Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Өңірдегі «Birgemiз» волонтерлік фронт-кеңсесінің басшысы Анастасия Волкованың мәлімдеуінше, аймақтағы 14 ресурс орталығында волонтерлер клубы ашылған. Облыстық Жастар ісі жөніндегі басқарма құрамына волонтер жастардың өкілдері де мүше. «Барлық аудан мен ауылды қоса есептегенде волонтерлік қозғалысқа 30 мыңдай жас қатысады. Олар қозғалыстың «Сабақтастық», «Саулық», «Таза әлем», «Асыл мұра», «Қамқор», «Білім», «Үміт» сияқты жеті түрлі бастамасынан басқа әлеуметтік, медиа, өнер, жануарлар, медициналық волонтерлік және т.б. бағыттары бойынша жұмыс істейді», дейді Анастасия Волкова.
Қызылжар өңірінің волонтерлері, әсіресе «Qamqor» бағытында ауқымды жұмыс атқарып келеді. Жалғызбасты немесе мүмкіндігі шектеулі қариялардың ауласын тазарту, бітеліп қалған су жыраларын тазарту, күзде картоптарын қазып беру – міне, еріктілердің ең басты жұмыстары осылар. Сонымен қатар қарттарға дәрі-дәрмек, азық-түлік жеткізіп беру, отынын дайындау, көмірін кіргізіп беру, суын әкелу, зейнетақысын әкеліп, коммуналдық төлемдерін төлеп беру секілді жұмыстар да назардан тыс қалмайды. Осындай игі істер кезінде еріктілер қариялармен әңгімелесіп, бір сәт көңіл-күйін аулап қайтады.
«Taza Álem» бағыты бойынша экологиялық марафон өткізіліп, Айыртау ауданында «Біз біргеміз – таза Қазақстан», Қызылжар ауданында «Таза жағалау», М.Жұмабаев ауданында «Таза көлдер» атты акциялар ұйымдастырылды. Петропавл қаласындағы Пестрое көлінің жағасын, Шал ақын ауданында орталық саябақты тазалау акциялары да ойын-қызықпен, ынталандырылған жарыспен өткізілді. Осындай игі істерге 1 300 адам қатысып, барлығы 125 іс-шара барысында 106 тонна қоқыс шығарылды.
Жарымжан адамдар мен аз қамтылған отбасыларға арналған түрлі акциялар да тұрақты түрде өткізіліп тұрады. «Мектепке дайындық» акциясы бойынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың 300-ден астам баласына сөмке, мектепке қажетті құрал-жабдықтар, дәптерлер сатып әперілді. Бұл бағытта аудандармен қоса алғанда барлығы 22 іс-шара өткізіліп, көмек беру ісі 800-дей баланы қамтыды.
Сондай-ақ NEET санатындағы жастарға волонтер-заңгерлер мен волонтер-психологтер көмек көрсетеді. Заңгерлер аптасына бір рет тегін кеңес береді. Жыл басынан бергі 8 айда осы санаттағы жастарға 93 заңнамалық консультация беріліп, 30 жеке кеңес және 14 психологиялық тренинг өткізілген. Назарбаев зияткерлік мектебінде кембағал балаларды қолдауға арналған шоу-матч ұйымдастырылып, 1 млн 885 мың теңгенің қайырымдылық қаражаты жиналды. Қайырымдылық аукционында Олимпиада чемпионы Бахтияр Артаев пен Әлем чемпионы Жанат Жақияновтың қолдары қойылған бокс қолғаптары сатылды. Жыл бойы өткізілген осындай іс-шараның жалпы саны 1 560 шамасында екен.
Волонтерлікке жастарды ынталандыру, қызықтыру мақсатында облыста игі іс-шаралармен айналысатын қыз-жігіттермен қызықты кездесулер де ұдайы ұйымдастырылып тұрады. Жергілікті БАҚ-та «Жастар саясаты», «Жас келсе, іске», «Заманымыздың батырлары», «Қазақстанның таза өзендері», «Елімді сүйемін», «Жақсылықты таңдаймын», «Волонтерлер», «Қайырымдылық», «Біз біргеміз», «Еріктілер» секілді айдарлармен тұрақты хабарлар беріліп тұрады. Еріктілердің ерен істерін әсіресе ТРК «Qyzyljar», «МТРК» және «Первый Северный» арналары, «Soltustik Qazaqstan» және «Северный Казахстан» ақпарат құралдары, әлеуметтік желілерде «Петропавловск news», «7152.kz» порталдары тұрақты жариялап жүр.
Солтүстік Қазақстан облысы