Тарих • 20 Қыркүйек, 2023

Кенесары ханмен байланысты тарихи жерлер мен тың деректер

931 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Кенесарыны жауы да құрметтеген. Оның есімі және көтерілісі сол уақыттағы Ф.А.Брокгауз бен И.А.Ефронның «Энцикло­педиялық сөздігіне» (1895), «Үлкен Энциклопедияға» (1902), «Әскери энциклопедияға» (1913), т.б. еңбектерге енген. Жергілікті басқа ұлт өкілдері де оның есімін көпке дейін есте­рінен шығара алмаған. Мысалы, «Бурабай» туралы белгісіз ақынның («Сибирская Швейцария», 1915) өлеңінде:
«Где некогда «Отшельник» поселился
В землянке, у подножия горы,
И до сих пор вертеп зловещий сохранился
Разбойника Кенисары...» деп жырланады.

Кенесары ханмен байланысты тарихи жерлер мен тың деректер

Арада екі ғасырға жуық уақыт өтсе де, ел ішінде Кенесары хан және оның қолбасыларымен бай­ланысты ел әңгімелері және тарихи жерлер күні-бүгінге дейін сақталып келеді. Бірақ бұл мақа­лада тек Кенесары ханның же­ке басына ғана тоқталмақпыз. Кене­сарымен байланысты тарихи жерлердің ең көп сақталғаны Ұлытау-Торғай-Ырғыз аралығы. Бұл бір жағы түсінікті де, яғни аталған өлкелер көтерілістің не­гізгі ошағы әрі ұйытқысы болған жерлер. Бұл өлкелерде сақталған жерлер көбіне «Кенесарының қыстаған жері», «қорғаны», «қару соққан жері» деген тұрғыда келеді. Ал Кенесары ханның көтері­лісі басылғаннан кейін оның жауынгер серіктерінің елге ора­луымен Кенесарыға байланыс­ты тарихи әңгімелердің география­сы одан да әрі кеңейе түседі.

ХІХ ғасырда далада бой көтер­ген бекіністердің арасында тарихи қалпын сақтап қалғаны – Ақтау бекінісі. Мысалы, Ұлытау бекінісі ізсіз жойылып кетсе, Ырғыз бен Торғай тарихи қал­пын жоғалтып, үлкен елді ме­кендер­ге айналған (бұл үш бекі­ніс тікелей Кенесарының көтерілісін ауыздықтау үшін салын­ған). Ал Ақтау кейін босап қал­ғандықтан, уақыт өте келе тек ішкі құрылыстары және бекі­ніс қабырғасының жоғарғы бөлік­тері құлаған. Ұлытау облысына қарасты Жаңаарқа ауданы территориясында орналасқан бұл бекіністің жобасы қазір де жақсы сақталған

ваы

(1-фото: интернет ресурс = https://24.kz/media/k2).

Бұл бекініс Ақтау тауларының солтүстігінде орын тепсе, ал түс­тігінде Кенесарымен байланыс­ты тағы бір тарихи орын жатыр. Жергілікті халық бұл жерді «Қорған» деп атайды. Бұл жерде 1838 жылы Кенесары әскерлері бекініске шабуыл жасаудың айла-тәсілдерін меңгеріп, әскери оқу-жаттығу өткізген. Осы мақсатта олар адырлы жерлердің ішінен, қолайлы бір төбені таңдаған. Төбенің табиғи бітімі доға тәріз­ді иіліп, ортасы алаңқай болып келеді. Төбенің иіліп, бір-бірі­не жақын келген аралығын қол­дан топырақ үйіп бекітіп әрі қақ­па қалдырып (кірер ауыз), орлы бекініс кейпіне келтірген. Сонымен қатар төбенің үстін бойлай тастан (қарапайым болса да) қабырға көтерген. Бір сөзбен айтқанда, Кенесары бекініске жан-жақтан шабуыл жасаудың барлық мүмкіндігін қарастырған. «Бекіністің» жобасына қарап, Кенесары әскерлері екіге бөлі­ніп, бірі «қорғанушылар», екін­ші тобы «шабуылшылар» болып әскери ойын өткізген деп топ­шылауға болады. Әрі бұған жергілікті тұрғындардан естіген мәліметтер де куә болады. Зерт­теу­шілер Т.Аршабеков пен І.Іслә­мов «Ақтау бекінісіне» байланысты еңбектерінде [Ақтау бекінісі. – Қарағанды, 2007. – 29 б.] «қорғанға» байланысты осы негіздес деректер кел­ті­ре­ді. Олардың жазуынша «Ақ­мо­ла қаласының тұрғыны Әбіл­дә Жақыпұлы, Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының тұрғындары Қосан Ібірахымұлы, Бұралқы Сейтқазыұлы сияқты көнекөз қариялардан жазып алынған аңыз-естеліктер» бойынша бұл құрылыс әскери-жаттығу мақсатында салынған.

