Дереу атқа қондық. Қасымда сол тұста «Қазақ елі» апталығының астаналық тілшісі қазіргі таңда танымал кәсіпкер Самархан Өмірханұлы бар. Ағамыз қаланың шетіне таман Құрылысшылар көшесі, 1а-үйдің 5-қабаты, 44-пәтерінде тұрады екен. Алдын ала телефон арқылы айтылған уәде бойынша қайын атасы, қоғам қайраткері Қашқынбай Мәлікұлының фотоларын дайындап қойыпты. Әбден ысылған, тиянақты адам екені көрініп тұр. Қалың қағаз арасынан суырып шығып, қажет фотоларды қолымызға ұстатты.
Сол екі ортада қопыраған көп қағаздың арасынан «Ізгі ниетпен Қасымжомарт Тоқаев» деп қол қойған хатты көріп қалдық. Ол кезде Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздің Премьер-министрі болатын. Хат Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бланкісіне жазылып, оң жақ шекесіне тіркеу нөмірі (14-8/т -665,1) көрсетіліп, 2001 жылдың 23 сәуір күні жолданыпты. Хаттағы жазуды оқып үлгермедік. Ағамыз оны биіктеу жерге қойып жатып: «Қазіргі үкімет басшысы Қасымжомарттың әкесі Кемел ағамен кезінде хат алмасып, хабарласып тұрған едім, бұл маған рахметін айтып баласының жазғаны еді», деді. Бар айтқаны осы. Тіпті жүзінде мақтаныштың лебі де жоқ. Басқа біреу болса ағыл-тегіл көсілер ме еді кім білсін...
* * *
Осы оқиға содан бері үнемі көкейде жүрді. Жуықта жазушы Кемел Тоқаевтың 100 жылдық мерейтойы республика көлемінде аталып өтіп жатқанын көріп, жоғарыдағы Тоқталхан ағаның айтқаны есіме түскені.
Содан Тоқаңның ойдағы-қырдағы балаларына хабарластым. Құдай оңдағанда Тоқталхан Нұғыманұлы өзі дүниеден өтерінен бір жыл бұрын «Адамның қыры мен сыры» атты мемуарлық естелік кітап жазып, онысы 2008 жылы Қарағанды қаласындағы «Kagan» баспасынан жарық көрген екен.
Осы еңбекте жоғарыдағы оқиғаның ұзын-ырғасын былай деп жазылады: «1966 жыл. Қарашаның 7-сі. Мәскеу қаласы. Октябрь революциясының ұлы мерекесі аталып өтуде. Осындай тарихи датаның куәсі болғанымды зор бақыт деп есептеймін. Менің мұнда келу себебім: Моңғолия Республикасы Ұлттық қауіпсіздік саласында қызмет атқаратын бір топ адам кеңестік барлау жүйесінің екі жылдық іс-тәжірибесінен өту үшін келген едік. Осы екі жылда барлау қызметінің не бір қулық-сұмдығын үйреніп, сыр-сипатына қанықтық. Темірдей тәртіп, басқан ізің мен айтқан сөзің аңдулы. Әр ай сайын сынақ. Одан сүрінбей өтсең, мәртебең артады, жалақың өседі. Өңшең моңғол. Жалғыз қазақпын. Теориялық ілімнен сүрінбеймін, қиыны – тапаншамен нысана көздеу. Күнделікті ату сабағынан үнемі мүлт кетем. Мен үшін үш оқпен 30 ұпай алу арман. Сөйтіп жүргенде, тапаншамен атудан қорытынды емтихан тапсыратын болдық. Тәңірге тәу етіп, жалбарынған ниетпен ұйқыға шомдым. Ертеңінде ең соңында мен ататын болдым. Себебі жақсыларды алдыға жіберді. Олар 27, 28, 29 ұпай алып жатыр. Ең соңында мен аттым. Үш оғым да ондықтың ортасын ойып түсті. 30 ұпай. Біреу сүйінді, біреу күйінді...
Ертеңінде жатақханадан шықсам, есік алдында әскери жаттығу пәнінен сабақ беретін Шилов атты ұстаз ұзын бойлы, кең жауырынды, апайтөс азаматпен сөйлесіп тұр екен. Шилов мені «бері келіңіз?» деп шақырды. Жақындай бергенімде әлгі адам маған «Ассалаумағалейкум» деп қолын созды. Ол кезде бұлай амандасу ерсі көрінетін. Сонда да дәстүрден жаңылмай «Уағалейкумсалам» деп қолын алдым. Ол кісі менің қайдан келгенімді, кім екенімді сұрап жатыр. Мен де білген-түйгенімді айтып жатырмын. Салт-сана, дәстүр туралы сөйлестік. Әңгіме барысында әлгі ағай:
– Сені көріп, қаймағы бұзылмаған қазақы қалыпты танығандай болып қуанып тұрмын, – деді. Азаматтың бұл лебізіне арқаланып:
– Асанқайғы бабамыз, Алтайдың биік шыңына шығып тұрып, бұл жердің жұрты ат табанына тозып, халқы өнер-білімнен кенжелеп қалар ма екен, деп алаңдаған көрінеді, – дедім, өзім туған ауыл-аймақтың жайын аңғартып.
Менің ақтарыла айтқан сөзімді үзбей тыңдаған апайтөс азамат: – Жаңа сенің ұстазың қазақ екеніңді және сыннан сүрінбей өткеніңді айтты. Біз осылай сөйлесіп тұрғанымызда өзің шыға келдің. Танысқаныма қуаныштымын, сен еліңе қайтар тұста мен мұнда болмаймын, десе де азаматтарға тапсырып кетем, олар шығарып салатын болады, – деп қоштасты. Қызық болғанда бұл ағайдан «сіз кім боласыз?» деп атын да сұрамаппын.
