Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»
«Ескі рецепттер» енді жұмыс істемейді...
Сол себепті әлемдік экономика нарықтың индикаторына айналатын қозғаушы күшке «экономиканың досы» деп баға беріп, оны өз елдерінің мүмкіндіктеріне қарай бейімдей бастады. Әзірге ықылас креативті экономика- инновация мен ақпараттық технологияға ауып тұр. Әлемдік тренд алдағы бесжылдықтарда экономикалық өсімге жол ашатын, басқаша айтқанда, экономиканың негізгі «досына» айналатын тренд-бағыттар осы болуы мүмкін екенін айтады.
Экономикадағы инновация ұғымын 1911 жылы АҚШ экономисі Джозеф Шумпетер айналымға енгізіпті. Ол өзінің «Экономикалық даму теориясы» кітабында өсу мен экономикалық даму арасындағы айырмашылықтарды енгізді, әртүрлі типтегі инновациялардың мәнін анықтап, жіктеп шықты. Шумпетер өсу мен даму арасындағы айырмашылықты былай түсіндірді: «Теміржол болмаса миллион вагоныңыздың өзі тек темір-терсек қана». ІТ-технологиялар жаңа экономикалық құрылымның өзегі болып қана қоймай, бәсекеге қабілетті дербес салаға айналуға тиіс. Біздің алдымызда стратегиялық маңызды міндет тұр – Қазақстанды IT-елге айналдыру. Бұған қазірдің өзінде негіз бар. Қазақстан электрондық үкімет пен финтех даму индексі бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында. Отандық IT саласының көлемі 2022 жылы 5 есе өсті, ал биылғы жылдың соңына қарай ол 500 миллион долларға жетуі мүмкін. Үкіметтің мақсаты – 2026 жылға қарай IT қызметтерінің экспортын 1 миллиард долларға дейін жеткізу.
Бұған ірі шетелдік IT-компаниялармен бірлескен кәсіпорындар ашу септігін тигізеді. Жасанды интеллектті дамыту саласында жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнатып, мамандарды даярлауға көңіл бөлу қажет. Кем дегенде 3 беделді университет осы салада оқыту және зерттеу жұмыстарын жүргізуі керек. Біздің еліміз жаһандық ойыншыларға есептеу қуатын сататын платформа бола алады. Сондықтан ірі дата орталықтарының құрылысына инвестиция тарту үшін барынша тартымды жағдайлар жасау қажет.
Сарапшы Тоғжан Қожалының айуынша, біздің елдегі адам капиталының мүмкіндігі экономиканы «өкпелетіп» алатын деңгейде емес. Қазақстаннан шыққан IT мамандары, солардың өнімдері әлемнің барлық елінде сұранысқа ие. Банк саласының ақпараттық технологиямен интеграциялануы бойынша – Орталық Азияда көш басындамыз. «Бірақ оларды сынақтан өткеру, айналымға енгізетін ортаның мүмкіндігі шектеулі. Сондықтан балаларымыз қыр асып кетіп жатыр. Мемлекет басшысы Қасым-ЖомартТоқаев ақпаратты технология өнімдерінің экспорты көлемін арттыру туралы тапсырма берді. Егер осы міндетті орындасақ, елде IT база қалыптастыруға мүмкіндік береді», дейді Т. Қожалы.
Осы ретте Т. Қожалы біздің жағдайымызда экономиканың «досын» анықтамас бұрын оны халықтан алыстатып тұрған факторлардың басын ашып алу қажеттігін айтады. Қолданыстағы жүйе негізінен «бәрі достар үшін, қалғаны заң бойынша» қағидасына ыңғайластырылып тек ірі құрылымдарға қызмет көрсетуге бағытталғаны осыған дейін де ашық айтылды. Іс жүзінде бұл жүйе экономикадағы олигополияны одан әрі күшейтті, бәсекелестікті тұншықтырды.
Квази сектор – мемлекет ішіндегі «мемлекет» пе?
