Энергетика • 28 Қыркүйек, 2023

Газ – энергетика әлеуеті

359 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Ел көлеміндегі энергия көздері қатарындағы көгіл­дір отын – газ саласы­ның соңғы кездегі қарқыны жақсы. ХХІ ғасырдың ортасына қарай көмірсутекті газ отынының әлемдік энер­ге­тикалық баланстағы үле­сі 30 пайызға дейін жетуі мүмкін. Дү­ние­жүзі­лік нарықта газға деген сұраныстың ар­туы жағ­дайында оны өнді­ру, өңдеу, жет­кізу көз­дері­не деген бәсеке­лес­тік те қат­ты өсіп келеді. Осы фак­тор­­дың бар­лы­­ғы «QazaqGaz» ұлт­тық компа­ния­сы­ның құрылуына себеп болды.

Газ – энергетика әлеуеті

Газ – кез келген мемлекеттің энергетикалық кешенінің негізгі құрамдас бөлігі және өнер­кәсіптік дамудың анық­таушы факторы. Елімізде газдың барланған қор көлемі – 3,4 трлн текше метр. Өндірістің 81% үш ірі жобаға тиесілі: Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз.

Ғасырлар тоғысында, 2000 жыл­дың 5 ақпанында «ҚазТрансГаз» акционерлік қоға­­мын құру туралы Үкімет қау­лысы шықты, арада 21 жыл өткеннен кейін ғана оған ұлттық компания мәртебесі берілді. Ұзақ уақыт бойы газ сала­сы мұнай өндіру кешенінің көлең­кесінде қалып келді. Газ тасы­малдау бағыты экспорт-импорт-транзит мәселелері­нің айналасында болды. Деген­мен «ҚазТрансГаз» оңтүстік өңір­лерді газбен үздіксіз қам­тамасыз етуді жүзеге асыру аясында өзіндік ресурстық база­сының іргетасын қалауды да әрдайым назарда ұстады.

чс

2001 жылы Жамбыл облысын­дағы Амангелді газ конденсаты кен орнында алғашқы бұрғылау жұмыстары жүргізілді. Екі жылдан кейін кен орны іске қосылып, онда өндірілген көгілдір отын оңтүстіктегі газ тапшылығы­ның айтарлықтай төмендеуіне ық­пал етті. 2003 жылдың 23 қаза­нын­да Амангелді кен орнында тәжі­рибелік өндіріс басталды. Сол 2003 жылы «ҚазТрансГаз» ресейлік «Газпром» компаниясымен Қазақстан аумағы арқылы түрікмен және өзбек газының үлкен көлемін транзиттеу туралы ұзақмерзімді келісімшартқа қол қойды. Жобадан түскен қаражат елдегі қалалар мен елді мекендерді газдандыруды бастауға мүмкіндік берді.

2021 жылдың 31 желтоқ­санында «ҚазТрансГаз» атауы «QazaqGaz» болып өзгертілді. Қазір компания геологиялық барлау мен өндіруден бастап түпкілікті өнімді жүзеге асыруға дейінгі барлық өндірістік қызмет түрлерін тізбек бойынша тыңғылықты жүзеге асыруда.

Бүгінде «QazaqGaz» ұлттық компаниясы еліміз бойынша жалпы ұзындығы – 20,6 мың шақырымнан астам ма­гистралдық газ құбыр­лары мен ұзындығы 59 мың ша­қырымнан асатын газ тарату желілерін басқарады. Компания ширек ғасырға жуық уақыт ішінде 2,3 млн абонентті көгілдір отын­мен қамтамасыз етті. Ал мұн­дай абоненттердің көлемі күн сайын 85 млн текше метр газ тұтынатынын ескерсек, бұл – аса ауқымды көрсеткіш.

