Бұл атақты майдангер жазушы Әди Шәріповтің соғыстағы сом бейнесінің экрандағы көрінісі еді. Қиян-кескі шайқастардың ортасында жүріп, адамгершілік қасиеттерін соғыс қағидаларынан жоғары қойған, халқымызға тән мейірбандық пен қамқорлықтың үлгісі болған қазақ командирінің образын былтыр «1941 жылдың жазы» фильмінде рахаттана тамашалап едік. Енді сол қаһарман бейне шынайы өмірде алдымда отыр.
Теріскейдегі алып көршіміз – Ресей жұртына Азамат Нығмановты алабөтен таныстырудың қажеттілігі шамалы болғанымен, Қазақстан үшін ол – болашағы зор талантты актер. Ресейлік шоу-бизнес саласында, нақтырақ айтқанда, театр мен кино өнерінде майталман актер ретінде әбден танылған. Бүгінде Станиславский атындағы Мәскеу электр театрының актері ретінде еңбектеніп жүр. Түскен фильмдері мен сериалдарының ұзын саны 70-тен асады, басты рөлде ойнаған кейіпкерлері мен кинофестивальдерден алған жүлделері де аз емес. Ресейдің киноиндустриясын мойындатқан қазақ баласы қазір өз отанындағы театр мен кино саласын да қолдап отыр.
«Ассалаумағалейкүм!». Әуелі қос қолын кеудесіне апарып жылы жымиды да, күлімсіреген күйінде қол алыстық. Омбыда туып, орыс арасында өсті демесеңіз Азаматтың тілі алғаш қазақша шыққаны байқалады. Ақ жарқын, дарқан мінезді, жатырқаушылық жоқ. Бойында адамды ерекше тартып тұратын қасиет бар. Бірден шешіліп сөйлеп кетті.
– Омбыда қазақ отбасында дүниеге келдім. Шаңырағымыз ұлттық дәстүрлерімізге берік, ана тіліміз үй ішіндегілер үшін қасиетті саналатын. Актерлік өнерге келуге бала шағымнан-ақ алғышарттар мол болған екен. Үй үлкендерінің айтуынша, үш-төрт жасымда теледидардан концерт беріліп жатқанда сыпыртқыны гитара етіп, музыканттарды бейнелейді екенмін, – дейді ол күліп. – Үйдегілердің қошеметіне одан әрі масайрап, айдарымнан жел есетін.
Бұл ауылда, әжемнің 90 жылдық мерейтойында болған. Әкемнің айтуынша, сәби шағымда әжем көйлегінің етегіне салып, тербетіп, бесік жырын айтып отыратын көрінеді. Ал анам әнді сызылтып салады, өлең шығарады. Әкем жас шағында киномеханик болған, оның да бір шарапаты тиген болар. Шығармашылыққа деген ынтам 6-сыныпта байқалып, бірде мектептегі шағын қойылымда Марк Твеннің «Том Сойеріндегі» Томның нағашы апасының рөлін сәтті ойнадым. Әдебиет мұғалімі бұл ойынымды жоғары бағалап, күнделігіме бірден үш бестікті қойып берді. Ұстазымның ақылымен одан әрі театр үйірмесіне жазылып, арада көп уақыт өтпей әлгі қамқоршым лицейдегі драма театрына бар деді. Әлгі лицейде демалыс күндері кәдімгідей спектакльдер қойылып, билет сатылатын. Бірге оқыған қыз-жігіттердің көбі бүгінде Ресейге танымал өнер иелеріне айналды. Бірі әйгілі Вахтангов театрында режиссер, енді бірі «Сатирикон» мемлекеттік театрында еңбек етіп жатыр. Өзім ойнаған «28 панфиловшы» фильмінің режиссері де кезінде сонда білім алды. Актерлік жолым аса ауыр болды деп айта алмаймын. Дегенмен Мәскеуді «бағындыру» қиынға түсті.
Омбыда мектеп бітірген қазақ баласы Мәскеуге оқуға аттанды. Арманы – жоғары оқу орындарының біріне түсіп, өнер білгірлерінен дәріс алу еді. Ресей театр өнері институты мен Бүкілресейлік мемлекеттік кинематография институтындағы сынақтың алғашқы үш кезеңінен сүрінбей өтті. Алайда жалпы конкурстан өте алмады. Келесі жылы Мәскеуге қайта барып, Б.Щукин атындағы театр институтына құжат тапсырғанымен тағы да жолы болмады. Жаратқанның назары түскен болар, сол сәтте әлдебір педагог оған күзде ұлттық курсқа қабылдау жүргізіледі, сол уақытта кел деп ақылын айтады. Сөйтіп ол Щукин институтындағы Николай Сличенконың шеберханасына оқуға түсіп, 2009 жылы сәтті аяқтап шықты. Институтта жүргенде Ресейдің халық әртісі, белгілі театр режиссері Константин Райкинның назары қараторы бозбалаға ауып, Чехов атындағы Мәскеу көркем театрында «Прокляты и убиты» спектаклінде ойнау үшін режиссер А.Рыжаковқа ұсынады. Ондағы Талғат Харисовтың ролі үшін Азамат кейін Олег Табаков сыйлығын иеленді.
