Өнер • 26 Қыркүйек, 2023

Тілендиевтің ізбасарлары

216 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

«...Жаз өмірін,
мәз өмірін қысқартып,
Бара жатыр,
бара жатыр құс қайтып...»
Нұрғиса Тілендиев көзі тірісінде концертінің бәрін осы әнмен аяқтайды екен. Халқы композитордың аманатын орындап, жанына жақын тартқан дәл осы әнмен Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында атақ­ты перзентін ақтық сапарға шығарып салғаны әлі есімізде. Көрермен қауым тағы да филармония­да «Құстар қай­тып барадыны» бірге шыр­қап, компози­­тор рухына тағзым етті.

Тілендиевтің ізбасарлары

Н.Тілендиев атындағы респуб­лика­лық дирижерлер байқау гала-кон­цертінде біз де сол сәтке куә бол­дық. Гала-концерт халықтың жас дирижерлер өнерімен танысуына үлкен мүмкіндік сыйлады. Қатысушылар ара­сынан конкурс жеңімпаздары гала-концертте белгілі болып, жүлдегер­лер сахнада өнер көрсетіп, халыққа шығармашылық есеп берді.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түпкірінен 18 бен 35 жас арасындағы дирижерлер мен жоғары оқу орын­дары­ның талантты студенттері таңда­лып алынып, 19 үміткер сайысқа жолдама алған болатын.

Байқау мақсаты – еліміздегі талантты дирижерлердің басын қосып, жас дарындардың бір-бірінің өнерімен жақынырақ танысуына әрі тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру. Сондай-ақ ұйымдастыру комитеті жас таланттар арасынан жаңа есімдерді анықтап қана, қазақ дирижерлік өнерін дамытып, Н.Тілендиевтің шығармашы­лық бай мұрасын насихат­тауды да басты назарға алып отыр.

Аталған байқау қазақ музыка өне­рін­дегі қайталанбас тұлға – Н.Тілен­диевтің құрметіне орай 2004 жыл­дан бері 2 жылда бір рет ұйым­дастыры­лып келеді. Алайда әртүрлі себептер­мен үзіліп қалған бұл шы­ғармашы­лық байқау биыл қайтадан жалғасын та­уып отыр.

Байқау қорытындысы бойынша Әбілқайыр Сағымбаев – бас жүлде, Әбіл­қайырхан Бейсеков – I орын, Мәди Өмірзақов – II орын, Медет Ес­бер­генов, Бекболат Әбдіберікұлы – III орын, Меруерт Мұқанова мен Жам­был Мейірбеков – диплом, Сәтқозы Мұх­тар – «Н.Тілендиевтің шығармасын үз­дік орындағаны үшін» арнайы жүлдесі, ­ал Алия Сали ынталан­дыру сыйлығына ие болды.

Мәдениет және ақпарат министр­лігінің қолдауымен өткен байқаудың жүлде қоры 5 миллион теңгеге жетіп отыр. Бас жүлде – 1,5 млн теңге, I орын – 1 млн теңге, II орын – 600 мың теңге, III орын (екеу) – 400 мың теңге. Өзге де жүлдеге ие болған жастар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Гала-концерттен соң байқау жүл­дегерлерімен аз-кем тілдесуді жөн көр­дік. П.И.Чайковский атындағы Ал­­маты музыкалық колледжінің оқы­­тушысы, Н.Тілендиев атындағы бай­қаудың дипломанты атанған Меруерт Мұқанованы сөзге тартқан едік.

– Байқау екі кезеңнен тұрды. Бі­рінші кезең қатысушыларға қиын соқты деп санаймын. Дирижердің оркестрмен жұмыс істеуде өз құпиясы мен әдіс-тәсілі баршылық. Ал екінші кезеңде өзіміз таңдаған шығарманы орындадық. Дәулеткерейдің «Топан» күйін алып шықтым. Партитураға қарауға да, жатқа да орындауға болады. Жалпы, байқау жоғары дәрежеде өтті, – дейді 9 жылдық тәжірибесі бар музыкант. Оркестр дирижері бүгінге дейін Айтқали Жайымов, Шамғон Қажығалиев атындағы республикалық конкурстардың, М.Төлебаев атындағы халықаралық байқаудың жүлдегері атанған. Сондықтан да республикалық конкурсқа жолдама алған дирижер біткеннің осал емесі анық.

