– 90-жылдарға дейін КСРО атты темір құрсаудан босанып шығу, тәуелсіз ел болу ешкімнің үш ұйықтаса түсіне кірмейтін. Алайда 80-жылдардың аяғында жағдай күрт өзгеріп, азаттық ұрандары жиі көтеріле бастады. Бұған не түрткі болды?
– Кеңес одағын ұстап тұрған негізгі үш күш болғаны белгілі. Біріншісі Коммунистік партия. Ол елдегі жалғыз партия болды, кадрдың бәрі соның қолында. Екіншісі – Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі. Кеңес одағына қарсы шыққан адамның бәрін аяусыз жазалап отырды. Үшінші күш – армия. Тоталитаризм жүйесі осы үш күшке сүйеніп тұрды. 1985 жылы ел басына Горбачев келгеннен кейін қиын хәлді басынан кешіп отырған КСРО-ның саяси жүйесін реформалап, қайта құруды бастап, елді демократияландыруға бағыт алғанын білесіздер. Осы жолда Горбачевтің үлкен еңбегі бар екенін айту керек. Өйткені, ол шын мәнінде білімді әрі демократ адам болатын. Бір партия басқарған тоталитаризм жүйесінің қате екенін түсінді. Себебі, Карл Маркстің өзі: «Социализмде көппартиялық жүйе болады» деп айтып кеткен еді. Горбачев соның сөзіне сүйене отырып көппартиялы жүйе жасады.
Артынша кеңес одағын ұстап тұрған үш күш біртіндеп бөлшектеліп, әр одақтас республика өз партияларын, қоғамдық-саяси ұйымдарын құрып, азаттық жолындағы қозғалыстар пайда болды. Міне, осы кезде мен бұл өзгерістердің бостандыққа жол ашып бергенін түсіндім. Өйткені дипломат ретінде көп елде жұмыс істеген болатынмын. Еуропаның да, Азия мен Африканың да саяси жүйелерін жақсы білемін. Осы кезде Горбачевтің саяси реформалары одақтас республикалар үшін азаттыққа жол ашып бергеніне көзім жетті.
Қазір көп адамдар Горбачевті «КСРО-ны құрдымға жіберді» деп кінәлайды. Алайда, ол елді құлатқысы келген жоқ, мақсаты – КОКП-тың диктатурасынсыз демократиялық социализм құрмақшы еді және КСРО-ның атын Суверенді (Егемен) Республикалар Одағы деп өзгертуді қалады. Егер елде демократия орнап, одақтас республикалар егемендік алса, өздері-ақ одақ құрамында қалады деп ойлады.
Осы оқиғалардың барлығы жаппай егемендік жариялануына алып келіп, 1990 жылы 25 қазанда біз де Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдадық. Негізі бұған дейін де әр республиканың Конституциясында «суверенді республика» деген сөз бар болатын. Біз кейін «суверенді» деген сөзді «егемен» деп аудардық. Алайда ол кезде «мемлекет» деген сөз жоқ еді. Ал 1990 жылғы декларацияның ерекшелігі – «мемлекеттік егемендік» туралы құжат болғандығы. Яғни біз империя құрамындағы жай республика емес, жеке-дара мемлекет атандық. Бұл үлкен айырмашылық. Ғасырлар бойы аңсаған азаттыққа жетер жолымыз осылайша басталды.
– Президент айтып өткендей, аталған декларация біздің Тәуелсіздік алуымызға жол ашып берді. Осы кезде қандай оқиғалар болды?
– КСРО құрамынан шығып, азаттық алуды ең алдымен Балтық жағалауы елдері, яғни Литва, Латвия, Эстония бастады. Мен 1991 жылы Мәскеуге сыртқы істер министрлерінің отырысына қатысуға барған кезде жасырын түрде Литваға соқтым. Ол кезде біз әлі одақ құрамындамыз. Ал Балтық елдері тәуелсіздік алып үлгерген. Олардың тәжірибесі бізге өте маңызды еді. Сол уақытта Литвада КСРО құрамынан шығару жұмыстарымен айналысқан «Саюдис» (Қозғалыс) атты қоғамдық саяси ұйым болды. Мен сол ұйымның адамдарымен жолығып, жұмыстарымен танысып қайттым. Олар одақтан шығуды заң жүзінде, халықаралық құқыққа, БҰҰ жарғысына сай өте шеберлікпен кезең-кезеңмен жүзеге асырды.
– Соған қысқаша тоқтала кетсеңіз.
– Біріншіден, олар Еуропаны КСРО мен Германия арасында бөліске салған Молотов-Риббентроп пактін қайта көтеріп, оның заңсыздығын сынға алды. Аталған құжаттың көпшілікке жарияланбаған құпия баптарында Литва аумағы КСРО-ның мүддесіне кіретін жерлер ретінде көрсетілген еді. Литвалықтар Мәскеуде Жоғарғы кеңестің сессиясында мәселе көтеріп, осы пактінің халыққа, егемендікке, БҰҰ жарғысына, халықаралық құқыққа қарсы жасалған қылмыс екенін дәлелдеді.