Елімізде кен орындарының басым бөлігі мұнай мен газды құрайды. Бірақ, өкінішке қарай, бұрынырақта ілеспе газ мақсаты­на сай пайдаланылмай, өндіріске тек кедергі деп есептеліп, құр­дан-құр жағылып келді. Дегенмен, уақыт өзгеруде, мұнай-газ сала­сындағы соңғы жаңалықтар көр­сет­кендей, энергетикалық нарық­­тағы тиімділік бойынша ба­сым­дық мұнайдан газға ауысуда. Бұл жөнінде «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Санжар Жар­кешов: «Бүкіл әлемде газға деген қызығушылық артып келеді. Газ – жаһандық тренд. Себебі энер­­­гетикалық қауіпсіздікті қам­та­масыз етуде бұл өнім маңызды рөл атқарады. Жасыл энергетикаға көшуде де көгілдір отынның орны ерекше», дейді.

чс

Коллажды жасаған –Зәуреш Смағұл, «ЕQ»

2022 жылдың басынан бері «QazaqGaz» Атырау, Маңғыстау облысы және Алматы қаласында жалпы сомасы 400 млрд теңгенің жобаларын жүзеге асыруда. Биылғы жылдың мамыр айында «QazaqGaz» Атырау облысының әкімдігімен бірлесіп, «Мақат – Солтүстік Кавказ» магистралды газ құбырының екінші тармағын іске қосты. Инвестициялық жоба Мемлекет басшысының Атырау қаласы мен облысының халқы мен ірі кәсіпорындарын газбен тұрақты түрде қамтамасыз ету тапсырмасын орындау шең­берінде жүзеге асты.  

Ұлттық компания Маңғыстау облысы аумағында биылғы жылы тағы бір инвестициялық жобаны аяқтады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың қыркүйегіндегі облысқа жұмыс сапары барысын­да Маңғыстауды газбен қам­ту жағдайына ерекше назар аудар­ған болатын. Президент Сар­ша елді мекенінен бастап «Жы­лы жағажай» аумағына дейін газ құбырын тарту осы жерде орналасқан Құрық елді мекенін және ондағы өндірістік, курорттық нысандарды да газ­дандыруға мүмкіндік беретінін атап өткен еді. Бұл өз кезегінде өңірдің экономикалық дамуы мен туристік әлеуетінің дамуына да тың серпін бермек. Сөйтіп, Құрық ауылынан Сарша елді мекеніне дейін және «Жылы жағажай» курорттық аймағына газ құбырының жаңа желісі жүргізілді. Сарша елді мекенін газдандыру туристік саланың дамуына ғана емес, сондай-ақ осы аймақта орналасқан бар­лық кәсіпорынды тұрақты түрде газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Мұнда су тұ­щыту зауыты, демалыс базалары, сонымен қатар болашақта пайда болатын қонақүйлер мен ойын-сауық орталықтары да газға қосылады деп жоспарланған.

Биылғы жылдың ақпанын­да ұлт­тық компания «Бейнеу – Жаңаөзен» магистралды газ құбыры екінші тармағының құрылысын бастады. Жобаның тех­но­логиялық схемасына сәйкес, екінші тармақтың жалпы ұзын­дығы 308 шақырымды құрайды, өткізу қабілеттілігі – жылына 5,8 млрд текше метр. 

Жобаны жүзеге асыру арқылы газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілеттілігі артып, Маңғыстау облысының табиғи газға деген сұранысын өтей алады.

Бүгінгі таңда Маңғыстау облысы еліміздің ішкі нарығында табиғи газды ең көп тұтынатын аймақ, сондықтан екінші желі құрылысының әлеуметтік-эконо­микалық маңызы зор, сонымен қатар өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін арттыруға мүмкін­дік береді.   

Бүгінде еліміздің ең басты мегаполисі Алматы қаласының эко­ло­гиясын жақсарту – күн тәрті­бінде өткір тұрған мәселенің бірі. Халық санының үздіксіз өсуі, көлік құралдарының есеп­сіз көбейіп кетуі және жаңа кә­сіп­орындардың пайда болуы он­сыз да ойпаңда, таулардың қал­қасында тұрған оңтүстік шаһар­дың экологиялық ахуалын жылдан-жылға нашарлатып бара­ды. Осы орайда, Мемлекет бас­шысының тапсырмасына сәй­кес, «QazaqGaz» өзінің енші­лес ұйымы «Интергаз Орта­лық Азия» компаниясы арқылы Алматы қаласы аумағында екі автоматты газ тарату стансасының құрылысын бастады.