Мен оқу бітірер тұста, яғни Мәскеуден аттанардан бір апта бұрын әкем Нұғыман келді. Ол кісіні қала аралатып мәре-сәре жүріп, апайтөс ағайдың айтқаны есімнен шығып кетіпті. Мәскеуден аттануға екі-үш күн қалғанда жатақханаға екі қазақ жігіті келді. Қолдарында ағаштан ойып жасалған кереге қанат қыранның мүсіні. Оған «Моңғолиялық қандасым Тоқталханға. Ағасы Кемел Тоқаевтан» деп жазылып және өзінің Алматыдағы әдіресін беріп жіберіпті. Қыранның мүсінін көрген әкей: «Қарағым, мынау тегін адам болмады. Өзінің әдіресін жібергені хат жазып, хабарласып тұр дегені ғой, шамаң келсе хат жаз», деді.
Елге келген соң әкейдің аманаты бойынша Кемел ағама хат жаздым. Ол кісі де маған хат жазып тұрды. – Содан бір күні, – дейді Тоқталхан ағай естелігінде: – Алматыдан семіз конверт келді. Конвертті ашсам алғашқы бетіне «Сарғабанда болған оқиға» деп тақырып қойған үлкен қолжазба кітап екен. Сөйтсем, ағам маған 1975 жылы жарық көрген «Сарғабанда болған оқиға» атты повесін жіберіпті, – дейді. Хатта:
«Құрметті Тоқталхан!
Ең алдымен, Қазақ жерінен, Абай, Жамбыл, Мұхтар елінен көп-көп сәлем жолдауға ұлықсат етіңіз. Қазір өзіңізге мәлім Совет адамдары Октябрь революциясының 60 жылдық мерекесін қарсы алу үшін зор дайындық жұмыстарын жүргізіп жатыр. Бұл ұлы тойға Қазақстан жазушылары да өз үлесін қосу үшін атсалысуда. Мен сондай жұмыстармен Қазақ ССР Министрлер Советі жанындағы Мемлекет қауіпсіздік комитетіне бара қалған едім. Сол жерде Мұрат деген жігітпен таныстым. Ол сіздің өтінішіңізді жеткізіп, хатыңызды оқып берді. Сіздің сұрауыңыз бойынша былтыр «Жазушы» баспасы шығарған «Сарғабанда болған оқиға» деген повестер жинағын жіберіп отырмын.
Сіз менің кітаптарымды моңғол тіліне аударуға талаптанып жүрген ниетіңіз бар көрінеді. Жазушы үшін оның шығармасы достас елдің тіліне аударылып жатса, бұл – үлкен ғанибет іс. Ондай ізгі ниетті қолдаған жөн. Бірақ көркем шығарманың өзіне тән көп ерекшелігі бар. Сондықтан бұл жайында Моңғол жазушыларымен, баспа орындарының адамдарымен ақылдасқан жөн. Еңбек сонда жемісті болады...
Сәлеммен Тоқаев
Алматы, июнь, 1976 жыл».
* * *
Осылай Кемел көкесінің кітабы қолына тиген соң Тоқталхан ағамыз оны тарау-тарауымен жіктеп, жіліктеп аударып, моңғолиялық әскери басылым «Улаан од» («Қызыл жұлдыз») газетіне бастырыпты. Ол газеттің бірнеше санына үзбей жарияланыпты. Кейін осы жариялымдарды жинақтап кітап етіп бастырайын деп жүргенде, 1986 жылы Кемел ағаның өзі дүниеден өтіп кетеді де, жоспары орындалмай қалады. «Екінші дүркін қолға алғанымда, Қазақстанға көш басталып кетіп, аға аманатын аяқтай алмадым...», дейді Тоқаң («Орталық Қазақстан» газеті. 6 шілде, 2002 жыл).
* * *
Өткен ғасырдың 70-жылдары жазушы Кемел Тоқаевпен хат-хабар алмасып, ол кісінің шығармасын моңғол тіліне аударып, онысын Моңғолияның танымал газетіне жариялаған Тоқталхан Нұғыманұлы туралы қысқаша таныстырсақ. Ол 1938 жылы Бай-Өлке аймағында туған. Өзінің естелік кітабында: «Мен туған жылы әкемнің туған жездесі Баймұхамед молда, нағашыларым – Тәукей, Мамәділ, Жұмаділдер «халық жауы» атанып, атылыпты. Мені ұлы шешем бауырына салып асырапты. Апама еркелеп жүріп 11 жасымда мектеп табалдырығын аттадым. 1959 жылы 10 жылдықты бітіріп, Ұланбатыр қаласындағы ұлттық университеттің заң факультетіне қабылдандым. Жоғары оқу орнын бітірген соң, мемлекеттік қауіпсіздік саласында 27 жыл үзбей еңбек етіп, 1991 жылы зейнетке шықтым», деп жазса (Нұғыманұлы Т. «Адамның қыры мен сыры» Қарағанды қаласы, «Kagan» баспа орталығы: 2008 жыл, 27-бет), байөлкелік «Жібек жолы» атты газеттің 2011 жылы №22 санында жарық көрген Тоқаң туралы қызы Нұрымгүл әкесінің Қазақстанға көші-қон басталған 1991 жылы Қобда бетінен 442 отбасын бастап әкеліп, оларды Қарағанды облысының Қарқаралы, Егіндібұлақ, Бұқар жырау аудандарына орналастырғанын баяндапты. Тоқталхан ағамыз 2009 жылы дүниеден өтіп, соңғы тұрағын Қарағанды облысы Осакаров ауданы Сарыөзек ауылының зиратынан тапқан екен.