Екіншіден, 1940 жылы КСРО әскерлерінің Литва жеріне кіргізіліп, одаққа қосылуын оккупация деп айыптап, КСРО-ға өз еріктерімен кірмегендерін алға тартты. Олар БҰҰ жарғысындағы «әр ұлт өз мемлекетін құруға құқылы» деген сөзді, КСРО Конституциясындағы «кез келген республика КСРО құрамынан шыға алады» деген бапты негізге алып, барлығын заң жүзінде жасады. Содан кейін тәуелсіздіктерін жариялап, одақ құрамынан шығып кетті. Алып империяның іргесі сөгілуі осылай басталды.
– Біз Мемлекеттік егемендік туралы декларацияны қабылдағанда да, тәуелсіздікті жариялағанда да кештеу жүрген екенбіз. Бұған не себеп болды?
– Оның өзіндік себептері бар. Азаттық алуды қаламадық емес, қаладық, әрине. Алайда еліміздегі демографиялық ахуалға, яғни жергілікті ұлт өкілдерінің аздығына байланысты әліптің артын бағуға тура келді. Өздеріңіз білесіздер, 20-жылдардағы азамат соғысы, 30-жылдардағы аштық пен қуғын-сүргін, одан кейін Екінші дүниежүзілік соғыстың салдарынан халқымыздың саны айтарлықтай азайды. Солтүстік өңірлер тіпті бос қалды десе де болады. Соғыс аяқталған соң тың жерлерді игеру басталғанда сол жердің бәріне Ресейдің ішкі жақтарынан келімсектерді әкеліп қоныстандырды. Міне, осындай солақай саясаттың кесірінен 90-жылдардың басында біз өз жерімізде 44 пайызды ғана құрасақ, солтүстік облыстарда 25 пайызға да жетпейтін едік. Оның үстіне қазақтардың көпшілігі ауылдарда тұрды. Есіңізде болсын, мемлекетті ауылдағы мал бағып, қымыз-шұбат ішіп жатқан адамдар емес, қалалықтар басқарады. Ал еліміздің үлкен қалаларында негізінен өзге ұлт өкілдері көп болды. Бізден басқа 15 одақтас республиканың ешқайсысында мұндай күрделі демографиялық ахуал болған емес.
Сол кездері тіпті солтүстіктегі кейбір қалаларымызда жұмысшылар көшеге шығып: «Егер Қазақстан КСРО құрамынан шығатын болса, біз өз жерімізбен бірге Ресейге қосыламыз» деп ұрандатқан митингілер де болды. Қазір ол жайында көп айтылмайды, алайда сол уақытта солтүстік аймақта сепаратизм көріністері өте күшті еді. Егер біз елден бұрын тәуелсіз боламыз деп әрекет еткенде әлгі сепаратистер көтеріліп, азамат соғысы болып кетуі мүмкін еді. 1991 жылы қыркүйек айында Оралда қандай жағдай болғанын білетін шығарсыздар. КСРО-ның жан-жағынан жиылған казактар жиын жасап, Орал автономиялық республикасын құрғысы келді. Сол кезде біздің Үкімет тарапынан арнайы комиссия құрылып, оған Серікболсын Әбділдин төраға болса, мен оның орынбасары ретінде казактар бүлігін басуға тікелей қатыстым. Міне, ел ішіндегі қауіп-қатердің салдарынан әліптің артын бағуға тура келді деп отырғаным осы. Біздің егемендікті де, тәуелсіздікті де кеш жариялауымыз үлкен саясатпен жүзеге асырылған дүние. Соның арқасында біз жерімізді шашау шығармай, қақтығысқа, азамат соғысына жол бермей, біртұтас күйде азаттық ала алдық.
– Дегенмен, сол тұста билік басында алдымен КСРО-дан шығуды қаламай, кейін Ресейге қосылуды көздеген адамдар болған деседі. Расында солай ма?
– Иә, тәуелсіздік алудан қорыққан адамдар болғаны рас. Жоғарыда 1991 жылы Мәскеуде одақтас республикалар сыртқы істер министрлерінің алқа отырысына қатыстым дедім ғой. Сол жиында мен еліміздің мемлекеттік егемендік алғанын негізге ала отырып, кеңес одағында республикалар арасында теңдік жоқ екенін сынап сөз сөйледім. «Одақты құрып отырған республикаларда теңдік болуы керек. Ал біз теңбіз бе? Жоқ. Сыртқы саясаттың бәрі Мәскеудің қолында. Бізде, одақтас республикаларда сыртқы әлеммен ешқандай байланыс жоқ. Не болып жатқанын білмейміз» деп әңгіме ауанын азаттық алуға аудардым. Сол жерде біздің сөздерімізді жазып алып, республика басшыларына жіберген. Елге келгенде мені Премьер-министр Ұзақбай Қараманов шақырып алып: «Сайлау, сен не істеп жатсың? Бұның қалай?» деп сұрақ қойды. Сол жерде екеуміздің арамызда мынадай диалог болды.
