Жыл сайын ұйымдастырылатын іс-шараның мақсаты – балалар мен жастарға өз мүддесі мен құқықтарына қатысты мәселелер бойынша еркін пікір білдіре алатын ашық алаң ұсыну. Өрімдей жастардың өрелі ойлары айтылған конференцияның хедлайнері елімізге танымал «Ninety One» тобы болды. Олар жеткіншектер арасында жиі кездесетін, қазіргі қоғамның түйткіліне айналған буллинг мәселесін көтерді.
– Біз буллингке кезігу және оған қарсы тұру қаншалықты ауыр және күйзелісті екенін өз тәжірибемізден білеміз. Жас кезде қудалаумен еш қолдаусыз күресу өте қиын болуы мүмкін. Сондықтан UNICEF Talks-қа қатысу және жас спикерлерге қолдау көрсету біз үшін маңызды. Байқағаным, спикерлердің басым көпшілігі алғаш рет қауым алдына шығып отыр. Соның өзінде өз тәжірибелерімен бөлісуден жасқанбады. Мені бұл нәрсе қуантады. Өйткені олардың шынайы әңгімелері мен проблемадан шығудың жолдарын көрсетуі өзгелерге осындай қиындықтарды мейлінше жеңіл еңсеруге көмек болатынына сенімдімін. Сонымен қатар еліміздегі әр баланың бақытты болашағы мен тең мүмкіндіктерін қамтамасыз ету үшін жағдайды жақсы жаққа өзгерте алатын үлкендерге жастар үні жететіне сенемін,– деді «Ninety One» тобының әншісі Дулат Мұхаметқали.
Жақындарынан қолдау таппай, қиын жағдайда тап болған жасөспірімдерге қандай көмек керек? Оларға қолұшын созғанда нені ескерген жөн? Осы сұрақтарға өз өмірінен нақты мысал келтіре отырып, жауап берген спикерлердің бірі – Халел Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті Бейбарыс Сәрсен.
– Дүниежүзі елдерінің арасында Қазақстан суицид саны бойынша алдыңғы орындарда тұр. Суицидтік психологиялық мінез-құлық 13-28 жас аралығында – 30, ал жеткіншек кезінде 6-10 пайызды құрайды екен. Бұл – өте үлкен мәселе. Мәселен мен 19 жастамын. Замандастарымның 30 пайызы өзіне-өзі қол жұмсауға дайын деген сөз. Олар психологиялық тұрғыдан әлі тұрақты емес. Жасөспірім кезінде жағымсыз атмосфераны сезінген, ата-ана қамқорлығы мен мейірімі жетпеген жастар суицид жайын жиі ойлайды. Достары жоқ, өзін жалғыз санайтын бала да өзіне-өзі қол жұмсауы әбден мүмкін. Қайғылы жағдайдың алдын алу үшін ата-ана оң-солын енді танып келе жатқан баласымен қарым-қатынасын реттеу керек. Одан бөлек үйдегі ұрыс-керіс те жасөспірімнің психологиясына кері әсер ететіні анық. Психологиялық қысым балаға жан-жақтан жасалуы мүмкін. Балалар уақытының көп бөлігін мектепте өткізеді. Мұғалімдері ауыр сөздер айтып, ұрсатын кездері де болады. Әр адамның қабылдауы әртүрлі. Жүрегіне барлық сөзді жақын қабылдайтын оқушы өкпе-ренішті өзіне жинай береді. Өтпелі кезеңде көп жасөспірім қолдауға мұқтаж болады. Ал қолдау күткен кезде ұрыс естіген сәт – ең қиыны. Бұл жерде мұғалімдерге де кінә артуға болмайды. Себебі, олардың да алдынан түрлі әдепсіз оқушылар өтеді. Дегенмен, әр айтылған сөздің киесі болатынын ұмытпаған жөн, – деді ол.
