­ріп, мәре-сәре болады. Ол бұрын ыңыршағы шығып жүрген елдің ішім-жемге кенеліп, тойынуы еді. Және өздерінен артылған өнімде­рін мемлекетке өткізіп, үсті-баста­рын бір киерлік киіммен бүтін­деуі болатын. Міне, кетпен шауып, орақ орған осы еңбек иелерінің қатарында Ыбекең де жүрген ғой. Жүргенде де құдайдың берген ерен күш-қайратымен сол кездің өзінде-ақ өзгелерден ерекшеленіп, жеке дара көріне білген.

– Әкей бірде бізге мұндай жетістікке еңбек, иә, тек қана тынымсыз жұмыс пен табанды іс-әрекетке толы қимылдың арқасында қол жеткізгенін айтқаны бар, – деді осы араға келгенде Сейітбек аға. – Сол кезде ол кісінің жасы қырыққа иек артып, өмірден мол тәжірибе жинап үлгерген шағы екен.

– Түсінікті. Ал атамыз, рекордқа қалай қол жеткізген? Бұл қашан болған оқиға? Мұны кешегінің адамдары біздер жақсы білеміз, әрине. Бірақ бүгінгі ұрпақ ше? Сауал сізге міне, сол үшін қойылып отыр.

– 1940 жылдың күзі болуы керек. Әкей еңбек ететін Қызылту ұжым­шарына Әнес Алтынбеков деген жас жігіт келеді. Мамандығы агроном ол күрішшілерге өз біл­генін үйретуге тырыспай ма? Сон­дықтан, мәселен, ескі егістік ал­қапқа айналсоқтай бермей, жаңа жер телімін алып, соны игеруге әре­кет жасауға ұмтылу. Өкінішке қарай, көп адам оның сөзін жүре тыңдап, айтқан ақыл-кеңестеріне онша мән бермейді. Сөйтіп, өзде­рінің бұрынғы: «Жер жыртып, тұ­қым септік. Оны суға бастырып, арам­шөбін отадық. Енді қалғанын бір құдайдан күттік», – деген қаза­қи жайбарақаттыққа салынады. Ал біздің әкей Әнестің әр нәрсені жан-тәнімен түсіндірген сөзіне зер салып қарайды. Ойлап көрсе... Мүлде бөлек тірлік. Өзге жұмыс тәсілі. Басқа тәжірибе. Содан не керек ол кісі жас маманның айтқанына құлақ асып көруге бел байлайды. Сөйтеді де: «Осыған сіз иелік етіңіз», деген түбекке көз салады. Байқаса, агроном жігіттің жер таңдауы дұрыс сияқты. Себебі ол ылғал көзі мол жиналатын әрі төңірекке су қашып, егіншіні әуре қылмайтын ойпатты алқап екен. Осыны көңілге түйген кәнігі диқан: «Жарайды», деп жаңа телімді мар-мар қамыс пен шатысқан шеңгелден тазартуға кіріседі. Арада 15 күндей уақыт өткенде, аталған түбекті қайта айналып келіп көрген Әнес әкейдің тап-тұйнақтай ісіне ерекше сүйсініп, керемет риза болады. Сөйтеді де келесі тапсырманы түсіндіруге кіріседі. Оның айтуынша мына телімді тазартып, тегістеген кезде жиналып қалған тау-тау шеңгел бұталары мен ағаш түбірлері және қоға, қамыс үйінділерін өртеп, күлін осы егістікке шашу керек. Содан соң қоңыр күздің қар түскенге дейінгі желсіз, жауынсыз тымық кезін пайдаланып, жақын маңдағы мал қораларынан қи тасу, оны да осы танапқа жаймалап төгу қажет. Олар алдағы қыстағы қар, көктемгі жаңбыр суымен жерге сіңіп, күріш егетін алқапты қоректендіреді. Топыраққа күш беріп, тыңайтады. «Апырай, ә? – дейді мына ақыл құлағына кірген әкей. – Бұрын қиды біз үй ауласындағы бақшаға ғана пайдаланушы едік. Сөйтсек ол егін алқабына да қажет дүние екен ғой. Іштей осылай деген диқан қырмандағы күзгі жұмыстан босаған қос өгізді екі арбаға жеке-жеке жегеді. Содан соң оның біреуінің бұйдасын бәйбішесі Бибіжарға ұстатып, екіншісін өзі жетекке алған күйі жақын жердегі мал қораларынан қи тасуға кіріседі.