Бұл қорғанды 1838 жылы са­лынған деп жазып отырған себе­біміз, Кенесары Ақтау төңіре­гінде тек осы жылдары ғана пай­да болды. Әрі 1838 жылы Ке­не­са­ры Ақтау бекінісіне шабуыл жасап, ал Ақмола бекінісін басып алып, өртеп жібереді. Сондықтан «Қорғанды» Кенесары әскерлерінің осы бекіністерге шабуыл жасар алдында дайындықтан өткен жері деудің толық негізі бар. Ақмоланы Кенесарының басып алуы тарихи жазбаларда толық көрініс тапқан. Ал Ақтау бекінісіне жасалған шабуылы туралы дерек жоққа тән. Бірақ жеке-дара мәліметтерден Ақтауға шабуылдың орын алға­ны байқалады. Мысалы, Е.Бекма­ханов еңбегінде Ақтау бекінісінің коменданты Кастрюриннің «Өт­кен маусым айының 22 күні сағат жетілерде бүлікші сұлтан Кенесары Қасымұлы бастаған 2 мың­ға жуық қазақ бекініске ша­буыл жасады және олар шашырай шабуылдап, сағат ширегіндей уақыт өткенде бекіністі қоршады» деген мәліметін келтірген [Бек­ма­ханов Е. Қазақстан ХІХ ғасыр­дың 20-40-жылдарында. – Ал­маты, 1994. – 303 б.]. Соны­мен қатар Б.Нәсеновтің Омбы архивінен жинақтаған дерек­терінің ішінде Ақтау бекінісіне қатысты маңызды құжат бар. Онда 1847 жылы «Кенесарымен байланыста болған сұлтандар мен билер жөніндегі мәліметтер» турасындағы істе Қарқаралы және Баянауыл өңірінің бірқатар танымал адамдарының тізімдері берілген. Ішінде Мұса Шорманов та бар. Ең соңында бұл адамдар жөнінде «В 1838 г. находились с султаном Кенесарою при нападении на Актауское укрепление» (лист 20) деп жазылған [Нәсенов Б. Кенесары – дала маршалы. 10 т. 15-ші кітап. – Алматы-Ново­си­бирск, 2005. – 411 б.]. Кенесары туралы тарихи жырларда Ақтау басып алынған бекініс болып айтылады.

Осы Ақтау төңірегінде орна­лас­қан ел ішінде айтылатын мәлі­меттерде бекініске байланысты қызықты жайттар кездеседі. Со­ның бірі – әзіл түріндегі «Арал­байлар салып, Қарекелер ша­уып» деген ауыз-екі сөз. Бекініс­ті салған кезде жергілікті ха­лық та көмекке тартылса керек. Аралбай руының (арғын-қуан­дық) өкілдері бекіністі салуда жалға жұмыс істесе, ал қареке руының (арғын-қуандық) өкілдері Ақтауды шапқанда Кенесарының әскерлерінің ішінде болған. Сол себепті жоғарыдағы мәтел қалып­тасқан әрі сақталып қалған.