Көптің көкейінде жүрген өзекті мәселелерден бөлек, алаңда қоғамның қамын күйттеп жүрген 11-23 жас аралығындағы спикерлер де сөз тізгінін алды. Олардың қатарында зағип жандардың бөлмеде, тіпті көшеде өз бетімен жүруіне мүмкіндік беретін көзілдірік ойлап тапқан Мырзаәлі Асанов пен Нұрлыбек Оңдаған бар. Маңғыстаудан келген өнертапқыштар – Назарбаев зияткерлік мектебінің 12-сынып оқушылары.
– Әр ғылыми зерттеудің басты мақсаты қоғамдық мәселелердің алдын алумен не шешумен ұштасуы керек. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, әлемде 300 миллионнан астам көру қабілетінен айрылған жан өмір сүреді. «DolphEYE» деп аталатын көзілдірік зағип жандардың күнделікті өмірінде туындайтын қолайсыздықтың алдын алады. Бұл ерекше құрылғы зағип жанға А нүктесінен Б нүктесіне кедергісіз жетуіне мүмкіндік береді. Яғни жобаның техникалық бөлігін құрайтын «Аrduino» платформасының көмегімен, көзәйнек дыбыс толқындарын жіберу арқылы көру қабілеті нашар адамның алдындағы кез келген кедергіні анықтап, оған белгі береді. Бұдан бөлек құрылғыда Bluetooth толықтыруы арқасында ұялы телефонға жалғанып, қолданушыға қаланың картасын ашып, жол бағытын құруға болады. Ал 3D принтер арқылы басып шығарылған жақтау «DolphEYE»-дың қаңқасын қарапайым көзілдірікке ұқсатады, осының арқасында зағип жан денсаулық ерекшелігіне байланысты қоғамдық қысымнан айырылады, – деді Мырзаәлі Асанов.
Іс-шараға 200-ден аса қатысушы жиналды, олардың арасында орталық мемлекеттік органдардың, дипломатиялық корпус, медиа және жалпы жұртшылық өкілдері болды.
– UNICEF-те біз жастар үніне сенеміз және осы алаңда көтерілген әр мәселені баршаға жеткізуге ұмтыламыз. Бала құқығын сақтауды мақсат тұтқан ұйым елімізде отыз жылға жуық жұмыс істеп келеді. Білім алу, денсаулық сақтау, сүйіспеншілікке толы отбасында өмір сүру сияқты бәрімізге таныс қағидаттардың ішінде көпшілік біле бермейтін құқық бар, ол – балалардың өздеріне қатысты барлық мәселе бойынша көзқарасын еркін білдіру құқығы. UNICEF Talks алаңында бұл құқық шындыққа айналады, – деді UNICEF-тің Қазақстандағы өкілінің міндетін атқарушы Летисия Баззи-Вейл.
Кездесу ұйымның әлеуметтік желілеріндегі парақшаларынан тікелей эфирде де көрсетілді. Жастардың ерік-жігерін қайрап, өмірге деген құлшынысын арттыратын жиынға онлайн қатысушының бірі – Набира Әсетқалиқызы.
– Қоғамдағы буллинг, суицид, жасөспірімдердің жетілу кезеңінде болатын күйзеліс секілді өзекті мәселелерді жастар, әсіресе жеткіншектердің өздері талқылағаны дұрыс. Өйткені кез келген жан өзі секілді адамның тәжірибесін, оқиғасын тезірек қабылдайды. Мәселен, мектеп оқушысына қатарластары тарапынан буллинг болды делік. Ол бала ата-анасынан көмек сұрауға қысылады. Сондықтан көп жағдайда ешкімге айтпай, ішінде сақтайды. Осындай орталарда мәселе ашық талқыланса, дәл сондай жағдайға тап болған өзі секілді басқа біреу оқиғасын айтып, қалай онымен күрескенін айтса, жаңағы буллингке ұшыраған өзге балалар қиындықтан шығудың айқын мысалын көреді. Мен – балабақша тәрбиешісімін. Сондықтан жасөспірімдердің, балалардың мәселелерін көтерілетін подкаст, жиын, дискуссия болсын үзбей қарап, өзіме анализ жасап отырамын. Маған бұл коммуникация жасауда, жоспар құруда, бала психологиясын тереңірек түсінуге үлкен көмек, – деді ол.