Статистикалық деректер көмір өндірісінің бір жылда 2%-ға азайғанын алға тартады. Биылғы қаңтар мен шілде аралығында елімізде қоңыр көмір мен көмір концентратын қосқанда 65 млн тонна тас көмір өндірілген. Бұл – былтырғыдан 2,1%-ға аз. Негізгі өндіруші өңірлерге жататын Павлодар мен Қарағанды облыстары республикадағы көмір, қоңыр көмір және көмір концентраты өндірісінің жалпы көлемін, яғни 92%-ын береді. Мәселен, Павлодар облысында 39,2 млн тонна (былтырғыдан 0,5% артық), ал Қарағанды облысында 20,6 млн тонна көмір өндірілді (3,3% азайған). Үздік үштікке Абай облысы да еніп отыр. Олар 4,2 млн тонна көмір өндіргенімен, өндіріс 10,3%-ға азайған. Былтыр еліміз бойынша 117,8 млн тонна көмір өндіріліп, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,4%-ға артқан. Сондай-ақ 60,4 млн тонна таскөмір өндіріліп, бұл алдыңғы жылдан 1,7% аз нәтиже көрсеткен. Оның ішінде кокстелетін көмір өндірісі 4,2 млн тонна (бір жылда 6%-ға азайған), энергетикалық көмір өндірісі 8,9 млн тонна (4%-ға төмендеген) болды. Қоңыр көмір (лигнит) өндірісі 0,9%, 2,6 млн тоннаға дейін, көмір концентраты өндірісі 12,4%, 2 млн тоннаға дейін төмендеген.
Сонымен бірінші жартыжылдықта еліміз 370,8 млн долларға 13 млн тонна таскөмір экспорттаған екен. Физикалық мәнде экспорттың қысқаруы – 20,4%, ақшалай түрде 18,9% болды. Тағы бір дерек бойынша ТМД елдеріне 8,3 млн тонна көмір жөнелтіліпті. Бұл – былтырғыдан 24,2%-ға аз. Ресейді Қазақстанның негізгі көмір импорттаушысы деуге болатындай. Олардың үлесі 7,4 млн тонна, бір жылда 27,2% азайған. Әлемнің басқа елдеріне экспорт 4,7 млн тонна болды, бұл былтырғыдан 12,7%-ға төмендеген.
Ақшалай есептегенде экспорт 12,3%-ға азайып, 264 млн долларды құраған. Мұнда Польша, Латвия және Түркия Қазақстан көмірінің негізгі импорттаушыларына айналып отыр.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер мен халыққа – 11,03 млн тонна, энергетикалық кешендерге – 64,4 млн тонна, сондай-ақ өнеркәсіптік кәсіпорындарға 5,97 млн тонна көмір жөнелтілгенін нақты дереккөздер растап отыр. Сонымен бірге елдегі ЖЭО-ларға көмір арнайы нормаға сәйкес, тиісті шектік мөлшерде жеткізіледі. Ол елді мекендердің алыс-жақын қашықтығына байланысты. Қазір еліміздегі ЖЭО-ларға 4,8 млн тонна көмір тасымалданған. Бұл шамамен 20 тәулікке есептелінген.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында: «Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Тау-кен саласын басқару жүйесін жуық арада жаңғырту керек. Көптеген елде бұл саланы негізінен жеке компаниялар алға сүйрейді. Сондықтан ірі көлемде жеке инвестицияларды тарту осы саланың әлеуетін ашуға барынша көмектеседі», деген еді.
Олай болса, көмір химиясы, оны терең өңдеу бүгінгі күннің талабы деуге болады. Сауда және интеграция министрлігі көмір, қоңыр таскөмір және сұр таскөмірді «маңызды тауарлар тізіміне» енгізді. Заманауи технологиялар көмірден 5 мыңнан аса өңделген өнім түрін, атап айтқанда, ферроқорытпа, металл кремний, құрылыс материалдары, техникалық көміртек, көміртекті сорбенттер және тағы да басқа сан алуан өнім алуға мүмкіндік береді. Көмір қоры бойынша еліміз көшбасшы елдердің ондығына кіреді. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметтеріне қарағанда, елімізде халық пен коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктер үшін энергетикалық көмір өндіретін 30-ға жуық компания бар екен. Олардың арасында «Богатырь Көмір» ЖШС, «Восточный» разрезі және «Шұбаркөл Көмір» АҚ ERG, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ, «Kazakhmys Coal», «Қаражыра» АҚ, «Майкубен Вест» АҚ сынды ең ірі көмір өндіруші компаниялар бар. Елімізде көмірді терең кешенді өңдеу және көмір химиясы саласын дамыту – бүгінгі таңдағы басты міндеттердің бірі. Көмір әлеуетін пайдалану тиімділігіне айтарлықтай әсер ететінін, сондай-ақ көмірден сұйық және газ тәріздес отын алу бойынша даму стратегиясының маңыздылығы өз алдына бір төбе.
Көмір өндірудегі қолға алынған жаңашыл жобаларға көз жүгіртсек, «Шұбаркөл Көмір» АҚ қуаттылығы жылына 200 мың тонна болатын арнайы кокс шығару жобасын іске асырып келеді. Биылғы жылдың қазан айында арнайы кокс шығаратын жаңа зауытты іске қосу жоспарланған бұл кәсіпорынның қуатын жылына 400 мың тоннаға дейін арттырады деп күтіледі. Сондай-ақ аталған кәсіпорын соңғы уақыттары белсендірілген көмір алу бойынша жұмысты бастаған болатын. Белсендірілген көмірдің қолданылу саласы ауқымды, ол гидрометаллургия, алтын өндіру, фосфат өнеркәсібі және суды тазарту бойынша кеңінен қолданылады. Сонымен қатар былтырғы жылдан бері Шұбаркөл кен орнының тозған көмірінен гумин тыңайтқыштарын алуда тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы іске қосылғанын айта кету керек. Бұдан басқа, «Шұбаркөл Премиум»АҚ «Теміркокс» ЖШС-мен бірлесіп, ай сайынғы өндіріс көлемі 1 800 тонна болатын арнайы кокс шығаратын зауыт жұмыс істеп жатыр. «Sherubai Komir» ЖШС мен «Құлан көмір» ЖШС ағымдағы жылы ұсақтау-сұрыптау кешенін іске қосты. «Kazakhmys Coal» ЖШС өндіруге арналған келісімшартты ұзарту шеңберінде «көмірді зерттеу, тәжірибелік-өнеркәсіптік қондырғы дайындауға конструкторлық шешімдер әзірлеу және Борлинское кен орнының қатардағы көмірін байыту үшін байыту фабрикасын салу» жобасын жүзеге асыруды көздейді. Еліміздің ең ірі көмір өндіруші компаниясы «Богатырь Көмір» ЖШС ағымдағы жылдың үшінші тоқсанында «Көмір өндірудің циклдік-ағындық технологиясы» инвестициялық жобасын іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаны іске асыру қорытындысы бойынша кәсіпорынның өндірістік қуаты ағымдағы 42 млн тоннадан жылына 50 млн тоннаға дейін ұлғаяды. «Ангренсор Энерго» ЖШС кәсіпорнында цифрландыруды дамыту және «Индустрия 4.0» бағдарламасын қолдау шеңберінде қолжетімділікті бақылау, ТБ, жөндеу, негізгі құралдарды жедел есепке алу, «ПИТ» дербес кластерлік қоры саласында автоматтандырылған жүйелер енгізілетін болады.
Көмір өнеркәсібі еліміздің экономикасы үшін әлеуметтік және стратегиялық маңызды сала екенін ескерсек, ел экономикасының энергетикалық қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігі аталған өнеркәсіппен тікелей орайласып тұрғаны бар. Қазіргі уақытта еліміздегі электр қуатын тұтынудың өсуіне байланысты электр қуатына деген тапшылық арагідік сезіліп те жатыр. Сондықтан электр генерациясын ұлғайту және оның қолжетімділігін сақтау мәселесі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық жағынан өте маңызды деуге болады. Көмір генерациясы ең арзан әрі қолжетімді болғаны соншалық, ол электр қуатын арттыру мүмкіндігіне ықпал ететіні сөзсіз.
Көмір өндіруші компаниялар еліміздің көміртек бейтараптығы жөніндегі міндеттемелерді қолға алуда. Осы орайдан келгенде, электр энергиясын өндіруді дамыту көміртекті кәдеге жаратуға мүмкіндік беретін көмір электр стансаларын салудың жаңа және экологиялық таза технологияларын енгізуді талап етіп отырғанын айтып өткен жөн.