1838 жыл Кенесары үшін өте сәтті жылдардың бірі болды десек, қателеспеспіз. Өйткені бір жылдың ішінде қос бірдей әскери бекініске шабуыл жасау әрі біреуін басып алу (Ақтауды басып алғаны әзірге белгісіз) бұдан кейінгі жылдарда Кенесарының әскери іс-қимылдарында кездес­кен емес. Бұл сәттіліктің себе­бі, осы 1837-1838 жылдары Ақмо­ла мен Қарқаралы округі – қазақтарының жаппай түрде Кенесарының жағына шығып кетуінде жатыр. Мысалы, 1837 жылы Ақмола округіне қарасты мына болыстықтар Кенесарының қол астына өтіп кетті: алтай-байдалы, алеке-алтай, қойлыбай-шағыр, тінәлі-қарпық, төбет-темеш, малай-қалқаман, алшын-жағалбайлы және т.б. [Нацио­наль­но-освободительная борьба казахского народа под предводительством Кенесары Касымова (Сборник документов). – Алматы, 1996. 61-63 стр.].
Ал 1838 жылы Қарқаралы округі­не қарасты дүйсенбай-шақ­шақ, әлтөбет, қара-әйтімбет, қыр­ғыз, дадан-тобықты, төлеңгіт (тө­мен­де сөз болатын Дайрабай батыр осы рудың өкілі), керей, әлтеке-сарым, кәрсон-керней, қояншы-тағай болыстықтары қазақтары Кенесары қарамағына көшіп кетеді [Национально-освободительная борьба.., 71-73 стр.]. Назардан тыс қалып келе жатқан мәліметтердің бірі, осы атал­ған рулар Ортау – Қызыл­тау бойында (Ақтау бекінісі айма­ғы) Кенесарыны алғаш рет «хан көтерген» (1841 жылы Ұлы­тауда хан көтеруден бұрын). Бұл мәліметті зар-заман өкілі Шор­танбай жыраудың төмендегі өлең шумақтарынан аңғаруға болады:

«Ортауда Кенесары

хан көтерген,

Орта жүз соңына ерген

тым ертеден.

Бесата баласынан

Жанғұтты бар,

Бәйсейіт, Дүйсенбай

мен Есбай, Қара,

Бір қол болып көрінетін жеке дара» [Мәделі Жүсіпқожаұлы, Шортанбай Қанайұлы, т.б. Шы­ғар­малары. – Алматы, 2014. 115-б.]. Бұл деректерге қарағанда «Хан көтеру» оқиғасы 1838 жылдың жаз-күз айларында болуы керек. Бірақ бұл жылдардан кейін аталған болыстықтардың негізгі дені, әсіресе Қарқаралы округінің рулары (жекелеген өкілдері, шағын топтары болмаса) өз орындарына қайтып оралады. Бұдан кейінгі жылдарда Кенесары Орынбор мен Батыс Сібір губернаторлығының шектескен аймағында (Ұлытау-Торғай-Ырғыз) болып, кей жыл­дары қыстауға Сыр бойына қа­рай кетіп жүрді. Кене­сары хан қайтып бұл жақта белсен­ді әскери іс-қимылдар жасай қоймайды. Солтүстік Балқаш өңі­рінде (Ақтоғай, Шет, Қарқаралы аудандары) Кенесары ханға қа­ра­ғанда Саржанмен байланыс­ты мәліметтер, жер атаулары сақ­талған. «Саржан қашқан» деген жер, «Хан қашты» немесе Сар­жан­ның жергілікті бір батырмен кикілжіңі секілді оқиғалар елі ішінде әлі де кездесіп қалады әрі жергілікті баспасөз беттерінде, кітаптарда көрініс тапқан. Соны­мен бірге бұл өңірлерде көтеріліс басылғаннан кейін қайтып орал­ған Кенесарының серіктеріне байланысты тарихи әңгімелер өте жақсы сақталған. Олардың қатарында сұлтан Құдайменді Ғазин (Әлихан Бөкейханмен аталас туысы), Ағыбай, Дайрабай, Бабеке, Құлеке сынды Кене­сары­ның сенімді серіктері, бұлар­ды жасыруға тырысқан Нұрлан секілді ел адамдары, Құнанбай билігі, т.б. елге танымал тұлға­лар айтылады.

