Өнер • 29 Қыркүйек, 2023

Күй өнерін ұлықтаған әулет

451 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Ақтөбедегі Ахмет Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркес­трі­нің күйшісі Жайлау Асылханов қырық жылға жуық күй өне­рін, соның ішінде Қазанғап мұраларын ұлықтап келеді. Оның жары мәдениет саласының үздігі Бағдагүл Қосмағанбетова – ән­ші­лікті серік еткен жан.

Күй өнерін ұлықтаған әулет

Осындай өнерлі шаңырақтың тұңғышы Құрманғазы – бүгінде Ахмет Жұбанов атындағы ұлт аспаптар оркестрінде домбырашы. Құрманғазы 2014 жылы Қазанғап атындағы халықаралық байқаудың бас жүлдесіне ие болған күннен бастап өнер жолына түсті. Ал кіші ұлы Құрманғали өнерден тыс са­лада еңбек етсе де, ұлттық ас­пап­тың құлағында ойнай біледі. Жай­лаудың туған інісі Төребек те – күйші. Ол да Ақтөбе музыка колледжінде сабақ береді.

Жайлаудың күйқұмарлығы 5-сы­ныптан басталыпты. 1975 жылы Байғанин ауданының «Ой­мауыт» кеңшарына Ақтөбедегі мәде­ни-ағарту училищесін бітіріп келген жас маман Бейбіт Қалышева қиян­дағы ауылдың мәдениетін көте­руге құлшына кірісіп, мектепте домбыра үйірмесін ашады. «Үйірмеге Бейбіт апайдың інісі екеуміз бірге барған күннен бас­тап күйге деген құмарлығым оянды. Содан бері домбыра қо­лым­нан түскен жоқ. Біз ол кезде Оймауытта тұрдық. Шешем Айман Өтекешова – Қазақ КСР оқу-ағарту ісінің озық қызметкері. Қырық жыл мектепте химия-биология, география пәндерінен сабақ берген шешем өнерді жақсы көрді. Өзінің де домбыра тартатыны бар еді. Менің өнер жолын таңдауыма осылайша шешемнің ықпалы зор болды. Әкем – Жанша Мұстафин соғыс ардагері, ұзақ жыл Доңызтауда агроном болып қыз­мет етті. 1957 жылдан бастап Доңызтауда ауыл адамдары жүгері егіп, Мәскеуге Халық жетістіктері көр­месіне талай барған. Кейін «Оймауыт» кеңшарында кадрлар бөлімін басқарып, зейнеткерлікке шықты», дейді Жайлау.

Жайлау мектептен соң Ақтө­бе музыка училищесіне оқуға түсіп, Берік Ізбасқанов, Қайырғали Қожанбаевтан дәріс алып, қасиетті дом­быраның құді­ре­тін ерекше сезіне түсті. Кейін Құрман­ғазы атындағы Алматы мемле­кеттік консерваториясына оқуға түскенде, ұстазы Әбдухамит Ра­йым­бергеновтың жетек­ші­лігімен Қазанғап күйлерінің тере­ңіне бойлай берді. Жайлаудың өнер жолында күйші Сәдуақас Балмағамбетов пен Жұмабай Жан­сүгі­ровтің де ықпалы зор болған.

Қалай болғанда да Жайлаудың күйшілік бастауында Доңызтау тұр. Қазіргі Ақтөбе, Атырау, Маң­ғыстау облыстарының шекарасы – Үстірт бойындағы Доңызтау бойын жайлайтын бір бөлек жұртта сөз өнері, күйшілік, жыр-дастан, қолөнер, тері кәсіпшілігі мықтап дамыған. Қазақы қалпын сақтап отырған бір қауым жұртты 1959 жылы күшпен Оймауытқа көшірді. Доңызтаудан келген ағайынның арасында Мәмбеталин Нәжімедин ақсақал болған. Бұл кісі ел ішінде Машалақ деген атпен танымал керемет күйші екен. Жайлау бала кезінде Оймауытта домбыра тартатын адамдар көп болғанын айта­ды. Ертеректе өмір сүрген Мәңке атасының «Қоңыр» күйі 2011 жылы Мәдениет министрлігі дайын­даған антологиялық жинақ­қа енді. Арғыдан жеткен осы күй­ді домбырасымен орындап, аңызын да аманаттап кеткен Ойма­уыт­тағы Машалақ күйші екен. Жайлаудың тағы бір арғы атасы Думаұлы Қонақбай Қазанғап күйшінің тікелей шәкірті болған. Қонақбай күйші жөніндегі деректер Тымат Мерғалиевтің «Дом­быра сазы» кітабында бар. Осы кітапта Қазанғаптың жанына ерген шәкірттердің бірі Қо­нақбай Кәдіралы Ержановпен, Тасы­баймен күй тартысты деп жазылған. «Қонақбай Думаұлы аталарыммен бірге туған адам. Осылайша, біздің әулетке күйшілік арғы аталарымыздан келген», дейді Жайлау.

Қазақ даласында әртүрлі күй­шілік мектеп қалыптасты. Ал Ақ­төбе облысында Қазанғаптың күй­шілік мектебі терең із қалдыр­ған. Қазанғап күйлері өте күрделі болса да, халық оны жақсы көрді, сүйіп орындады. Қазанғап күйлерінің ерекшелігі – адамның жан-жүрегін бірден баурап алатын­ды­ғында. Қазіргі Шалқар ауда­нында, Бай­ғанин ауданының Доңыз­тауын­да Қазанғаптың күйлерін шебер орындайтын өнерлі жандар көп болды. Ахмет Жұбанов «Ға­сырлап пернесі» кітабында «Қазан­ғап Доңызтауда тұратын Тө­реш күйшіге барып бата алды» деп жазып кеткен. «Біз сол Қазан­ғапқа бата берген атақты Төреш күйшінің ауылынанбыз», дейді Жайлау Асылханов.

Күйшілік өнер ерте заманда дәнін сепкен топырақтан ешқашан жоғал­майды. Бұл өнердің құдырет­ті­лігі де сонда, кей кезде тыншып жатады да, уақыты келгенде қайта жанданады. Күй арқылы мың­даған жылдың арасындағы дәуір бір-біріне жалғанады, ата-бабаның аманаты домбыра арқылы ұрпағына жетеді. Түрлі кезеңде халық көкірегінен ақтарылған күй арқылы бабалар аманатын шебер жеткізіп жүрген – ел арасындағы Жайлау сияқты азаматтар.

Қазанғап мұрасы кеңес өкіме­тінің қатаң саясаты жылдары ел жады­нан өшіріліп, ұмытылып қала жаздады. Қазанғап күйлерін жаңғыртуға деген құлшыныс 1970-1980 жылдары кібіртіктеп басталып, қазіргі уақытта бір ізге түсті. Кейінгі жылдары әр жерден жоғалған күйлері табылып, насихаты күшейіп, орындаушылар саны да артты. Бірақ Қазанғап мұрасы түгенделді деп айту ертерек сияқты, әлі де көп ізденіс керек. Қазанғап күйін халыққа жеткізуде өнертанушы Әбдухамит Райымбергенов көп еңбектеніп жүр. Оған жас зерттеушілер де қосылды. Бірақ әлі де жұмыс көп. «Қазанғап мұрасы түпсіз терең шыңырау сияқты. Ізденген са­йын бізге беймәлім қырлары шыға береді. Күй – қазақтың тамыры, жаны, жүйкесі. Күй жоғалса, ұлт­тың рухы да жоғалады», дейді Жайлау.

Ұлттық өнерімізді киелі сахнадан насихаттап жүрген Асылханов әуле­тінің ішкі ұстанымы – адал­дық, жалған сөйлемеу және ты­ным­сыз еңбек. Осы үш қағида үй­дің үлкендеріне де, кішілеріне де ортақ. Қазақтың дәстүрлі тәр­биесі қарапайым құнды­лық­тар­ға негізделгенін ескерсек, ата-ана еңбекқорлығы балаларына қашанда үлгі. Жайлау күйшінің шаңырағы осылайша өнер мен қазақы өнегені қатар ұстап келе жатыр.

 

Ақтөбе облысы