Ұлттық компанияның тағы бір еншілес ұйымы «ҚазТрансГаз­Аймақ» «Интергаз Орталық Азия­мен» бірлесе, Алматыдағы Жылу электр орталығы сыртқы газ инф­рақұрылымын жүргізу жоба­сына қатысуда. Атап айтсақ, Авто­матты газ тарату стансасы­нан ЖЭО-2 және ЖЭО-3 нысандарына жоғары қысымды газ құбырларын жобалау мен жүргізу шаралары атқарылуда.

ЖЭО-2 нысанына қажетті газ құбырын осы жылдың со­ңын дейін аяқтау көзделген. Ал ЖЭО-3 нысанына қатысты жұ­мыс­тарды келесі жылдың бірін­ші жартыжылдығына дейін біті­ру жоспарланған. Айта кеткен жөн, «QazaqGaz» компания­лар тобы Алматы ЖЭО-ны жаң­ғыр­ту, жаңарту жұмыстарын белгі­ленген уақытынан бұрын орындап келеді. 

Сонымен қатар «Алматы – Байсерке – Талғар» және «Қазақ­стан – Қытай» газ құбырлары арасындағы екі автоматты газ тарату стансасы мен ТIP-04 газ жалғастырғышының құрылысы да қалыпты жүріп жатыр.

Әдетте, қандай да бір жобаны жүзеге асыру жеке инвес­торға тапсырылады. Уақыт өте келе, бекітілген кестеге сай жүзеге аспаған жоба ұлттық оператордың қарауына қайта көшеді. Осы орайда компания барлық тәуекелді анықтау үшін халықаралық компанияларды жұмысқа тартады. 2022 жылдың тамызында жоғарыда аталған жобалар «QazaqGaz»-ға берілгеннен кейін, компа­ния өз есебінен ҚХР-дан негізгі құрал-жабдық тасымалын ұйым­дастырды. Жобалық-сме­талық құжатта­маны техникалық тұрғы­дан өңдеп, құрылыс-монтаж жұмыс­тары үшін жұмыс сызбаларын жасады. Биыл түзетіл­ген жобалық-сметалық құжатта­маға Мемлекеттік сараптаманың қорытындысын алды. Жобаның өңірге экологиялық тұрғыдан әсері де тексерілді. Ендігі мәселе – Қытай және басқа да мемлекеттерден негізгі құрал-жабдықты жеткізіп, жұмыс құжаттамасын дайындау. Бұл жұмысты жүзеге асыру міндеті халықаралық ин­жинирингтік «Technip Energies» компаниясына жүктеліп отыр. Компания газ өңдеу зауыты жобасын бастан-аяқ басқарып, оны іске қосып, өндіріске тапсыруға міндетті.

Өткен жылдың басынан бері ұлттық компания тұрғын халық пен бизнес саласына 389 млрд теңгеге газ бағасына субсидия жасады. Осы кезеңде 450 мыңға жуық отандасымыз газға қол жеткізді.

«QazaqGaz» ұлттық ком­паниясының еншілес кәсіпорны – «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Түркі­стан облысы Келес ауданы­ның Бәйтерек және Жамбыл-2 елді мекендерін табиғи газға қосты. Бұл ауылдарды табиғи газбен жабдықтау үшін газ құбырлары 2021 жылы салына бастаған еді. Табиғи газ Бәйтерек, Жамбыл-2 елді мекендеріне Ғани Мұрат­баев атындағы газ тарату стансасынан (ГТС) көгілдір отын­ды жеткізу үшін 25 шақырым­нан аса газ құбыры төселіп, 2 дана газ реттеу пункті, 414 дана газ реттегіш шкафты пункт орнатылды. Осы шараның арқасында 544 тұрғын үйді табиғи газға қосу мүмкіндігі пайда болды.

Жалпы, Түркістан облысы Келес ауданындағы 83 елді мекенде 133 753 тұрғын тұрады. Бүгінгі күні ауданда 65 елді мекен табиғи газбен қамтылған, яғни елді мекендердің 78%-ы «көгілдір отынның» қызығын көріп отыр. Аудан бойынша абонент саны – 14 629.

