Өнер • 21 Қыркүйек, 2023

«Дударай» – Үлебайдың әні

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

«Дударайды» орыс қызынан қызғанғаннан не табамыз?» деген мән-мағынасы таласты мақаланы оқып, қайран қалып отырмын.

«Дударай» – Үлебайдың әні

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Тақырыптың осылайша қойы­луының өзі бір қызық дерсің! Иә, тағылымды тарихы бар, өзіміз көп оқыған «Жас алаш» газетінде осы жылы 18 шілдеде басылыпты.

Әуелі руханият жанашыры қор­ғалжындық өнер білгірі Тілеуберген Малғаждаровты тыңдап көрелік.

«Мақтанышы елімнің –

Досмағамбет, Үлебай.

Тума дарын бабалар,

Әсем ән мен жырға бай».

Мәдениет тақырыбында жиі жазатын егемендік жорналшы Назерке Жұмабай: «Дударайды тудырған қазақ», деп дұрысын айтып отыр.

«Дударайды» тудырған – Қорғал­жынның Үлебай ақыны. Біз осылайша айтуға тиіспіз.

Ертеректе «Жалын» журналын­да атақты композитор Евгений Бру­силовскийдің «Дүйім дүлдүлдер» деген еңбегі жарық көрді. Әйгілі тұлға осында «Дударай» әнінің туу тарихына кәсіби маман ретінде талдау жасаған. Біріншіден, әйел адамның жазуы мүмкін еместігін айтқан. Ұлты бөлек адам мұндай әнді өмірге әкелуі қисынсыз еке­нін айрықша атап өткен. Диа­па­зоны шалқақ, кең тынысты ән Арқа композиторларының шығар­ма­шылығына тән құбылыс екенін көрсеткен.

Енді дәлел-деректерді алға тарта сөйлейік.

Қолымда Қорғалжыннан отау алып, 1977 жылы бөлек шаңырақ құрған Теңіз аудандық «Теңіз тынысы» газетінде 1992 жылы маусым­да шыққан ақын Нұрғожа Оразовтың «Дударай» әні кімдікі?» деген мақа­ласы бар.

Мақалаға кезек берелік.

«Радиодан «Дударай» әні асқақ­тата шырқалып тұр. Үйдің ішінде тыңдап отырғандардың ортасында еңгезердей қария көзінен жасы сорғалап, сақалына сіңіп жатса да, елең қылмай қалшиып қатып қа­лыпты. Әннің соңғы тынысы қайыра көтеріліп тынған кезде тұлғалы қа­рия қалың қабағын бір серпіп «Уһ!» деп барып, назарын радиодан тайдырды да:

– Шіркін-ай! Осы ән менікі де­ген­ге кім иланар?! – деді. «Өзімде де бар. Құрдас-замандас есепті Дүй­сен мар­құмды өлең-әнмен әжуа ете­мін деп не атамның құны бар еді де­сеңші», деп аз тынды да, «Ән ел іші­не алғаш тарағанда өзімдікі еке­нін білгендіктен, ол кімнің атынан ай­тыл­ғанына басында мән бермедім».

Мақала авторы марқұм ақын Нұрғожа Оразов Мәриямнан екі жас үл­кен ағасы Алексей Егорович Ре­кинмен Қорғалжынның Арықты ­ауылында жиі кездесіп жүрген. Ол бір шежіре адам еді. Қорғалжын төрін­дегі бар қазақты ру-руымен қаз-қал­пына қойып беретін.

Мақаланы сөйлеткен абзал болар.

«Қазақ жігітіне бірінші тұрмысқа шыққан Мәриям емес, оның туған анасы Шәрипа (Татьяна). Егер орыс-қазақ арасындағы некелесуді ұлттар достығының мұрындығы ретінде дәріптер болсақ, сол Шәрипа атанып кеткен Татьянаны дәріптеуіміз керек. Ал Дүйсен мен Мәриямның аттары асқақтап барша қазаққа әйгіленуі – Үлебай ақынның «Дударай» әнінің арқасы».

Әннің мәтінінің алғашқы нұсқасы бұрмаланып айтылып жүргенін де шежіреші қарт Алексей Егорович қатты ренішпен айтып өткен.

«Дударайым тудым,

Дүйсен үшін тудым.

Шіркін-ай, Дүйсен үшін тудым».

«Дүйсеннің орнына қайдағы бір «Дудар» дегенді алып жүрсіңдер. Содан барып «Жігіттің дудыра­ған шашы болған екен» деген жал­­ғандыққа барасыңдар. Әннің қайыр­масындағы «Дударайым тудым» деген» «Дүйсен үшін тудым» дегенді ұйқастыру үшін алынған емес пе?», деп бір қоятын.

Ақын Нұрекең бір кездескенде композитор, музыка зерттеушісі Ілия Жақанов Үлебайдың «Дударай­дан» басқа да көп әні бар екенін айтыпты.

Қорғалжын тумасы болған­дық­тан, «Сегізде сертті жерге жеткіз­бесең, көресің көрешекті ай-дай Сай­таторы-ай» деген жолдары біздің де есте қалып еді. Бала кезден құлаққа сіңісті болып қалған әндер ғой.

Бір айтарым, «Дударай» әнін кей­­бір орындаушылар дұрыс айта алмай жүр. Желдіре айтады. Ән­нің табиғаты бұл орындаумен қабыс­пайды.

Ана бір жылы теледидардан, видеодан Қытайдағы бір бауыры­мыз­дың келісті шырқағанын көрдік.

Ертеректе Қорғалжынның жөн білетін, көпті көрген «көкірегі ашық, көңілі ояу» дана қарттарының аузынан Мәриям шешеміздің академик Ахмет Жұбановқа көзіне жас ала отырып айтқан әңгімесін талай естігенбіз. Өзінің ән шығармақ түгілі, әнді сала алмайтыны туралы кәдімгі адами әңгімесі...

Соқыр саясат қазақ музыкасы мар­ғасқаларының бірі Ахмет Жұба­новқа өз дегенін орындатты. Керек болса кезінде осы тақы­рыпқа поэ­ма (Қалижан Бекқожин), опера да (Е.Брусиловский) жазылды.

Ал «Дударайды орыс қызынан қызғанғаннан не табамыз?» деген Нақыпбек Садуақастегіне қояры­мыз: «Бауырым, сіз Қорғалжынның қай ақсақалымен жолығып едіңіз? Немесе музыка табиғатын білетін маман ба едіңіз?» деген сұрақ.

Сексенді алқымдап отырған біз, көзі тірі Үлебай ұрпағы шындыққа жанымыз шырқырамаса, көзіміз жұ­мылғаннан кейін кім не айтатынын Жаратқанға тапсырдық. Дәл қазір ұлт құндылығын, тарихи ақиқатты «советтік достыққа» қия салатын заман емес. Әділеттіктің де мәні осыда болса керек.

 

Тілеубек Ысқақов,

Халыққа білім беру ісінің озық қызметкері

 

Ақмола облысы,

Қорғалжын ауданы