Кенесарымен байланысты дала төсінде сақталып келе жатқан тарихи жердің бірі – Торғайдағы Ақкөл-Жыланшық бойы. Ақ­көл төңірегіндегі жергілікті тұрғын­дар арасында (нақтылы бір орынды нұсқамағанымен) жалпылама түрде «Кенесарының қару соққан жері» деген әңгіме кең тараған. Сондай топшылама жердің бірі – «Қос қыздың моласы». Бұл тарихи ескерткіш үйінді болып жатқандықтан кейбір тұрғындар «Кенесарының қару соққан жері (зауыты) осы болу керек» деп өз ойларын білдіретін. Бірақ бұл қос ескерткіш, аты айтып тұрғандай, жерлеу құрылысы әрі Жошы ұлысы кезеңінен қалған көне жәдігерлер. Жергілікті тұрғындардың арасында кең тараған бұл мәліметтің жайдан-жай пайда болған қауесет сөз емес екенін тарихи деректерден байқаймыз. Мысалы, Е.Бек­махановтың еңбегінде: «Қазіргі кезде Кенесары: мендегі екі баш­құрт зеңбірек құюға кірісті деп қазақтардың арасына сөз тара­туда, екеуіне он қазақты көмек­ке беріп, оларды Ақкөл көлі жағасына жұмыс істеуге қалды­рыпты; пайдаланатын заттарынан тек көмір ғана белгілі, оларға сексеуіл ағашын күйдіріп дайындалған бірнеше арба көмір апарып беріпті» деген деректер бар [Бекмаханов., 199-б.].

2011 жылы Қарасу ауылы (Жан­келдин ауданы) жанында қазба жұмыстарын атқарып жатқа­нымызда, киікті қорғау жө­ніндегі жергілікті инспекция өкілдері бізге арнайы бір орын­ды апарып көрсетті. Бұл Ақкөлден 50-60 шақырым қа­шық­тықта, Қарақұмға сұғына орналасқан Кәдір деген жер болатын. Ен далада жерге жартылай көмулі түрде, күйдірілген қызыл кірпіштен қаланған пеш сақтаулы тұр. Сырт пішіні кірпіш күйдіретін пешті қайталайды (2-фото).

ап

Көрсетуші информаторлардан сұрағанымда, бұл маңда қызыл кірпіштен тұрғызылған мазар, кесененің жоқ екенін айтты. Бұл пеш жұмбақ күйінде қалды. Мүмкін ортасын (ішін) қазып көрсе, сұрағымызға жауап аларлық мәліметтер анықталар. Кенесарының қару соқтырған жерінің бірі емес пе екен деген күдігіміз де басым. Осы Торғай өңіріндегі Қошалақтың құмы – елдің айтуында Кенесарының бір қыс қыстаған жері.

Торғай өңірінде де Кенесары­ның батырлары Иман, Жәуке, Қошқар секілді ел адамдары жө­нінде деректер молынан кезде­седі. Жәуке батырдың ұрпақ­тары ХІХ ғасырдың аяғында оның атымен мешіт көтерген. Бұл мешіт әлі күнге өз кейпін жоғалтпаған. Кенесарының баласы Сыздық төре жөнінде деректер баршылық. Елдің айтуына қарағанда, Сыздық төре өмірінің соңына дейін Жыланшық бойына келіп-кетіп жүрген. Кенесарыға Торғай бойынан жергілікті төрелерден Қайып ханның ұр­пақтары қосылған. Елдің айтуын­ша, қырғыздан қайтпай қалған адамдардың ішінде Қайып ханның ұрпағының бірі – Басалқа сұлтан. Қайып хан ұрпақтары қыпшақ ішіндегі тоқпан руымен араласып кеткендіктен, ел бұларды «төре тоқпан» деп атап кеткен.

Ұлытау бойында да Кенесары туралы аңыз-әңгімелер жетерлік. Көбіне аға сұлтан болған Ерден Сандыбайұлымен байланысты келеді. Бағаналының төрт боса­ғасының бірі аталған Бабыр би де Кенесарыны соңына дейін жақтаған адам болып айтылады. Оның 9 ұлы осы Кенесарыға қосылған.