«Осы жүйенің кері зардабы дамуға кедергі. Қазір республикадағы ең төменгі жалақы 70 мың теңгені құрайды. Президент келесі жылдың қаңтарынан оның мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді тапсырды. Мемлекет басшысына «85 мың теңгеге өмір сүруге болады» деген мәліметті дайындаған тұлғалардың басында не барын білмеймін. Бірақ күні кеше ғана Мәжіліс депутаты Ринат Зайытов «85 мың теңге өмір сүруге жетеді» деген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрін орнына қойды. Бұл жерде халықтың назары Қазақстандағы ең жоғарғы жалақы мен ең төменгі жалақының арасындағы айырмашылыққа ауып кетіп тұр. Кейбір компания басшыларының айлық жалақыға деген тәбетін тежей алмайтын дәрменсіздігімізге назар аударып отыр. Қазір халық пен билікті бір-бірінен алыстатып отырған фактордың бірегейі – осы. 500-700 млн теңге бонус алатындар ортамызда жүргенде әлеуметтік теңдік немесе бәсекелестік жайлы айту, тіптен күлкілі. Квази сектордағы қызметкерлер санын қысқарту немесе ұлттық компаниялардың ішкі-сыртқы шығынын үнемдеу арқылы да бюджеттің шығыс бөлігін қысқартуға болады», дейді сарапшы.
Мемлекет басшысы Жолдауында айтылған мақсаттардың тереңдігі мен ауқымдылығы бір емес, бірнеше бесжылдықтың «шекпеніне» сыймайтынын байқап қалдық.
Экономикалық даму парадигмасы бәсекелестік, содан кейін өзге елдерден ерекшелендіріп тұратын артықшылықтарымызды тиімді пайдалану болып қала береді. Алда талай қиындықтар күтіп тұрғанын бұл жолғы Жолдау жасырып қойған жоқ, бәрін ашып айтты. Бірақ Жолдауда ашық айтылған жайлардың қалтарысында жасырынып қалған шындықтарды ел көріп-біліп отыр. Елдің адами капиталының әлеуетіне, ресурстық базасына біраз жұрт қызығып қарайтынын алыс-жақын шетелдерге жасаған сапарларымыз кезінде талай рет байқап қалған едік.
Жолдауда тау-кен өнеркәсібі алдағы уақытта да ұлттық экономиканың сенімді өсу көзі болуы керектігі ашық айтылды, табиғи байлыққа бай елдің геологиялық картасына көптен өзгерістер енбегенін Мемлекет басшысы ашып айтты. Бұл сыннан кейін қоғамдық санада тау-кен саласын басқару жүйесін жаңғырту қажет деген пайым шегеленіп қалды. Себебі қазір Мәжіліс депутаты, заңгер Бақытжан Базарбек «Қазақмыс» корпорациясы, «АрселорМиттал Теміртау», «Теңізшевройл», «Қарашығанақ» сияқты ірі компаниялардың жер қойнауы пайдалану бойынша келісімшарттарын тексеруіміз керек деп айтып жүр. Себебі мұндай деректердің жабық болуы ел ішінде әртүрлі бағыттағы пікірлердің тарап кетуіне себепші.
Мәжіліс депутаты Абзал Құспанның айтуынша, 30 жыл бойы осындай ірі, алпауыт компаниялар айналасында репутациясы күмән тудыратын әртүрлі деңгейдегі қазақстандық және шетелдік фирмалар қаптап кеткен. «Кейбір деректер бойынша ондай фирмалардың саны мыңдап саналады. Олардың міндетіне қызмет көрсету, жұмыс жасау емес, ТШО сияқты алпауыт компаниялардан ірі тапсырыстар алып, оның аз бөлігін қазақстандық компанияларға бөліп, қалған ірі бөлігін шетелге заңсыз шығару кіреді», дейді Абзал Құспан.
Аты аталып жатқан бұл шетелдік компанияларға Қазақстандағы жер қойнауын игеру құқығы тұңғыш Президенттің тұсында берілген. Келісімшартта нақты не жазылғаны көпшілікке жұмбақ. Олардың табысының миллиардтармен есептелетінін салық төлемдерінен де байқауға болады. Қазақстан Салық кодексінің 130-бабының 3-тармағына сәйкес мониторингке жататын ірі салық төлеушілердің тізбесі белгіленеді.
Соңғы мәліметтер бойынша бұл тізімге 354 ұйым енген. Ірі көлемде салық төлейтін 10 компанияның тізіміне кіретіндер:
- «Теңізшевройл» – салық төлемі 4,6 трлн теңге;
- «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» – 1,4 трлн теңге;
- «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ – 434,9 миллиард теңге;
- «Өзенмұнайгаз» – 269,7 миллиард теңге;
- «Норт Каспиан Оперейтинг Компани Н. В.» – 239,1 миллиард теңге;
- «Қаражанбасмұнай» – 205,9 миллиард теңге;
- «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ – 190,2 миллиард теңге;
- «Азия газ құбыры» – 166,5 миллиард теңге;
- «Philip Morris Kazakhstan» – 161,8 миллиард теңге;
- «Ембімұнайгаз» – 159,3 миллиард теңге.