Жас актердің түр-келбетіне қарады ма екен, 2010 жылдан бастап кино түсірушілер оны соғыс тақырыбындағы картиналарға жиірек тарта бастағанын байқаймыз. Оның ішінде «28 панфиловшы» мен «1941 жылдың жазы» фильмдерінде ол қазақтың жауынгерлік рухын жоғары деңгейде таныта алғанына бәріміз куә болдық.
«Кино саласында «типажность» деген ұғым бар. Сіздің сыртқы кескін-келбетіңіз белгілі бір ақпаратты жеткізеді. Кино түсірушілер негізі жалқау халық. Олар өздерінің көзіне түскенді ғана алғанды ұнатады. Сенің бойында әбден пісіп жетіліп, қалыптасып тұрған, табиғат берген кескініңді пайдаланады. Яғни кино театрдағыдай емес, актерлік минимальді өнер жеткілікті. Ол – өмірге жақын образ. Мені көп режиссерлер соғыс тақырыбындағы фильмдерге жиі шақыруы, онда үнемі жағымды кейіпкерлерді ойнайтыным менің типажымды көрермен сол ауаннан көріп үйреніп қалғанында болып тұр. Әйтпегенде, жағымсыз кейіпкерлерді де сомдауға әлеуетім жетеді деп ойлаймын. Театрдағы образ сомдау мүлде басқа әлем. Ол жерде сен образ тудырушысың. Білмейтін соқпаққа түссең, кібіртіктеп, тайсақтайтының белгілі. Кинорежиссерлер де сол сияқты, тәуекелге барғысы жоқ. «1941 жылдың жазы» фильмі мен үшін актерлік шеберлігімдегі үлкен мектеп болды. Әди Шәріповтің рөліне бекітуге ықпал еткен майдангер жазушының жесірі Клара Жағыпарқызы еді. Әди Шәріпов тірісінде аты аңызға айналған атақты тұлға ғой. Алғаш фильмге кастинг жарияланып, іріктеу өткенде режиссерлік топ мені екінші басты рөлді ойнайды деп шешім қабылдаған екен. Бірақ Клара апай менің ойынымды көрді де: «Мына жігіттің келбеті Әдиіме келіңкіремесе де, ішкі жан дүниесі жолдасыма ұқсас. Осы азамат ойнасыншы» деген тілегін жеткізді. Осылайша, қазақтың батыр командирін сомдадым. Кейіпкерімді жаман ойнамаған тәріздімін. Әрі фильмнің негізгі тақырыбына соғыс емес, аласапыран уақытта адамдардың мейірбандығы, халықтар арасындағы достық арқау болғаны да қуантты. Себебі менің балалық шақтан бергі арман-ойым – жер бетіндегі зұлымдықтың жойылып, адамдар арасында мәңгілік достықтың орнауы» деп әңгімесін жалғастыра түсті актер.
Актердің өзі ойнаған кинематографиялық коллекциясы өте бай. Олардың негізгілерін атап өтсек:
«Однажды в провинции» (2008 жыл); «Тихая застава» (2011); «Служу Советскому Союзу» (2011); «Конвой» (2012); «Мотылки» (2013), «Истребители» (2013), «Обнимая небо» (2014), «28 панфиловшы» (2016), «Остров» (2016), «Пятница» (2016), «Живой» (2017), «Гражданский брак» (2017), «Золотая Орда» (2018), «Топор» (2018), «Чёрные бушлаты» (2018), «Адаптация-2» (2019), «Большой артист» (2019), «Чёрная лестница» (2019), «Сары мысық» (2020), «Перевал Дятлова» (2020), «Подольские курсанты» (2020), «Руммейт» (2020), «Стажеры» (2021), «1941 жылдың жазы» (2022).
«Тихая застава» картинасындағы шекарашы Азаматтың рөлін сомдаған актер өзі үшін бұл шығармашылық өсудің басы болғанын жеткізді. Кинодағы алғашқы нағыз актерлік рөлім де сол еді дейді. Кейін «Конвой» фильміндегі Артем Тугаевты бейнелегені үшін айтулы кинофестивальдердің, атап айтқанда Алматыдағы «Евразияда» және Сочидегі Кинотаврда «Ең үздік ер адам рөлі» номинацияларында жеңімпаз атанды.