Жамбыл облысының Мойын­құм, Сарысу аудандары тұр­ғындарының арасында «Кенеса­рының туы тығылған жер» деген мәліметтер де кең тараған. Осын­дай бір Кенесарыдан қал­ған тудың бір жұрнағы Балқаш қаласының іргесіндегі Қоңырат елді мекеніндегі Мағзұм Хамитов деген қарияның қолында сақта­лып келе жатыр. Тудың тарихына келетін болсақ, Мағзұм қария­ның арғы бабасы Дайрабай Кенесары батырларының бірі болған. Руы төлеңгіт (таз-құсшы). Дайрабай Кенесарының төлеңгіттер жасағына қолбасылық еткен. Ту ұстаған, туы сары түсті. Бұл сары ту төлеңгіт жасағының белгісі болған. Кене­са­рының өз туы, Мағзұм қарияның естуінше, ақ түсті екен. Дайрабай батыр 1803 жылы туып, 1899 жылы, яғни 96 жасқа келіп дүние­ден озған кісі. Ол қайтыс болған соң, қазаға жиналған ағайыны туды «батырдан тәбәрік» қылып бөлісіп алған. Жарты метрге жуық кездеме өз ұрпағының қолында қалған екен. Тудың осы бөлігі ұрпақтан-ұрпаққа өтіп, бүгінге жетіп отыр. Тарихи мұраны қолында ұстап отырған Мағзұм қария Дайрабайдың шөпшегі болып келеді.

Тудың сақталып қалуы жө­нін­де қысқаша тоқтала кетсек. Мағзұм қарияның айтуынша, ата­жұрттары кезіндегі Семейге қарасты Шұбартау ауданы, № 3 ауыл (Төлеңгіт ауылы) болған. Ашаршылық жылдары тудың қалған бөлігін сақтау үшін Мағзұмның атасы Хамит (әкесі Бәкіш­тен қалған) Құранды осы тумен тыстап тастаған (3-фото).

вап

Елде ашаршылық басталып, қал­ған ел Балқаш елді мекеніне жетуге ұйғарады. Содан Төлеңгіт ауылы және басқа да рулар Балқашқа екі топ болып бөлініп аттанады. Бірі жазық даламен кетсе, екініші топ айналма болса да тау жағалап жүреді. Мағзұм қарияның аталары осы соңғы топта болады. Соңында тек осы тау сағалап (Қызыларай, Қаратал арқылы) жүрген топ қана аман-есен жетеді. Жазықпен кеткен топтың ешқайсысы келмейді. Дайрабайдың 41 шаңырағы бол­ған. Содан осы Балқашқа жет­кені 3 шаңырақ қана.

Тау сағалап келе жатқан топ­тың ішіндегі Хамит ақсақал Ақи­рек деген тауға келгенде қолын­дағы тумен тысталған Құранды және т.б. дүниелерін бір төбенің басына көміп, тұсына белгі қойып кетеді. Кейін, 1964 жылы Мағзұм әкесі Ақбар екеуі қайыра барып қазып алған. Содан бері қолын­да сақтап келеді. Тудың сақ­талу сапасы өте жақсы. Кейбір дым­қыл өткен жерлері аздап сортаң тартқан. Сөгілмегеніне қарағанда, матасы жібек тәрізді. Шеттері шашақталған.

Дайрабай батырға байла­ныс­ты Мағзұм қариядан жазып алынған бірнеше мәліметті берсек:

1) Әкелерімнен естігенім бойын­ша Дайрабай бабам Кенеса­рының қасында соңына дейін болған. Мың жігітімен қоршауда қалғанда, Кенесары Ағыбай бас­таған 500 жігітке қоршауды бұзып, жол ашуға бұйырады. Дайрабай да Наурызбай төремен осы топта болып, жауды жарып шыққан. Бірақ Наурызбай Кенесарының жаудың қолында қалғанын естіп, «сен тұрғанда Кенесарыны қырғыз өлтірмейді» деген Ағыбайдың ақылына қара­мастан, қайта ағасының қасына барған.