Биылғы жылы Келес ауданы бойынша тағы 6 елді мекен­ді табиғи газға қосу жұмыс­тары жүр­гізілуде. Бұл өз кезе­гінд­е ауданның экологиялық таза­лы­ғын қамтамасыз етіп, ауыл тұр­ғын­дарын жылыту маусымында көмір жағып, күл шығару машақатынан құтқарады.

Түркістан қаласы 100 па­йыз газбен қамтамасыз етілді. Түркістан облысының 833 елді мекенінің 470-і (56 пайыз) газдандырылған. Жыл соңына дейін тағы 57 ауылға көгілдір отын жеткізілмекші.

Жаз бойы «QazaqGaz» ұлттық ком­паниясының еншілес кәсіп­орны «ҚазТрансГазАймақ» АҚ мамандары «Интергаз Орталық Азия» АҚ-мен, өңірлердегі ком­му­налдық қызмет және тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лы­ғы бас­қармаларымен, ірі кәсіп­орын­дармен өзара бірлескен, тиімді іс-қимыл жүргізе отырып, 2023-2024 жылдарғы жылу беру маусымына дайындық бойын­ша ауқымды жұмыстар атқарды. Еліміздің барлық аймағын­да газ тарату желілері тексері­ліп, қажет жер­лерде жөндеу жүргізілді, жаб­дықтар ауыстырылды, жаңа газ құбырлары салынды. Қазір­гі уақытта отандық газ тарату желілері алдағы жылыту мау­сымы­на 100% дайын. Бар­лық жос­парланған іс-шара уақы­ты­мен атқарылды, соның арқа­сында тұрғындар жылыту маусымында көгілдір отынды алаңсыз тұтынатын болады.

2022 жылдың жазында «QazaqGaz»-ға қарайтын, табиғи газ өндіретін «Амангелді Газ» ЖШС «QazaqGaz Барлау және өндіру» кәсіпорны болып қайта құ­рылды. Осылайша, жер қой­науын пайдаланудың барлық жаңа жобасы бір құры­лым­ға біріктірілді. Компания жаңа кен орындарын барлау және игеруге 10 жаңа лицен­зия алды. 2022 жы­лы «QazaqGaz» компаниялар тобы бар­лық өндірістік жос­парын орын­дады. Компания бас­шылы­ғының мәліметінше, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанда газ тұтыну 19,9 млрд текше метрді, экспорт 5 млрд текше метрді құрады. Болжам бойынша 2030 жылға қарай елдегі газ тұтыну көлемі 40 млрд текше метрге дейін өседі. Бүгінгі таңда елімізде өндірілетін газ қоры 3,8 трлн текше метр деп бағаланады.

«QazaqGaz»-дың басты мін­дет­терінің бірі – геологиялық барлаудан бастап конфоркаға дейінгі барлық құн тізбегі бо­йынша газ нарығын қалыптастыру және ынталандыру. «QazaqGaz» елі­міздің газ саласындағы оң өз­герістердің катализаторы және елдің газ әлеуетін барынша арттыратын тиімділігі жоғары ойыншы болып отыр. Айта кетейік, осы жылдың мамыр айында газды сатып алудың жаңа формуласы таныстырылды.

Энергетика вице-министрі Асхат Хасеновтің айтуынша, бүгінде газдың орташа бағасы 1000 текше метріне 40-50 долларды құрайды. «Жаңа формуланың көмегімен жаңа бағаны минимум 110-120 долларға жеткізуді көздеп отырмыз. Осылайша, жаңа формула газды 2-2,5 есе қымбат сатуға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде, геологиялық барлау мен газ қорын игеруге жақсы жол ашады», дейді А. Хасенов.

Тұрмыстық газды тұтынудың айтарлықтай бөлігі халықтың қажеттіліктеріне бағытталған, бұл Қазақстан Республикасы Үкі­метінің басым энергетикалық саясаты болып табылады.