Осылай деген Сейітбек аға та­мағын бір кенеп алып, әңгіме­сін әрі қарай жалғады. Үй иесінің сөзіне қарағанда, ауылдастары өз телімдеріндегі өткен күзден қалған шөп-шаламдарды енді тазартып жатқанда, Ыбекең жер жыртуға кіріседі. Олар соқа сала бастағанда, бұл кісі тұқым сеуіп болады. Ал жерлестері оған жұмылғанда, ди­қан өзіне тиісті күріштік алқа­бын­дағы текшелерді суға толтырумен айналысады. Содан он шақты күн өткенде... Иә, сол шамада Ыбе­кең­нің теліміне торғайлар келіп қап­тасын. Мұндайды көрмеген агроном Әнес шошып кетіп: «Бұл не?» – деп сұрамай ма диқаннан. «Ол құстардың нәпақасы», – деп жауап береді күріштік алқабының иесі. Сөйтеді де маманға себіл­ген тұқымның кей бөлігінің суға бөрт­пейінше төменге бірден шөге қой­майтынын, соның салдарынан жел тербеткен майда толқынмен та­нап жиегіне шығып қалған дәндер­ді құстардың теріп жеп кететінін айтады. «Мұны болдырмаудың қан­дай амалы бар? Сіз оны білесіз бе?» – деп агроном енді ол кісіден ақыл сұрайды. «Ертеде бізде лай омаш деген жұмыс тәсілі бар-тын, – дей­ді Ыбекең. – Бұл онша жуан емес, ұзынша түзу дөңбектің екі жақ ұшы­на айналмалы темір шығыр­шық орнатылған құрал еді. Оны күріш­тік алқабындағы судың ішімен өгіз­ге көлденеңінен сүйреткізе алып жүргенде біріншіден, танап лайланып, толқынмен бірге қалқыған тұқымды тереңге тартып әкететін. Екіншіден, егістік алқаптың кедір-бұдыр жерлері тегістеліп, содан бір айдан кейінгі күріш көшеттерін отырғызар кезде оған жайлы орын жасайтын». «Күріш көшеттері дейсіз бе? Айтыңызшы! Ол не?» – дейді бұрын естімеген бұл сөзге таңданған Әнес. «Көктемдегі суға бастырылған мына алқапта жаз шыға бере күріш өскіндері пайда болып, бой көтере бастайды. Байқап қараған жанға олар телімнің бір жерінде мол, екінші жерінде аз болып көзге шалынары анық. Егістіктегі ондай ала-құлалықты жою үшін диқандар күріш өскіндерінің тығыз өскен жеріндегі сабақтарды тамырымен суырып алып, ол көшеттерді әлгі алқаптың сирек өскен тұсына апарып отырғызады. Сонда план­тациядағы күріштік бірдей болып өсіп, бой көтереді. «Мына екі жұ­мыс әдісіңіздің екеуі де ғажап тәсіл екен, ағасы, – дейді жоғарыдағы әңгімені ден қойып тыңдаған агроном жігіт. – Білгеніңізді осылай ортаға салып айтып отырыңыз. Менің кітаптан оқығаным, сіздің өмірден көргеніңіз бар. Бірлесіп жұмыс істейік».

Содан не керек, бірін-бірі тың­дап, құптап әрі қостаған диқан мен агроном көктемді өткізіп, жазды қарсы алады. Күз жақындай бергенде дала шөбі қурап, төңіректің реңі солғындай бастамай ма?! Сол уақытта Қызылту ұжымшарындағы саркідір тартқан егінжай алқабының шет жағында керемет бір жасыл арал көз тартып, өзге телімдерден ерекшеленіп тұрады. Бұл бабы келісіп, енді бір айдан кейін гектарынан 40 центнер ақ маржан беруге дайын тұрған Ыбекеңнің күріш танабы еді. Ол кездері қолдары 22 центнерге әрең жетіп жүрген Сыр диқандары үшін бұл мүмкін емес­тей болып көрінген көрсеткіш-тін. Ал келесі 1942 жылы тынымсыз еңбек иесі жоғарыдағы межені 62-ге, 1943 жылы 91-ге жеткізеді. 1944 жылы рекордтарға жол-басы болып табылатын көрсеткіштердің салтанатты шеруі басталады. Ыбекең­нің бұл жылғы қол жеткізген ең­бек нәтижесі әр гектардан 156 центнерден алған өнім-тін. Одан кейінгі 1946 жылы – 160, 1947 жылы... На­ғыз рекордтың өзі өмірге келді! 172 центнер!!! Иә, кейін Ыбырай түбегі деп сүйіспеншілікпен ата­лып кеткен ондағы бес гектар күріш­тік алқабының әр гектарынан 172 центнер ақ маржан! Мұның бәрі даңғайыр диқанның өзі қайталап айта беретіндей: қай уақытта да тынбай алға ұмтылған тірліктің, ша­руашылық мамандарының за­ман талап еткен жаңалығын жү­зеге асыруға лайық жауап беруге ты­рысқан ізденісінің және жерді еміп өскен ата-баба дәстүрінен қал­ған халықтық тәжірибені өз кү­ріш плантациясына бірден емес, бір­тіндеп енгізген өмірлік тәжірибенің жемісі еді.