Қазақстан киноиндустриясында ол алғаш рет Нариман Төребаевтың «Шытырман оқиға» туындысына түсті. Одан соң Әділхан Ержановтың «Сары мысық», «Штурм», «Мүйізтұмсық» және Бекболат Шекеровтің жоғарыда аталған «1941 жылдың жазында» ойнады. Ал жаңа маусымда отандық НТК арнасынан көрсетілуі жоспарланып отырған «Мошенники» сериалында аға тергеушінің рөлінде көре аламыз. Бұдан бөлек, Азамат биыл ресейлік «Саша против» сериалына түсіп те үлгерді. Сериалда ұлттар арасындағы қарым-қатынас көрініс табады. Ол өзін дубляждау өнерінде де сынап көріп, «Галактика сақшылары. 3-бөлім» фильмінде жауыз әрі бітіспес қарсыласты дыбыстады. Америкалық «Марвелдің» кинотуындысындағы бас кейіпкерді дубляждаудың бұйыруы актердің өз ортасындағы жоғары беделін аңғартса керек.
Азамат Нығмановтың соңғы екі жылда қазақ театрларымен байланыс орнатып, режиссерлік салада өз бағын сынай бастағаны да байқалады. 2021 жылы Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры оның тырнақалды режиссерлік туындысы – «Жұт» драмасын сахналап, бұл қойылым қазақ театрлары арасында жаңашылдығымен көзге түскені мәлім. Бұл жайында Азамат былай деп әңгімелейді:
«Театр басшысы Досхан Сәкенұлы актерлерге шеберлік сағатын өткізуді ұсынып, ойда жоқта «Жұттың» эпизодтарымен таныстым. Оның бір эпизодын жергілікті театрды құрған ардагер актерлерге көрсетіп едік, бірден толық спектакль керек деді. Мен үшін бұл әрі жағымды, әрі күтпеген ұсыныс болды. Мәскеуде 2011 жылдан жасөспірімдер театрына сабақ беріп жүрсем де кәсіби театрда режиссерлік етуге басында жүрексіндім. Тәуекел деп кірісіп, барлық актерлер құрамымен жұмыс істей бастадым. Сөйтіп премьераны сахнаға алып шықтық. Қойылым көрермендер үшін әсерлі шыққаны қуантты. Ақтөбеде, Астанада және Жезқазғанда өткен театрлар фестивальдерінде жүлде алды. Бұл мен үшін өмірімдегі тың соқпақ болды», дейді жас режиссер.
Ал биыл Азаматтың режиссерлік етуімен Қазақстанда екінші театр туындысы жарқ етті. Ол – Павлодардың Жүсіпбек Аймауытов атындағы өнер ордасында тұсауы кесілген Шәкәрім Құдайбердіұлының «Ұждан» әфсанасы. Шағын ғана әңгімеден туған бұл қойылымның түпкі идеясына Азамат бастапқыдан-ақ қызықтым дейді. Өнер ордасының басшылығынан ұсыныс түскенде ең әуелі материалды тыңғылықты қарап шығып, әңгіменің сахналық нұсқасын жасаған Нұркен Тұрлыбекпен, актерлермен ұзақ әңгімелесіпті. Негізі «Ұжданның» мағынасы өте терең, анау-мынау адам толық түсіне қоймайтын, жанры күрделі қойылым. «Әу бастан-ақ мұны шығармашылық ұжым арасында талқылап, әңгіме өрбіту керектігін түсіндім. Театр басшылығы қойылымды сахнаға алып шығу үшін барлық карт-бланшты қолыма бергеніне ризамын. Театрдағы актерлер арасында «этюд» деген ұғым қалыптасқан, ол театрлық шағын суреттеу дегенді білдіреді. Әңгіме желісімен түрлі тақырыпта пікір алмастық. «Ұждан деген не?», «Егер адамнан ұжданды айырып тастаса не болады?», «Қоғамның азғындану белгілері қандай?», «Қоғамға реттеуші күш міндетті түрде қажет пе?», «Адамды ішкі тәртібі ұстап тұра ма, әлде міндетті түрде сыртқы күш (мемлекет заңдары мен құқықтары) керек пе?». Біз осы философиялық сұрақтар аумағында этюдтерімізді әзірледік. Мысалы заң немесе тәртіп қағидалары осалдық жасаса, кейбір пенде үшін ол алға жылжуға мүмкіндік екен. Қойылым барысында үш жас жігіттің ортаға шығып, деградацияға ұшыраған қоғам мүшелерін сұрақпен арандататын сәті бар ғой. Бірде дайындық барысында қызық оқиға болды. Үзіліс уақытында үш