Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»
Осы орайда жылыту маусымының жай-күйін білмек болып облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукинге жүгінген едік.
«Облыс аудандарындағы жылыту қазандықтарының жалпы саны – 494, соның 24-і орталықтандырылған. Сондай-ақ 351 автономды түрде жылу беретін қазандықтар бар және 119 қазандық жергілікті деп аталады. Олар 1 131 әлеуметтік-тұрмыстық, 1 400 көпқабатты үйді жылытады. Соның 1 135-і – Петропавл қаласының өзінде. Осынша қазандықты үзбей жағу үшін барлығы 618 мың тонна көмір қажет», деді ол.
Бүгінгі таңда көмірдің бағасы тұрақты емес. Түрлері мен сапасына қарай оның бір тоннасының бағасы 12 500 теңгеден 20 мың теңгеге дейін құбылады. Мәселен, қазір Екібастұз көмірінің бағасы 12 500 теңгеден 14 мың теңгеге дейін өзгеріп тұр. Шұбаркөл көмірінің бағасы 16 600 теңгеден 19 мың теңгеге дейін құбылуда. Ең қымбаты – Қаражыра көмірі, оның бағасы 20 мың теңгеге дейін барады. Ал Майкөбе көмірі 15 мың теңгеден 18 мың теңгеге өсті. В.Лукиннің айтуына қарағанда, көмірдің бағасы шектен шығып кетсе, әкімдік бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі құзыретті органға тапсырма беріп, қымбаттатудың негізділігін тексертеді.
Облыстың елді мекендеріндегі жекеменшік үйлерде тұратын тұрғындарына 419 мың тонна көмір қажет болса, өкінішке қарай, соның 157 мың тоннасы ғана жеткізілген. Бұл – 37 пайыз ғана деген сөз. Бұл мәселе алаңдаушылық тудырады. Облыс әкімдігі мен «Жүк тасымалдау» АҚ көмір тасушы вагондардың келуіне мониторинг жасап отыр. Келген көмірдің облыс аймақтарына таратылуы үшін тасымалдаушылармен 228 мың тоннаны тасуға келісімшарт жасалған.
Облыс аумағында көмір қабылдайтын 32 тірек бар, қазір оларда қордаланған көмірдің көлемі – 33 мың тонна. Ауыл тұрғындарына көмір тарату желтоқсан айына дейін жүргізіледі.
Облыс орталығын жылумен қамтамасыз ететін «Севказэнерго» АҚ қарайтын ЖЭО-2 қоймаларында қазір 116 мың тонна көмір, 641 тонна мазут жатыр, бұл жылу электр стансасының 22 күнге жұмыс істеуіне жетеді. Қалған көмір кестеге сәйкес түсіп тұр», деді В.Лукин.
Петропавл қаласын жылумен қамтамасыз ететін осы ЖЭО-2-нің жұмысына халық қатты алаңдап қарайды. Өйткені былтырғы 20 наурызда оның 150 метрлік мұржасы құлап, бүкіл жұрт естіген. Кірпішпен өріліп жатқан жаңа мұржа биыл 23 метрден 39 метрге дейін қисық кетіп, қайтадан бұзылды. Енді пайдалануға беру уақыты да белгісіз мерзімге созылып кетті. Қазір осы кәсіпорынның екі қазандығы жөнделіп жатыр. Сонымен бірге бір турбоагрегаттың жөндеу жұмысы аяқталып келеді. Қалған алты қазандық пен бес турбоагрегаттың жұмысы тексеріліп, пайдалануға дайын екені анықталды.
Бүгінге дейін қалада әлеуметтік саланың 163 нысаны жылуға қосылған. Оның 101-і – білім беру, 22-сі – денсаулық сақтау, 25-і – әлеуметтік-тұрмыстық, 15-і – спортқа арналған нысандар. Қаладағы №44 мектеп автономды түрде өз қазандығымен жылытылады. Қазір осы мектепке 500 тонна көмір жеткізілді. Сонымен қатар қаланың шеткергі аудандарындағы 4 мектеп электр қуатымен жылытылады.
Петропавл қаласының көпқабатты үйлер қоры 1 164 нысаннан тұрады. Соның 1 135-і орталықтандырылған жылуға қосылған. Олардың 1 128-інің жылу жүйесі тексеріліп, жылу қабылдауға дайын.
Биыл облыс бойынша барлық қазандықты жылыту маусымына дайындау үшін 763 млн теңге қаражат бөлінген екен. Бүгінге дейін соның 609,7 млн теңгесі игерілген. Айыртау, Мамлют, Ғ.Мүсірепов, Тимирязев аудандарының қазандықтары жөнделіп жатыр. Соның ішінде Айыртау ауданының орталығы Саумалкөл ауылының шағын ауданындағы қазандықтың жөнделуі 95%-ға жеткен. Мамлют ауданындағы қазандықты жөндеу де аяқталып қалған. Ал Ғ.Мүсірепов ауданындағы жылу трассасы жөнделуінің аяқталуы 30 қыркүйекке белгіленген. Тимирязев ауданының орталығындағы орталық қазандық 25 қыркүйекте дайын болмақ.
Облыс аудандарында орталықтандырылған жылуға білім саласының – 602, денсаулық сақтау саласының – 363, мәдениеттің 166 нысаны қосылады. Солтүстік Қазақстанның жылыту маусымын қарсы алардағы дайындығы әзірге осындай.
Солтүстік Қазақстан облысы