– Содан әкейдің өмір жолында мүлде бір жаңа, жарқын кезең басталды дейсіз, – деді сөзін әрі қа­рай жалғаған Сейітбек аға. – Оның басты-бастыларын атап айтар болсақ, ойымызға ең алды­мен мына жайт оралады. Ол 1947 жылы Швецияда өткен халық­ара­лық ауыл шаруашылығы көрме­сінде даңғайыр диқанның күріш дақылын өсіру бойынша жоғары­да сөз еткен жетістігінің әлемдік рекорд деп танылуы еді. Сол табысы үшін әкей айналасы үш жыл­дың ішінде Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, КСРО Мемлекеттік сыйлығының ­лауреаты атанды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңе­сіне депутаттыққа сайланып, Со­циалистік Еңбек Ерінің алғаш­қы Алтын Жұлдызын кеудесіне тақ­ты. Сондай-ақ халқымыздың атын әлемге паш еткен даңқ иесіне сә­лем береміз, жүздесіп, әңгімелесеміз деп атағынан ат үркетін небір аймаң­дай ағаларымыздың біздің ауылға топ-тобымен ат басын бұрғаны да міне, осы кез.

– Атап айтқанда...

– Бұған алғашқы кезекте Сә­бең, жазушы Сәбит Мұқановты айтуға болады. Ол кісі мен өмірге келген 1944 жылға дейін ата-бабамыз қоныстанған Қызылту ұжым­шарына екі рет келіпті. Сөйтіп, «Сыр­дария» романына материал жинау үшін әкейдің жанында үш айға жуық уақыт жүріпті. Алматыға қайта оралған соң «Социалистік Қазақстан» газетіне «Су атасы», «Ыбырайдың 18 өсиеті» атты екі мақала жариялап, содан соң ғана барып ойға алған шығармасын жазуға отырады. Сәбеңнен кейін біздің ауылға келген екінші бір үлкен адам ол – Әліби Жангелдин. Бұл шамасы 1950 жылы-ау деп ойлаймын қазір. Өйткені кеңестік Қазақстанның 30 жылдығы ма екен, әйтеуір бір даталы мерекеге байланысты: «Сізге награда тапсыруға келдік», – деп Сыр бойындағы түбекке тігілген киіз үйімізде екі күн қонақ болғаны есімде. Жанына сегіз-тоғыз жастағы баласын ертіп әкеліпті. Киіз үйдің не екенін білмеген ол сырттағы керегеге жармасып, одан уық үстіне өрмелегенде Әлекең: «Шаңырақты қиратасың», – деп баласын жерге әзер түсіріп алғаны бар.