«Барлау мен өндіру тиім­ді болмайынша, оған ешкім қара­жат салмайды. Біз жер қой­науын пайдаланушылардан барлау мен өндіруге қандай газ баға­сымен инвестиция салуға дайын екендіктерін сұрадық. Бұл шикі газды сатып алудың жаңа формуласын анықтауға түрт­кі болды. Баға экспорттық бағаға және кен орындарында жүргізілген жұмыстың ауқымына қарай қо­йылады. Бұл формуланы енгізген соң, барлау мен өндіруде жандану басталады деп ойлаймын. Мұндай жағдай басқа елдерде де орын алған. Тиімділік болса, жер қойнауын пайдаланушылар нарыққа өздері газ­дың мол көлемін ұсынады», деді С.Жаркешов.

«QazaqGaz»-дың табиғи газ бо­йынша өзінің жеке қоры 2022 жылы мынадай болды:

– Амангелді кен орны  – 10,26 млрд текше метр;

– Жарқұм кен орны – 0,343 млрд текше метр;

– Айрақты кен орны – 2,485 млрд текше метр;

– Анабай кен орны – 2,226 млрд текше метр.

2022 жылдың желтоқсанында «QazaqGaz» бұрын «Самұрық-Энерго» АҚ иелігінде болып кел­ген «Придорожное» кен орнын қа­был­дап алу рәсімін аяқтады. Ал­дын ала мәлімет бойынша, «При­дорожноедегі» алынатын газ қоры – шамамен 10 млрд текше метр.

2023 жылы Анабай кен орнын пайдалануға беру жоспарланды. Өндірістің болжамды көлемі жылына 16 млн текше метрді құрайды. 2026 жылы болжамды өндіріс көлемі жылына шамамен 48 млн текше метрді құрайтын «Барханное» кен орнын, 2027 жылы өндіріс жылына 142 млн текше метр құрайтын «Придорожное» кен орнын пайдалануға беру жоспарланды. Осылайша, компания ресурстық базаны ұлғайту бойынша нақты және жан-жақты ойластырылған жоспарларымен өз қызметінің жаңа кезеңіне көтеріліп отыр.

Бәсекеге қабілетті, білімді һәм заманға сай бейімделген маман даярлау – компания­ның қызметінің үнемі назарда ұстайтын бағыттарының бірі. Осы тұрғыда «QazaqGaz» ҰК» АҚ Satbayev университетінің Қ.Тұрысов атындағы Геология және мұнай-газ ісі институты, сондай-ақ Қазақ-Британ тех­никалық университеті энергетика және мұнай-газ саласы фа­культетінің студенттеріне атау­­лы стипендиялар тағайында­ған еді. Арнайы байқау жарияла­­­нып, оған 110-нан аса өтінім ке­ліп түсті. Өтінімдерді қарастыру кезінде білім алушының орташа балы, қоғамдық және ғылыми қызметке қатысуы ескерілді. Әлеуметтік осал санаттағы студенттерге ерекше назар аударылды. Іріктеу конкурсының және өткізілген сұхбаттың нәти­желері бойынша комиссия 12 студентті таңдады.

«Біз үшін отандық газ өнер­кәсібі жоғары білікті кадр­лармен толықтырылғаны ма­ңызды. Сондықтан олардың ака­демиялық жетістіктерін қолдау үшін ең жақсы студент­терді таңдадық. «QazaqGaz» атаулы стипендиясы Қазақстандағы бакалавриат студенттері үшін ең үлкен стипендия екендігін атап өту қажет», дейді Ұлттық компания басшысы.

Бұдан бұрынырақ «QazaqGaz» ҰК» АҚ жанынан «QazaqGaz ҒТО» ғылыми-техникалық орталығы құрылған болатын. Компанияның мақсаты – ғылымды, инновация және өндірісті интеграциялау, профессорлардың, оқытушылар мен мамандардың соңғы тех­ноло­гиялық әзірлемелерін жұ­мыс­та қолдану, сондай-ақ газ сала­сындағы қазақстандық ғылым­ды нәтижелі дамыту.

Қорыта келгенде, ел эко­номикасының жетекші драй­верлерінің бірі – «QazaqGaz» ком­паниясы өндірістің, кәсіп­орынның ішкі-сыртқы саясатты, тыныс-тіршілігінің барлық саласы бойынша даму, өрлеу жолында.