Тұлға • 20 Қыркүйек, 2023

Қалам қуаты

343 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазақ әдебиеті десе, ең бірінші еске түсетін алыптар шоғыры бар. ХХ ғасырдың басында халқымыздың проза мен драматургиясын дамытып, биік белеске көтерген Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсіреповтей ұлы классиктердің көзін көріп, соңынан ерген үркердей топтың ішінде есім-сойы ерекше аталатын, талғамы биік туындыгердің бірі – Әкім Үртайұлы Тарази. Сол бір күрескер, кіл суреткер топ қазақ әдебиетінде «бес тапал» деген атаумен аңызға айналды. Олар – Сайын Мұратбеков, Қабдеш Жұмаділов, Қалихан Ысқақ, Рамазан Тоқтаров сынды классик жазушылар еді. Оның алғы шебінде талғамы таудай Тарази тұр.

Қалам қуаты

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Қазақстанның Еңбек Ері, Абай атындағы мемлекеттік сый­лықтың, Франц Кафка атын­дағы халықаралық әдеби сыйлығы­ның лауреаты, жазушы, драматург, киногер, аудармашы Әкім Тарази ағамыздың биыл 90 жас­қа толған мерейтойында Мемле­кет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Әкім Тарази – әдебиет әлемінде өте сирек кездесетін тұл­ға, қазақ әдебиетінде ерекше орын алған бірегей жазушы» деп, кезінде аңыз болған, бү­гінде абызға айналған жазушы жө­нінде ағынан ақтарылып еді. Әсіресе халқымыздың алмағайып тағдырын, қысылып шыққан қиын-қыстау кезең-нәубетін, сондай сұрқылтай заманда өзгеріске ұшыраған психологиялық болмысын шебер суреттеген қаламгер екенін баса атап өткен еді.

Абыздың биылғы айту­лы мерейтойы қарсаңында жа­рық көрген үлкен 12 томдық шығар­малар жинағы халық руханияты­на қосылған мол қазына, зор мұра деп білеміз. Соның ішінде «Тас­жарған», «Қорқау жұлдыз», «Жаза» қатарлы туындылары­ның бөгенайы бөлек, орны ерекше еке­ні сөзсіз. Тіпті кейінгі сексен­нің сеңгіріне шықса да, қаламын мүлде суытпаған жазушының «Андрей» және «Күлтәй жеңе­шем мен Александр Солжени­цын» деген эссе-хикаяттарын оқып естанды күй кешкеніміз бар. Бұл бір есепте ғасыр жасаған абыздың арылу-реквиемі деп те түсіндік. Қалай болғанда да, бұл екі эссе-хикаят – әдебиет қоржынына қосылған жаңа бір сүйекті шығарма, сүбелі олжа екені даусыз.

Әкім ағаның «Күлтәй жеңе­шем мен Александр Солжени­цын» атты эссе-хикаятында: «Аш­­тық, арамдық адамның тәнін өл­тіреді, бірақ аштық та, арамдық та адамның Рухын өлтіре алмайды» дейді. Бұл сөз – саптаяққа ас құйып, сабына қарауыл қойған, қиялды қысыратқан сонау зұлмат заманнан шыққан халқымыз­дың жігерін жанып, рухын асқақта­та түседі. Мемлекеттің іргесі осындай мерейі үстем, рухы биік тезис­термен бекісе керек. Сондық­тан да мұндай оптимистік ой қазір­гі қоғамның ауадай аңсап отыр­ған рухани қажетілігі екені рас.

Ал қалың оқырман қауым сү­йіп оқыған «Тасжарған» рома­нындағы Омардың образы әлі күн­ге санамызда сақталып, жа­ды­мызда жатталып қалды. Жа­зушы «Тасжарған» туындысы ар­қылы тұтас бір кезеңнің бе­де­рін, «советтік өмір» дейтін қа­тал жүйенің аярлығын аямай ашып көрсетеді. Сол секілді «Қор­қау жұлдыз» романындағы бас ке­йіпкер Сәлиманың тағдыры да тал­ғамы биік оқырманды бей-жай қалдырған емес. Терең ой­дың түбіне тартты. Жазушы Сәли­маның аузымен: «Әділдік не­ге әлсіз болуы керек? Қиянат неге құдыретті болуы керек?» деген сұрақ қояды. Мен көп жыл мемлекеттік қызметте жүріп, қо­лым қалт еткен сәттерде қадари-халімше оқуға құмар болдым. Әрине, бұл бір мен ғана деген сөз емес, біз мейілше кітап оқып өскен ұрпақпыз. Содан түйгенім: көркем шығарма – оқырманға ақыл айтпай, оған сұрақ қоя біл­се, яғни ойландыра алса ғана ол өміршең туынды деген ойға бекіп едім. Осы тұрғыдан алғанда, мен Сәлиманың сауалы талайды толғандырғанына күмәнім жоқ. Бұл, әрине, Әкім Тарази прозасы туралы бір ғана мысал.