Үй иесі осы сөздерді айтып отырғанда, есіме атақты диқанның халқымыз ерекше қадір тұтқан тағы бір ірі тұлғамен кездесуі есіме түсті. Ол – Дінмұхаммед Ахметұлы Қонаев еді. Бұл жүздесуді мен жазушы Оразбек Бодықовтың Ыбекең жөнінде 1980 жылы жазған «Өмір жолы» кітабынан білетінмін. Кейін оны үлкен кісінің өз аузынан да естудің сәті түсті. Оған себеп: 1992 жылы Димекең 80 жасқа толатын болды. Соған байланысты «Жас Алаш» газеті атынан интерьвю алуға барған мен әңгіме барысында төмендегідей сұрақ қойғаным бар. Ол: «Шопан ата Жазылбек Қуанышбаев, диқан баба Ыбырай Жақаев, қазақ ауыз әдебиетінің соңғы тұяғы Кенен Әзірбаев... Бұл кісілер жөнінде не айтасыз?» – деген сауал еді. Сонда: «1954 жыл­ғы жазда – деді Дінмұхаммед Ах­метұлы, – республика Ғылым ака­­демиясының президенті болып тұр­ғанымда, тың игеру науқанына бай­ланысты жер-жердегі ауыл ша­руашылығы озаттарының басын қосып кеңес өткіздім. Жиын аяқ­талғаннан кейін осы басқосуға қа­тысқан Ыбырай ақсақалды кө­ріп қалып, сәлем бердім. Ерте­сінде кабинетімде қабылдап, көп әңгімелестік. Сөз реті келіп қал­ған­да даңғайыр диқанға: «Қалай ойлайсыз, Жетісуда да күріш өсер ме еді?» – дедім. Сонда ол кісі: «Бұл өңірдің жері қара топырақты және тастақты ғой. Күрішке боз топырақ керек. Оған бір жараса, Іле бойы жарап қалар», – деді. Осы әңгімеден кейін біраз уақыт өткен соң, бұл 1962 жыл, Ыбекеңді Сыр бойынан арнайы шақыртып алып, Ауыл шаруашылығы министрі Хайдар Арыстанбеков үшеуміз Іленің арғы бетіне аттандық. Сондағы Ақдала алқабына келгенде атақты диқан: «Осы жер дұрыс-ау, шамасы», – деп қалды. Оны есте ұстаған біз 1965 жылы әлгі аймаққа жаңа ғана құрылып, жұмыс істей бастаған «Главриссовхозстрой» мамандарын жібердік. Зерттеу нәтижесі жаман болған жоқ. «Дұрыс», – деген жауап алдық олардан. Сол Ақдала 70-80-жылдары күміс күрішті бақ далаға айналды емес пе?!»

Қара шаңырақтағы дастарқан басында отырғандарға осы жайтты айтқанымда: «Иә, солай. Үлкен кісі кейін Қызылорда облысын арала­ған сапарларының бірінде мұнда әкей­ге амандасуға арнайы келген. Сон­да Алматы облысындағы Ақда­ла алқабын сөз ете отырып, диқан аталарыңызға рахмет айтқаны бар», деп риза кейіппен еске ал­ды Димекеңді Сейітбек аға. Осы кө­ңілді сәтті пайдаланған мен енді үй иесінен тағы бір жайтты сұрау­ға бекіндім. Ол жергілікті билік­тің соғыстан кейінгі кезеңде Ыбекең­ді қоярда қоймай ұжымшар бастығы етіп қойғаны жөніндегі әңгіме­нің анық-қанығын білу еді. Сөйтсем, рас екен. 1952 жы­лы аудандық партия комитетінің хатшысы Қаракөзов деген кісі диқанды өзі­не шақыртып алады. Сөйтеді де бұл қадірменді адамның соңғы жылдардағы қол жеткізген жетістіктері мен атақ-­даңқын санамалай келіп: «Сіз сияқты құрмет иесінің егіс­тік ал­қапта қара жұмыс істеп жүр­гені жа­распайды. Сондықтан кетпен шауып, су кешкенді қойыңыз. Ұжым­шар бастығы болыңыз», – дейді. Бұл ұсынысқа диқан шоршып түсіп: «Айналайын, менің жұмысым да, тынысым да дала. Мені одан айыра көрме», – деп аупартком хатшысының ұсынысынан ат тонын ала қашады. «Болмайды, Ыбеке. Сіздің ауылға басшы тұрақтамай-ақ қойды. Ол елге ақсақалдық ететін белді адам керек, – дейді әңгіме иесі. – Оған өзіңізден басқа ыңғайлы адам болмай тұр. «Ақсақалдықтың заманы адыра қалған жоқ па?..» Аузына келіп қалған осы сөзді айтуға бекінген әкей тамағын кеней береді де: «Қой, қалай болғанда бұл үкімет адамы ғой. Және аудан басшысы деген дардай аты бар. Олай демейін», дейді іштей. Сөйтеді де: «Қазір мен 20 гектар жерге күріш егіп, ел дәулетін еселеуге үлес қо­сып жүрмін, қарағым, – дейді Қара­көзовке. – Сол егістік алқабыма та­ғы 20 гектар қосып берші. Көр де тұр, айды аспанға шығармасам да көп жылғы тәжірибемнің арқасында ол телімнен де мол өнім аларым анық. Маған ұжымшар басқартқаннан гөрі аудан мен облысқа сол тиімді. Осылай етші, інім». «Жоқ, Ыбеке. Болмайды. Бюро солай ұйғарды».

