Осы орайда «Әділдік іздеп жүрміз» деген азаматтар редакциямызға бірнеше рет хабарласты. Айтуларынша, оқиғаға қатысты қамауға алынып, артынша ақталған азаматтар материалдық, моральдық шығындарды өндіре алмай жүр. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны Сайлау Тілеужан. Ол: «2022 жылы 7 ақпанда ұсталып, екі ай қамауда болдым. Заңсыз әрекеттердің түр-түрін көрдім. Кінәм жоқ болған соң 2022 жылдың 26 желтоқсанында ісіміз сотқа жетпей тоқтады. Содан материалдық, моральдық шығындарды өндіріп алу үшін заң органдарына арыздана бастадым. Себебі зақым келген көзімді Түркияда емдетпекпін. Ол жақтың дәрігерлері ақылы түрде 70 пайыз қалпына келтіреміз деді. Бірақ сот талап-арызымның бәрінен бас тартты. Сот үш айға созылды. Бастапқыда «5 миллион теңге берілсін» деп шешім шығарған. Екі ай өткен соң «Ол шешімге апелляциялық шағым түсті» деді. Ал заң бойынша сот шешімі бір айда күшіне енуі керек еді. Келесі сотта өтемақыны төлемеу туралы ешкім шағым түсірмегені анықталды. Бір қызығы сот өкілі: «Сен мұғалім болғандықтан, екі айдың жалақысын бермейміз. Себебі жұмыста болмағаның туралы қағазың жоқ» деді. Сол кезде адвокат екі ай жұмыстан шеттетілгенім туралы құжатты көрсетті. Ақыры сот төлейтін болып шешті де, бес минуттан соң: «Материалдық шығынды төлеуден бас тарттық» деді. Сонымен алты ай сандалдық. Материалдық шығынды төлетудің уақыты өтті. Қазір не болып жатқаны белгісіз. Үш адвокатқа төлеген шығынымды сұрап едім, оны да бермей отыр. Облыстық сотқа жазайық десек, Есіл аудандық соты процесті созған, енді қабылдамай жатыр», дейді.
Осындай мәселемен хабарласқан азаматтың тағы бірі – Ерқанат Жеңісұлы. Өзінің айтуынша, ол оқиға тұсында алаңға кездейсоқ барып, дүрбелең үстінде көзіне оқ тиіп, ауруханаға түскен. Осыдан бірнеше күн өткенде қамауға алынып, құқық қорғау органдары тарапынан көп қысым мен жәбір көргенін айтады. Талай сарсаңға түсіп, кейінірек ақталып, бостандыққа шыққаннан кейін ол да сотқа арызданып, денсаулығына келген нұқсан мен моральдық жәбір-жапаның шығынын сұраған. Айтуынша, талап еткен шығын толық берілмесе де, өтемді жарым-жартылай алған екен. Бірақ бірнеше ай әділдік жолында сарсаңға түскенін айтады.
Азаматтардың кейбіреуі моральдық, материалдық шығынды қайтарып алғанымен, біразы құқық қорғау органдарының табалдырығын тоздырып әлі жүр. «Кінәсі дәлелденбеген азаматтарға өтемақы қашан толық төленіп болады?» деген алға тартып, Шығыс Қазақстан облыстық прокуратурасына сұрау салдық. Баспасөз қызметі өкілдерінің айтуынша, 25 азаматқа 3 млн теңге көлемінде мемлекет тарапынан өтемақы төленетін көрінеді. Ал Сайлау Тілеужанның ісі қараусыз қалған. Шығыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметкерлері ұсынған мәліметке сүйенсек, іс Өскемен қалалық сотына 2023 жылы 1 наурызда түскен екен. Талапкер арызының негізінде 2023 жылдың 29 наурызында іс қараусыз қалдырылыпты. Сот өкілдері әр азаматтың арызына қатысты мәселе туындайтын болса, жауап беруге әзір екендерін айтады.
Шығыс Қазақстан облысы