– Біз қайтіп тәуелсіз ел боламыз? Не өзіміздің ұшағымыз жоқ, не тракторымыз бен көлігіміз жоқ. Оның бәрін Мәскеу береді. Егер одан бөлініп, сосын Ресей бізге техникасын бермей қойса, қалай мемлекет боламыз? Жаяу жүреміз бе? – деді ол.
– Ұзеке, сіз қазір «Волга» мініп жүрсіз. Ал тәуелсіздік алсақ, «Мерседес» мінесіз, – дедім.
– Қалайша?
– Біздің қазба байлығымыз бар. Соны шетелге сатып, пайда табамыз. Оның бәрін бұрынғыдай Мәскеу пайдаланбайды, өзімізде қалады. Өзге мемлекеттермен сауда-экономикалық байланысты жолға қоямыз. Ал Ресейдің тауарларын бізден басқа ешкім алмайды. Олар өздері-ақ бізге сатуға мүдделі болады.
– Біз қазір Ресеймен конфедерация құрып, соған кіре тұрамыз да, Ресейдің ақшасын, техникасының пайдаланып, кейін шығып кете саламыз, – деді ол.
– Ұзеке, Ресейдің құрамына кіремін деп қол қойсаңыз бітті, олар сізді ешқашан шығармайды. Сонда мәңгіге қаламыз. Сондықтан қазір мүмкіндік болып тұрған уақытта шығып кетуіміз керек, – дедім.
Кейін 1991 жылдың қазан айында БҰҰ-дағы КСРО делегациясына мүше ретінде АҚШ-қа барғанда ТАСС агенттігінің тілшісіне арнайы сұхбат беріп, біз мемлекеттік егемендікпен шектеліп қалмай, тәуелсіздікке жол тартатынымыз туралы айттым. Менің сол сөзімді елде ұнатпаған адамдар да көп болды.
Сол жолы мен қазақ дипломаттарының арасынан бірінші болып АҚШ астанасы Вашингтонға барып, Мемлекеттік департаменті (олардың Сыртқы істер министрлігі) мен Сенатына кіріп, «Қазақстан декларациямен шектелмей тәуелсіздікке барады» деп бізді қолдауын сұрадым. Соның арқасында олар бізге қолдау білдіріп, ең бірінші болып Алматыда Қазақ КСР-інде өз елшіліктерін ашты. Бұл бүкіл әлемнің назарын елімізге аударған оқиға болды. Кейін біз тәуелсіздікті жариялағанда Америка алғашқылардың бірі болып бізді мойындағаны белгілі.
– Сайлау аға, өткен жылы Президентіміз Республика күнін қайтарып, еліміздің басты мейрамы деп жариялады. Сонда Республика күні қалайша Тәуелсіздік күнінен жоғары болып кетті деп сұрақ қоятындар бар.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның қабылдануы – біздің тәуелсіздік алуға жасаған алғашқы қадамымыз болды. Жоғарыда айтып өттім, осы құжат арқылы біз «мемлекет» атандық. Президент бұл нәрсені ауадан алып отырған жоқ. Егемендік немесе тәуелсіздік туралы қаулыны ешқашан жалғыз адам шығармайды, елдің парламенті қабылдайды. Өйткені мемлекетті бір адам құрмайды. Мәселен, АҚШ-ты алайық. Оларда тәуелсіздік туралы заң жоқ. Олар тәуелсіздік туралы декларацияны 1776 жылы қабылдады. Сол күн АҚШ-тың тәуелсіздік күні, басты мерекесі болып есептеледі. Сол сияқты 1990 жылы 12 маусымда Ресейдің Жоғарғы кеңесі Мемлекеттік егемендік туралы декларация қабылдады. Осылайша Б.Ельцин басқарған Ресей Федерациясы Кремльден бөлініп кетті. Кейін Путин билікке келгеннен кейін ол күнді «Ресей күні» деп өзгертті.
Қасым-Жомарт Тоқаев – үлкен саясаткер, дипломат. Халықаралық саясат пен құқықты бес саусағындай білетін тұлға. Ол халықаралық тәжірибені негізге ала отырып, біздің «мемлекет» атанған күнімізді еліміздің бас мерекесі деп жариялап отыр. Сондықтан бұл жерде ешқандай түсініспеушілік болмауға тиіс. Республика күні – шын мәнінде біздің ұлттық мерекеміз болуға лайық күн!
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»