«Жарайды, – дейді айтысуға сөз таба алмаған еңбек адамы. – Мені масқара қылатын болдың­дар. Амал не?». Диқанның бұлай деуін­де үлкен мән бар еді. Бірінші­ден, ол кісі сауатсыз-тын. Содан қат­ты жасқанатын. Екіншіден, өзі жетек­шілік етуге келген Қызылту ұжымшарының тірлігі оңып тұрған жоқ еді. Мұндай кезде көсемсіп, біл­гішсініп кететін арызқойлар мен қызыл­көздер ешкімге дауыс кө­термейтін момын, иі жұмсақ бұл кі­сіні қалай тыңдасын. Үшін­шіден, басшылық туралы әңгіме бас­талғанда да, одан ұжымшарды бас­қаруға келгенде де Ыбекеңде еш­қандай ынта болмады. Керісінше кең даланы сағынып, күріштік алқапты аңсады да тұрды. Кетпен ұстауды қойғалы бері арқасы құрысып, ыңқыл-сыңқылы да жиілеп кетті. Басқа диқандардың бұған таныс жұмыстарына еш алаңсыз барып, қайтып жүргенін көргенде, ішқұса күй кешетін болды. Сондай көңілсіз күндердің бірінде, бұл Ыбекеңнің ұжымшар төрағасы болғанына жарты жылға жуықтап қалған кез, Алматыда өтетін ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің жиынына қатысуға шақырылады. Басқосу аяқталған соң ол кісі Қы­зыл­ордадан өзімен бірге келген об­лыстық партия комитетінің хатшысына қарап: «Саған өтінішім бар, інім», – дейді. «Айтыңыз», – деп жауап береді серігі. «Орталық Комитетке барайық. Мені Жұме­кеңе жолықтыр қарағым». Хатшы жы­миып күлгендей болады. Бай­қайды, іші бірдеңені сезгендей ме, қалай?.. Бірақ тілін алып, Жұма­бай Шаяхметовке ертіп апарады. Атақты күрішшінің өтінішін асықпай тыңдаған республика басшысы Ыбекеңнің сөзіне сенеді. Сөйтеді де: «Диқанның 10 күн бастық болғанынан бір күн егін еккені тиімді емес пе?» деп ашуланады. Қызылордаға телефон соғып, жағдайды реттейді. Білетіндердің айтуынша, ұжымшар басшысы қызметінен осылай құтылып, ауы­лына келген диқан егістік алқа­бына барғанда: «Жарықтық ақ топы­рағым-ай!» деп бір уыс оны кеу­десіне басып, күріш плантациясымен жылап көріскендей болады.

– Тағы қандай сұрағың бар іні­шек, – деді жоғарыдағы әңгіме аяқ­тала бергенде маған барлай қараған үй иесі. – Қысылма. Айт. Бәрін бол­маса да білгенімді айтуға тырысайын.

– 2006 жылы, – дедім мы­на сөзге іле жауап қатқан мен. – «Ар­гу­мен­ты и факты» апталы­ғы­ның Қазақстан­ға арналған қо­сым­шасынан: «Атақты күрішші Ыбы­рай Жақаев Мәс­кеудегі  Бүкілодақтық Халық Ша­руа­­шылығы Жетістіктері көрмесі­­нің 1955 жылғы ашылу сал­­танатын­да лента қию құрметіне ие болған санаулы адамдардың бірі», – деген деректі көзім шалып қалып еді. Ол нысан 1939 жылы-ақ елге есігін айқара ашып, содан бастап жұ­мыс істеп келе жатқан жоқ па?! Ал «АиФ»-тағы 1955 жылы айтылған қай көрме?

– Ол былай, – деп сөзге аралас­ты дастарқан басында отырған «Сыр бойы» облыстық газетінің бас редакторы Серік Пірназар. – Иә, Бүкілодақтық Халық Шаруашылығы Жетістіктері көрмесі соғыстың алдында өмірге келгені рас. Бірақ КСРО Үкіметі оны уақыт талабына сай етіп қайта жасақтау үшін 1949 жылы жаңа шешім қабылдаған. Сөйткен де 1954 жылдың аяғына дейін ондағы жаңғырту жұмыстарын толық аяқтап бітірген. 1955 жылы оның ашылу салтанаты өткен. Бұ­ған мемлекет басшылары келіп, арнайы түрде қатысады. Содан кейін­гі кезек осы алып нысанның негіз­гі жаңалығы болып табылатын 15 одақтас республикалар кешені­нің тұсаукесеріне келмей ме? Міне, сонда Қазақ КСР-і павильоны­ның ашылу рәсімі лентасын қию құр­меті күріш өсіруден әлемдік рекорд иесі, Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлық­тың лауреаты Ыбырай Жақаев ата­мызға бұйырған.

...Әңгіме аяқталып, бәріміз сырт­қа шықтық. Ойымыз – Ыбырай Жа­қаев атындағы музейге кіріп, ондағы экспонаттармен танысу. Бұл үй 1979 жылы салыныпты. Ол диқан бабаның бұрынғы өзі тұрған мекенжайы екен. Бертініректе музейге айналған одан көп нәрсені көріп, біраз нәрсеге қанықтық деуімізге болады. Мәселен, өзіміз ара-тұра болса да газет-журнал беттерінен көріп қалатын шопан ата Жазылбек Қуанышбаев пен диқан баба Ыбырай Жақаевтың суретін алып қарайық. Даланың қос бәйтерегінің емен-жарқын әңгімелесіп отырған осы бір жарасымды көрінісін фотообъективке кім іліктірді екен деп ойлап қоятынбыз. Сөйтсек, оны ешқандай да атақты фотографтар емес, Шиелі өңірінің тумасы, мұндағы аудандық газетте 40 жыл­ға жуық жұмыс істеген Саидха­сан Хутаев деген аға әріптесіміз түсіріпті. Содан кейін музейдегі біздің назарымызды аударған экспонат ол Ыбекеңнің кетпені болды. Диқанның еңбек құралы ретіндегі өмірлік серігіне айналған оны асқан бір толқынысқа толы сезіммен қолға ұстағанымызда, салмақты дүние екенін байқадық. Болат деп әсірелеп айтпай-ақ қоялық, таза темірден жасалған оны саусақтарымыз­ды кере өлшегенімізде көлденеңі екі, тігі үш қарыс болды. (Кейін редакцияға оралып, жоғарыдағы өлшемдерді сызғыштағы цифр­лармен салыстырмаймыз ба?! Сөйт­сек, кетпен көлемінің ені 42, ұзындығы 63 сантиметр екен). Жә, мұражайда осы қасиетті жәді­герді ұстап тұрып экскурсоводтан: «Ыбекеңнің бұл кетпенін кім жасаған? Соны білесіздер ме?» – деп сұрауды да ұмытқанымыз жоқ. Бұған: «Сейтімхан ұста. Иә, Сейтімхан Сақов. Біздің өңірде ертеректе сондай бір керемет адам болыпты. Мұны жасаған сол ұста», – деп жауап берді ол.

...Музейден түс ауа шықтық. Содан соң да Сейітбек ағамен біраз әңгімелестік. Ондағы сөз арқауы қа­рияның өзі мен бала-шағасы туралы болды. Қара шаңырақ иесі­нің айтуына қарағанда, Ыбекең Бибі­жар апамыздан Ақылбек, Қалия, Сейітбек атты үш перзент көріпті, Ақылбек соғысқа аттанып, содан елге қайтпаған. 1944 жылы өмір­ге келген Сейітбек орта мектепті бі­тір­ген соң Алматыдағы ауыл ша­руа­шылығы институтына оқуға тү­седі. Диплом алған соң агроном ма­мандығы бойынша туған ауылында табан аудармай еңбек етеді. Көп жыл шаруа қожалығын басқарған да жайы бар. Зайыбы Жалғас жеңгей екеуі жеті перзенттің ата-ана­сы атанып, бәрін өсіріп жеткізеді. Үл­кені Сейілбек кезінде ауданның аумақтық басқармасында қызмет істеген. Ауған соғысының арда­ге­рі. Қыздары – Фатима кәсіпкер, Ботагөз медицина маманы. Бақыт – есепші. Аягөз – музейде экскурсовод. Меруерт – үй шаруасында. Ортаншы ұлы Мейірбек пен оның зайыбы Гүлнар да тындырымды еңбек иелері ретінде өз шаруаларын дөңгелетіп отыр.

P.S: Таяуда Шиелідегі әріптесім Нұрмахан Елтайға телефон соқтым. «Қария тың, бақуатты. Бала-шағасының ортасында қара шаңырақтың құты болып отыр», деді.

 

Жанболат АУПБАЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

 

Қызылорда облысы,

Шиелі кенті