жас актер маған жақындап: «Сізбен әңгіме бар, бұл жақта не істеп жүрсіз?», деп сұрақтың астына алды. Түрлеріне қарасам, бірдеңені бүлдіруге бекініп тұрғандай. Басында кәдімгідей тіксініп қалдым. Сөйтсем, ол жігіттердің актерлік ойыны екен. Артынан әлгі арандатушылық ойынды кәдімгідей этюдтің бір элементіне айналдырып, көрерменге бағыттап жіберудің орайы келді. Тағы бірде көрермен-қоғамның ашу-ызасын жеткізетін этюд іздедік. Актер арқылы қоғамның жанайқайын, яғни месседжін білдіру керек болды. Қоғам арасындағы іріткі салу, арандатушылықтың факторы көп. Былтыр Қазақстандағы «Қаңтар оқиғасында» көппен бірге дүкендердегі ұялы телефондарды тонап жүрген ерлі-зайыптылардың бейнежазбасын көргенмін. Олар үшін ұждан мәселесі шет қалып қойғаны өкінішті. Мұндай мәселе Ресейде де бар. Ұждан бұл адамдарға қалыпты өмірде «кедергі келтіріп» келсе, қаңтар оқиғасы бойда жатқан жағымсыз энергияны шығаруға жол ашты. Негізі ұждан – өте күрделі адами қасиет. Қазақ халқында ежелде өз алдына дала заңы болды. Бала кезімде Қазақстанмен шекарада туыстарым тұратын қазақ ауылына жиі баратынмын. Небәрі үш-ақ көшеден тұрады. Ауылға апаратын дені дұрыс жол жоқ, тұрғындары суды құдықтан ішетін. Сонда біреу басбұзарлық жасаса, оның мәселесін үлкендер өзара жиналып шешетін. Бұл – жергілікті халықтың ішкі қалыптасқан моралі-тұғын. Яғни адамдар қоғамдық ұжданға бағынып, одан аттап кетпеді. Осындай өмірлік оқиғалар «Ұжданды» сахнаға өзгеше бейнеде алып шығуға себепкер болды», деп өз ойымен бөлісті.
«Ұждан» діттеген мақсатына жетіп, биыл отандық режиссерлердің аузында жылдың үздік премьерасы аталып отыр. Күзде екі бірдей халықаралық театр фестиваліне шақырту алды. Соның бірі – Ресей астанасында өтетін «Подмосковные вечера» VII халықаралық театрлар фестивалі. Мұндай мәртебеге ие болу қойылымды дайындау барысындағы төгілген тердің текке кетпегенін дәлелдесе керек.
Азаматпен ұзақ әңгімелесудің орайы келмеді. Сөз соңында актер соғыс тақырыбындағы киноларға жиі түскенімен, көрермендерге соғысты дәріптеу ойында жоқ екенін тағы бір мәрте нықтап қойды. «Біз бейбіт заманда өмір сүріп жатырмыз. Кинодан көретін соғыс өмірі ол тек кинода ғана. Граната лақтырып, жауды демде қырып салып, экранның бергі жағында отырғандарға керемет қаһарман болып көрінуің мүмкін. Алайда ол көрініс шынайы өмір үшін жалған. Адамдардың бойында соғыс жақсы деген сезім қалыптаспауы керек. Мен Астафьевтің «Прокляты и убиты» пьесасында ойнадым. Сонда жазушы соғыстың адамзатқа әкелген сұмдығын қалай көріп, қабылдағанын жан-дүниеммен сезіндім. Соғыс – қорқыныш, айналаға үрей себеді. Бізді бала кезімізде «Ура, біз немістерді жеңдік, немістер жаман, біз жақсымыз», деген ұғыммен тәрбиеледі. Өсе келе мән-жайды түсіне бастадық. Сондықтан өз басым жер бетінде бейбітшіліктің мәңгі тамыр жайғанын қалаймын», деп әңгімесін түйіндеді ол.
Біздің дерек:
- Азамат Нығманов 1987 жылы 15 қазанда Ресейдің Омбы қаласында дүниеге келген.
- Б.Щукин атындағы театр институтын тәмамдады.
- Жалпы саны 70-тен астам фильм мен сериалдарға түсті.
- «Конвой» фильміндегі рөлі үшін 2012 жылы Алматыда өткен Халықаралық«Евразия» кинофестивалінде және ресейлік «Кинотаврда» «Ең үздік ер адам рөлі» номинацияларына ие болды
- Қазақстандық режиссерлердің 5 кинотуындысында және бірнеше сериалдарында басты рөлдерде ойнады.
- Оның режиссерлік етуімен еліміздегі қазақ театрларында «Жұт» және «Ұждан» қойылымдары сахналанды.
ПАВЛОДАР