2) Кенесары Ағыбай және бас­қа да батырлармен Ақмоланы алған кезде, Дайрабай өз қолымен ханға бір орыс офицерін және Ахмет (төре) сұлтанды әкеліп тап­сырған. Кенесары Ахмет төре­­ні босатып жіберіпті. Бұл мәлі­­меттен Дайрабай батырдың Кене­сарыға көтерілістің алғашқы кезі­нен қосылғанын көруге болады. Ақмола бекінісі жоғарыда жаз­ғанымыздай, 1838 жылы алынған.

3) Дайрабай үнемі ханның маңайында болып, қызмет қылған. Төлеңгіттерінің басшысы болған. Көбіне ханның жеке тапсырмаларын орындаған. Елден салық жинаған. Барымталарға барған.

4) Кенесары Кіші жүзде бір сәуе­­гей қария бар дегенді естіп, жа­нына Ағыбайды қосып, Наурыз­байды аттандыратын оқиға бар емес пе! – Информатор бұл жерде қарт абыз бен жас Наурызбайдың оқиғасын сөз етіп отыр. Бұл аңыз бойынша «Абыз: «Е, Наурызбай, менің жасым 120-ға келіп отыр. Осы жастың ішінде сенен артық ер көрмедім. Үш нәрсенің сырттаны бар еді: иттің, қасқырдың, жігіттің. Сен жігіттің сырттаны екенсің. Бірақ адам баласына мейірімің жоқ екен, бағың маңдайыңда ғана екен. Ғұмырың қысқа 20–25-тен аспассың, дүниеде арманда қалма» деген. – Сол оқиғаның ішінде Дайрабай да болған. Дайрабай 40 жігітін қасына ертіп, Наурызбай мен Ағыбайға қосшы болып барған. Сол сапарда сәуегей қария Дайрабайдың да өмірін болжап, ұзақ жасайтынын айтыпты.

5) Төлеңгіттер туралы. Төлең­гіт­тер негізі 6 атадан (қазақ, қыр­ғыз, қалмақ, өзбек, қарақалпақ, ұйғыр) құралған. Кейін ұлғая келе «12 ата төлеңгіт» аталған. Олар: таз-құсшы, мамадайыр-мамашық, дөйіт-қыпшақ, сарытабан-оңа­жыт, топан-боран, қонай-қа­най. Төлеңгіттің ұраны «Орақ», таң­басы «шалғы» секілді келеді. Шұ­бартаудағы төлеңгіттерді «Жана­­зар­дың туына, Өмірзақтың құ­­тына жиналған ел» деп айтады. Жаназар батыр, Өмірзақ бай болған адам.

Жалпы, бұл мақалада ел ішін­де Кенесары және оның жауынгер серіктерімен байланысты ел ішінде сақталып келе жатқан тарихи әңгімелер мен тарихи жерлерді көпшілік оқырман қауымға жет­кізуді мақсат тұттық. Сөз соңын­да Кенесарының бассүйегі туралы бір-екі ауыз тоқталсақ. Кейінгі кезде зерттеушілер арасында Кенесарының бассүйегі Омбы қаласынан асқан жоқ деген ойлар айтылып жүр. Осы соңғы тұжырымның жаны бар секілді. 1906 жылы М.А.Терентьевтің «История завоевания Средней Азии» атты монографиясы жарық­қа шыққан. Осы еңбекте орыс ғалымы Кенесары көтерілісі туралы сөз қозғап, соңында: «И здесь в одном из ущелий потерпел поражение и был убит вместе теленгутами (телохранители, палачи) и 3.000 войска. Череп его доставлен был к кн. Горчакову и хранится при деле «о бунте Кениссары» деп жазады [Терентьев, с.204]. Бұл деректен Кенесарының басы ХХ ғасырдың бас кезіне дейін Омбыда болғанын аңғарамыз. Бұл өзекті де шетін мәселенің шешілетін күні алыс емес деп ойлаймыз. Қалай дегенде де ғылыми ізденіс пен сараптама бірінші орында тұруға тиіс.

 

Орынбай ОШАНОВ,

Ә.Х.Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкері