Қоғам • 28 Қыркүйек, 2023

Автобус кондиционерінің ішінен контрабандалық темекі табылды

93 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Автокөлік  салонының жоғарғы багаж бөлігінде орналасқан кондиционердің ішінен 299 блок немесе 3 мыңға жуық қорап «MOND» маркалы темекі өнімдері табылды. Бұл туралы ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитетінің баспасөз қызметі хабарлады, деп жазады Egemen.kz.

Автобус кондиционерінің ішінен контрабандалық темекі табылды

Заң бұзушылық 2023 жылдың 25 қыркүйегінде Жетісу облысында болған. «Қорғас-ШХЫО» кеден бекетінің қызметкерлері Шекара қызметінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қытайдан келе жатқан Қазақстан азаматының басқаруындағы «ISUZU TURQUIOSE» маркалы автобусқа кедендік бақылау жүргізген.

«Тауар бойынша алдын ала есептелген төленуге тиісті кедендік төлемдері мен салықтар -  1,1 млн теңгені құрады. Бекітілген нормаларға сәйкес бір жеке тұлғаға 200 темекіні немесе 1 блок темекіні тасымалдауға болады (ЕЭК-ның 2017 жылғы 20 желтоқсандағы № 107 шешімі). Қазіргі уақытта контрабандалық тауар уақытша сақтау қоймасына орналастырылды. Кінәлі тұлғаға қатысты әкімшілік жауапкершілікке тарту және іс материалдарын сотқа жіберу бойынша іс-шаралар жүргізіліп жатыр», делінген Мемлекеттік кірістер комитеті таратқан хабарламада.

Соттың шешімі бойынша құқық бұзушылықтың тікелей объектілері болған тауарлар тәркiленуі мүмкін, сондай-ақ жиырма бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салынады.