Жер-ананы сауықтыру керек
Президент Үкіметтің алдына қойған міндеттерінің бірі – 2026 жылға қарай геологиялық-географиялық барлау алаңын қазіргі 1,5 миллионнан кемінде 2,2 миллион шаршы шақырымға дейін кеңейту. Елдің тағы бір байлығы – оның кең-байтақ ауылшаруашылық жерлері. Стратегиялық мақсат – Еуразия құрлығының жетекші ауыл шаруашылығы орталықтарының біріне айналу. Экономист Қуаныш Айтахановтың айтуынша, бізге бірінші кезекте Жер-ананы сауықтыру бағдарламасын қабылдау керек. 1991 жылмен салыстырғанда суармалы жер көлемі 298 мың гектарға азайған. 575 мың гектар суармалы жер ауыл шаруашылығы айналымынан шығып қалған. Ал пайдаланылып жатқан суармалы жерлердің су мен кәріздік желілері уақтылы тазаланбай ұйық басып, жердің сорлануына, тұздануына және өнімділігінің төмендеуіне әкеп соғуда. «Суармалы жерлердің ауыспалы егіс жүйесінде жемшөп дақылдарының көлемі ғылыми негізделген 32 пайыздың орнына 11-ақ пайызды құрайды. Сондықтан да суармалы жерлерде аса бағалы жоғары белокті жемшөп дақылдарының көлемін 2-2,5 есеге ұлғайту керек. Бұл тек пайдаланылмай жатқан жерлерді айналымға енгізу арқылы ғана іске асуы мүмкін. Ол үшін суармалы жерлердің мелоративтік жағдайын жақсартуға тиісті көлемде субсидиялар мен несиелер берілуі шарт», дейді Қ. Айтаханов.
Мемлекет басшысы салық саясатын қайта қарауды пайдалана отырып, агроөнеркәсіп кешеніндегі өнімді қайта өңдеу үлесін үш жыл ішінде 70 пайызға жеткізу міндетін қойды, бұл өңдеуді ынталандыруға тиіс.
Әлемдік Солтүстік пен Оңтүстікті, Шығыс пен Батысты байланыстыратын сауда жолдарының торабына айналатын аумақтық кеңістіктерді де ресурс деп санауға болады. Президент көлік-логистика саласы елдің экономикалық дамуының драйверлерінің біріне айналуға тиіс екенін атап өтті. Қазақстан Ресеймен және Қытаймен ынтымақтастықты жалғастырады, сондай-ақ Транскаспий бағытын нығайтады. Президент Парсы шығанағы порттарына жол ашатын «Солтүстік-Оңтүстік» халықаралық дәлізін маңызды деп атады, онда осы бағыттың теміржол бөлігінің өткізу қабілеті екі есе артады.
Президент еліміздің Еуразиядағы негізгі транзиттік хаб ретіндегі ұстанымын нығайтуға және уақыт өте келе толыққанды көлік-логистикалық державаға айналуға шақырды.
Заманауи технологиялардың жоқтығы тиімді экономикалық саясатқа деген ұмтылысты жоққа шығарады және жай ғана елді шикізатқа негізделген экономика позициясында қалдырып, технологиялық жағынан тәуелді етеді. Сондықтан ресурстық базаны кеңейту міндеттері оларды технологиялық өңдеудің өсуімен байланысты.
Өткен аптада Қазақстан Президенті өз Жолдауында екі отандық қор биржасының «бірін-бірі қайталайтынына, кейде тіпті бір-бірімен бәсекелесетініне» назар аударды.
Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова журналистерге биржаларды біріктіру мәселесі «пысықталатынын» айтты.
Сондықтан соңғы бастама туралы айту әлі ертерек. Мұнда біз күшіне енетін және еліміздің қор нарығына әсер ететін заңнамалық өзгерістерге талдау жасайтын боламыз. Инклюзивті өсу жағдайындағы еңбек өнімділігі Инклюзивті тұрақты экономикалық өсу тұжырымдамасы 2008-2009 жылдардағы дағдарыс кезінде дүниеге келді, содан бері саясаткерлер мен зерттеушілер оны әлеуметтік-экономикалық дамудың ерекшеліктеріне байланысты сандық және нақтылауға ұмтылуда.
Еске салайық, инклюзивті өсу – бұл ел халқының барлық топтары үшін өмір сүру сапасын жақсарту және мүмкіндіктер теңдігін қамтамасыз ету үшін қолайлы жағдайлар жасаумен қатар жүретін экономикалық өсу. Агроөнеркәсіп кешеніне агроғылымды дамыту және оны ауыл шаруашылығында іс жүзінде қолдану қажет. Осының негізінде Ұлттық ауыл шаруашылығы ғылыми-білім беру орталығы тік біріктірілген агротехникалық хабқа айналады. Су саясаты озық технологияларды қолдануда өз орнын алады. Суды үнемдейтін технологияларды енгізу үдерісі тезірек жүруі керек, деді Президент. Судың негізгі тұтынушысы болып табылатын ауыл шаруашылығындағы шығын кейбір аудандарда 40 пайызға жетеді. Жағдайды түзету үшін ең алдымен озық үнемдеу технологияларын жылына 150 мың гектарға дейін енгізуді жеделдету жоспарлануда.
Жолдауда еңбек ресурсы халықтың білімділік қабілетін арттыру және экономиканың түрлі салаларындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру тұрғысында көбірек айтылды. Дегенмен, халық тарапынан еңбек өнімділігін арттыруға шығармашылық көзқарас бар. Президент дарынды және шығармашыл азаматтардың әлеуетін іске асыру тақырыбына жеке тоқталды, олар үшін нақты сектормен тығыз үйлестіре отырып, өңірлік жоғары оқу орындарының базасында барлық облыс орталығында біртұтас инновациялық экожүйені құру қажет. Шығармашылық индустрия БАҚ, кино, музыка, дизайн, білім беру, ақпараттық технологияларды қамтиды және экономикалық өсудің тағы бір нүктесі бола алады.
Президенттің айтуынша, креативті экономика дарынды шығармашылық адамдарды тартатын ірі қалаларды дамытудың қозғаушы күшіне айналуда. Қазақстанда бұл сала әлі дамымаған. Шығармашылық индустрияның ІЖӨ-ге қосқан үлесі 1%-ға жетпейді, ал оның жұмыспен қамту құрылымындағы үлесі өте аз. Қазір шығармашылық индустрияның орталықтары үш ірі қалада – Астана, Алматы, Шымкентте шоғырланған. Дарындарды тарту орталықтары – Шығармашылық индустрия орталықтары әр облыс орталығында болуы керек. Олар қатысушыларға өз өнімдерін коммерцияландыру туралы сұрақтар бойынша көмектесуі керек. Сонымен қатар Президент кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына ұқсас «креативтілерді» қолдау бойынша арнайы шаралар кешенін әзірлеуді ұсынды. Осы ретте көп көңілінде қордаланып қалған сауалдар жеткілікті. Олар – мемлекет қаржыландыратын орталықтар шығармашылық тұлғалардың мемлекеттік қолдауға жүгіну қабілетін бағалайтын «көркемдік кеңестерден» қандай айырмашылықтары бар? Болашақ жұлдыздың жарқырауының дамуын бағалау және болжау критерийлері болуы мүмкін бе?»...
Бірінші кезектегі экономикалық міндеттерге тоқталған Президент экономикаға ақша керек екенін айтты. Бірақ банктер экономиканы қажетті көлемде несиелемейді, бұл бағытта ұлттық қорлар белсендірілмейді, қор биржалары инвесторлардан капиталды нақты секторға аудармайды. Президент шенеуніктерге Ұлттық банк төрағасын ауыстыра отырып, экономиканы несиелендіруді жақсарту мәселесін жан-жақты ойластыруды тапсырды. Банк иелерінің қаржылық институттары несиелік өтінімдерді жиі мақұлдайтын қиын кезеңге тап болады. Ақша тартудың тағы бір дәлелденген жолы – тікелей инвестиция. 2022 жылы рекордтық 28 миллиард доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Экспорт та көңіл көншітпеді – 84 миллиард доллар. Инвесторларды тарту үшін салаларда барабар тарифтік және реттеуші саясат құрылады, мемлекеттің экономикаға қатысу деңгейі төмендейді, жекешелендірудің келесі толқыны жоспарлануда. Шенеуніктердің Президент тапсырмаларын қалай жүзеге асыруға кіріскені осы жылдың соңындағы есептерде айқындалып, нәтижесі 2026 жылдың соңына қарай белгілі болмақ. Сонымен әзірге біздің экономиканың досы – инновация немесе ақпараттық технология емес, экономикадағы олигополияның қысымын әлсіретуге мүмкіндік беретін реформа. Үкіметтің «табанының» бүрі қаншалықты мықты екенін соның барысына, нәтижесіне қарап бағалайтын боламыз...
АЛМАТЫ