Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Тақырыптың осылайша қойылуының өзі бір қызық дерсің! Иә, тағылымды тарихы бар, өзіміз көп оқыған «Жас алаш» газетінде осы жылы 18 шілдеде басылыпты.
Әуелі руханият жанашыры қорғалжындық өнер білгірі Тілеуберген Малғаждаровты тыңдап көрелік.
«Мақтанышы елімнің –
Досмағамбет, Үлебай.
Тума дарын бабалар,
Әсем ән мен жырға бай».
Мәдениет тақырыбында жиі жазатын егемендік жорналшы Назерке Жұмабай: «Дударайды тудырған қазақ», деп дұрысын айтып отыр.
«Дударайды» тудырған – Қорғалжынның Үлебай ақыны. Біз осылайша айтуға тиіспіз.
Ертеректе «Жалын» журналында атақты композитор Евгений Брусиловскийдің «Дүйім дүлдүлдер» деген еңбегі жарық көрді. Әйгілі тұлға осында «Дударай» әнінің туу тарихына кәсіби маман ретінде талдау жасаған. Біріншіден, әйел адамның жазуы мүмкін еместігін айтқан. Ұлты бөлек адам мұндай әнді өмірге әкелуі қисынсыз екенін айрықша атап өткен. Диапазоны шалқақ, кең тынысты ән Арқа композиторларының шығармашылығына тән құбылыс екенін көрсеткен.
Енді дәлел-деректерді алға тарта сөйлейік.
Қолымда Қорғалжыннан отау алып, 1977 жылы бөлек шаңырақ құрған Теңіз аудандық «Теңіз тынысы» газетінде 1992 жылы маусымда шыққан ақын Нұрғожа Оразовтың «Дударай» әні кімдікі?» деген мақаласы бар.
Мақалаға кезек берелік.
«Радиодан «Дударай» әні асқақтата шырқалып тұр. Үйдің ішінде тыңдап отырғандардың ортасында еңгезердей қария көзінен жасы сорғалап, сақалына сіңіп жатса да, елең қылмай қалшиып қатып қалыпты. Әннің соңғы тынысы қайыра көтеріліп тынған кезде тұлғалы қария қалың қабағын бір серпіп «Уһ!» деп барып, назарын радиодан тайдырды да:
– Шіркін-ай! Осы ән менікі дегенге кім иланар?! – деді. «Өзімде де бар. Құрдас-замандас есепті Дүйсен марқұмды өлең-әнмен әжуа етемін деп не атамның құны бар еді десеңші», деп аз тынды да, «Ән ел ішіне алғаш тарағанда өзімдікі екенін білгендіктен, ол кімнің атынан айтылғанына басында мән бермедім».
Мақала авторы марқұм ақын Нұрғожа Оразов Мәриямнан екі жас үлкен ағасы Алексей Егорович Рекинмен Қорғалжынның Арықты ауылында жиі кездесіп жүрген. Ол бір шежіре адам еді. Қорғалжын төріндегі бар қазақты ру-руымен қаз-қалпына қойып беретін.
Мақаланы сөйлеткен абзал болар.
«Қазақ жігітіне бірінші тұрмысқа шыққан Мәриям емес, оның туған анасы Шәрипа (Татьяна). Егер орыс-қазақ арасындағы некелесуді ұлттар достығының мұрындығы ретінде дәріптер болсақ, сол Шәрипа атанып кеткен Татьянаны дәріптеуіміз керек. Ал Дүйсен мен Мәриямның аттары асқақтап барша қазаққа әйгіленуі – Үлебай ақынның «Дударай» әнінің арқасы».
Әннің мәтінінің алғашқы нұсқасы бұрмаланып айтылып жүргенін де шежіреші қарт Алексей Егорович қатты ренішпен айтып өткен.
«Дударайым тудым,
Дүйсен үшін тудым.
Шіркін-ай, Дүйсен үшін тудым».
«Дүйсеннің орнына қайдағы бір «Дудар» дегенді алып жүрсіңдер. Содан барып «Жігіттің дудыраған шашы болған екен» деген жалғандыққа барасыңдар. Әннің қайырмасындағы «Дударайым тудым» деген» «Дүйсен үшін тудым» дегенді ұйқастыру үшін алынған емес пе?», деп бір қоятын.
Ақын Нұрекең бір кездескенде композитор, музыка зерттеушісі Ілия Жақанов Үлебайдың «Дударайдан» басқа да көп әні бар екенін айтыпты.
Қорғалжын тумасы болғандықтан, «Сегізде сертті жерге жеткізбесең, көресің көрешекті ай-дай Сайтаторы-ай» деген жолдары біздің де есте қалып еді. Бала кезден құлаққа сіңісті болып қалған әндер ғой.
Бір айтарым, «Дударай» әнін кейбір орындаушылар дұрыс айта алмай жүр. Желдіре айтады. Әннің табиғаты бұл орындаумен қабыспайды.
Ана бір жылы теледидардан, видеодан Қытайдағы бір бауырымыздың келісті шырқағанын көрдік.
Ертеректе Қорғалжынның жөн білетін, көпті көрген «көкірегі ашық, көңілі ояу» дана қарттарының аузынан Мәриям шешеміздің академик Ахмет Жұбановқа көзіне жас ала отырып айтқан әңгімесін талай естігенбіз. Өзінің ән шығармақ түгілі, әнді сала алмайтыны туралы кәдімгі адами әңгімесі...
Соқыр саясат қазақ музыкасы марғасқаларының бірі Ахмет Жұбановқа өз дегенін орындатты. Керек болса кезінде осы тақырыпқа поэма (Қалижан Бекқожин), опера да (Е.Брусиловский) жазылды.
Ал «Дударайды орыс қызынан қызғанғаннан не табамыз?» деген Нақыпбек Садуақастегіне қоярымыз: «Бауырым, сіз Қорғалжынның қай ақсақалымен жолығып едіңіз? Немесе музыка табиғатын білетін маман ба едіңіз?» деген сұрақ.
Сексенді алқымдап отырған біз, көзі тірі Үлебай ұрпағы шындыққа жанымыз шырқырамаса, көзіміз жұмылғаннан кейін кім не айтатынын Жаратқанға тапсырдық. Дәл қазір ұлт құндылығын, тарихи ақиқатты «советтік достыққа» қия салатын заман емес. Әділеттіктің де мәні осыда болса керек.
Тілеубек Ысқақов,
Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері
Ақмола облысы,
Қорғалжын ауданы