Қазылар алқасының шешімімен қа­рағандылық дирижер Әбілқайыр Са­ғымбаевтың орындау шеберлігі жо­ғары бағаланып, бас жүлдені қан­жы­ғасына байлады. Жеңімпаздың қуа­ны­­шына ортақтасып, сахна сыртын­да бай­қаудан кейінгі әсерін сұрап үлгер­дік.

– Ғажап әсердемін. Себебі «Оты­­рар сазы» сынды кәсіби оркестр­мен жұмыс істеу жанға рақат сыйлайды. Кез келген дирижер үшін мұн­дай­ оркестрмен жұмыс істеу үл­кен құр­­мет қой. Байқауға келер бол­сақ, Н.Ті­лен­диевтің қолтаңбасын, шы­ға­р­­­­-
ма­сындағы ерекшеліктер мен жау­һар ойын оркестрге жеткізу оңай дү­ние емес. Н.Тілендиев туындылары қазақ оркестрінің шарықтау шыңы десем артық айтпаспын. Сондықтан екі кезең де қатысушылар үшін оңай болмады. Екінші кезеңде солистпен де жұмыс істедік. Дирижерге әрі солиспен, әрі оркестрмен жұмыс істеу екі есе күрделі. Әр әншінің өзіне тән темпераменті, әуенге деген сезімі бар. Осы сәтте солистің ыңғайына қа­рай оркестрді басқару – өте жауапты тап­­сырма, – дейді толқынысын баса алмаған дирижер.

Байқауда ІІІ орын алған Медет Есбергеновтің анасымен де тілдесу сәті бұйырды. Медеттің анасы Жайдар Қабылтайқызы да музыкант, оркестр дирижері екен.

– Балам – Жетісу облысындағы М.Төлебаев атындағы халық аспаптар оркестрінің дирижері әрі көркемдік жетекшісі. Өзіміз де өнерге жақын отбасымыз. Сондықтан да Медетімізді кішкентайынан музыкаға баулыдық. Мәскеу қаласында дирижерлік өнер бойынша білім алды. Баламыз осы байқаудан үшінші орын алды, – деді қуанышы қойнына сыймай.

Жайдар Қабылтайқызы өнерден алыс адам болмағандықтан, байқаудың барысы мен қатысушылардың қарым-қабілеті жайында да пікірін білдік.

– Байқаудан соң арнайы гала-кон­церт өткеніне қуаныштымыз. Кон­церттің шарықтау шегі – кештің Н.Ті­лен­диевтің әнімен аяқталғаны бәрі­мізге ұнады. «Құстар қайтып барады» әнін оркестрмен қоса шырқау ерекше күйге бөледі.

Өзім музыкант болғандықтан, жас­тардың дирижерлік қимылына аса мән бердім. Оркестрді сезіну қабілеттері бар. Бас жүлдені иеленген баланы естуім бойынша Н.Тілендиевтің шығармаларын оркестрге лайықтап өзі өңдеп жазған көрінеді. Қол-қимылы болмай жат­са да, бар жүрегімен шынайы сезі­ніп, халыққа жеткізуге тырысты. Жас­тар­дың деңгейі жаман емес. Осындай жас музыканттар барда, Н.Тілендиев атамыздың ізбасарлары барда, халық музыкасы, дәстүрлі өнеріміз асқақтай береді деген сенімдемін, – дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 2025 жы­лы Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толуына орай аталған байқау­ды рес­публикалық және халықара­лық ­де­ң­гейде кеңінен ұйымдастыру қазір­ден қолға алынып отыр. Алдағы уақыт­та байқау аталымдары «Ас­папта ойнау», «Эстрадалық вокал» сын­ды бағыттармен толығуы мүмкін.

 

Айсұлу СЪЕЗХАН,

«Egemen Qazaqstan»-ның штаттан тыс тілшісі

 

Алматы