Тарази туындыларының та­ғы бір ерекше тұсы – шығар­ма­да жылтыр сөзге сараң, ойы озық түсіп тұратыны. Әкім аға шығармалары бірден баурап әкетпейді, көбіне-көп басы кедір-бұдыр келеді. Жалынан сипатпайтын асау. Әйткенмен сәл шыдас берген оқырман мол олжаға кенелетіні бар. Өйткені Әкім ағаның шығармадағы саф ойы – теңіздің түбіне жасыр­ған асыл жауһар іспетті. Тереңде жатады. Ол оқырманға олжаны оңай бере салмайтын жазушы. Қай шығармасын алып қарасақ та, конфликт пен контрастқа бай. Ширыққан психологиялық тартыстар – құпия құбылысы мен бұрылысы мол адам жан дүниесі секілді немесе қоғамдық құндылықтар қайшылықтары тәрізді.

Әкім Таразидің драматурия­лық шебер­лігі тіпті де кесек. Әр жылдары театр сахнасынан түспеген пьесалары көрер­мен көңілінен шығып, көзайымына айналды. Кезінде Әкім ағаның драма­тур­гиялық әлеуеті туралы: «Асау Бөкей», «Жақсы кісі», «Күлмейтін комедия» – қазақ әдебиетіне, қазақ драматургия саласына қосылған классикалық үлгі. Бұлар – уақыт өтсе де, өзі­нің өзекті мән-мазмұнын жо­ғалтпайтын шы­ғармалар» деп бағалаған еді, бел­гілі театр сыншысы Әшірбек Сығай.

Әкім Таразидің драма­тур­гиялық қуаты тек театрда емес, жалпы, шығар­маларында бір­ден көзге түсетін феномен. Осы орайда мен оны Бернард Шоу мен Альбер Камюге көбірек ұқсатамын. Ол Шекспирден ке­йінгі ұлы драматургтер сияқ­ты қарапайым құн­дылықтар мен қағидаларға сүйене отырып шиеленіскен көр­кем ше­шімдерімен таңғалдыра білген драматург.

Әкім ағаның 1960-1980 жылдар ара­лығында қазақ киносы саласында бас редакторлықтан бастап, КСРО Кинематография одағының хатшысы қатарлы көптеген басшылық қызметте болып, қазақ киносын дамытуға өзгеше үлес қосқаны бүгінге дейін көз алдымызда. Кино саласында да қалдырған қолтаңбасы да бөлек. «Тұлпардың ізі», «Арман – атаман», «Қараш-Қараш оқиға­сы», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай» сынды туындылары қа­зақ кино­драмтургиясының алтын сандығына түскен өлшеусіз қазына.

Қазақ тарихы турасында ай­тыл­ғанда да, Әкім ағаның аты қа­лыс қалмайды. ХІХ ғасырда өмір сүрген орыстың атақты та­рихшы-ғалымы Никита Бичу­риннің «Орта Азияны мекендеген халықтардың көне заманғы тарихы» және «Мыңқолдың төрт ханы» деген екі үлкен тарихи ең­бегін аударғаны осының дәлелі. Тек осы екі кітаппен де қазақ мәдениеті тарихына елеулі еңбек сіңірген тұлға болып қала береді.

«Көк аспанда қырағы көз бар». Ұлы сөз. Бұл Әкім ағаның сөзі. Сол «қырағы көз» Әкім ағаға үнемі көз қырын сала жүргендей сезіледі. Осы күнге дейін талай белестен бір сүріндірмей, аман алып шыққан «қырағы көз» тек оң көзімен қарады десек, асылық айтқандық болмас. Әрине, Әкім аға туралы айтылар әңгіме көп. Әсіресе бізге үлгі болған – кесек тұлғалық тұрпаты, адами болмысы. Оның әлде біреуді атын атап, түсін түстеп орынсыз мақтағанын, оңдырмай даттағанын көрмедік. Ал қоғамдағы кейбір типтерді кейіпкер сомдау арқылы қатаң сынға алу – ол суреткердің мін­деті де шығар. Әйтпесе талай мү­йізі қарағайдай қаламгердің мүйіздесіп қалғанын көрсек те, Тарази туралы ондай тырс еткен бөтен-бастақ сөз болған емес. Байыпты, байсалды қалпынан бір танған жоқ. Бұл – Әкім ағаның кісілік келбетінің бір көрінісі. Талай ұрпаққа жететін Тарази қаламының қуаты, міне, осы.

 

Қырымбек Көшербаев,

мемлекет және қоғам қайраткері