Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев облысқа шетелдік инвесторларды тарту мәселесіне айрықша назар аударып отырғаны белгілі. Ол облыс аумағында нақты нәтиже беретін ірі-ірі жобаларды ғана жүзеге асыру қажеттігін салаға жауапты мамандарға шегелеп тұрып тапсырды. Осылайша, инвесторлармен жұмысты жеке қадағалауына алды.
Шынын айтсақ, кейінгі уақытта Жамбыл жеріне ат басын бұрған шетелдік әлеуетті компаниялар басшыларының қарасы арта түсті. Олардың барлығы да Әулиеата топырағына құр босқа келіп жатқан жоқ. Әлденеше жылдың бедерінде ауыз толтырып айтарлықтай нәтиже беретін нақты жобалары баршылық. Қоңыржай белдеуде орналасқан Жамбыл жеріне ат басын бұрған шетелдік инвесторлар өңір басшысына жаңа жобаларын таныстырып, ойға алған жоспарын ортаға салып, бірлесе жұмыс істеуге ниетті екендіктерін жеткізді.
Бірнеше күн бұрын облыс орталығы Тараз қаласына арнайы келген «YILDIRIM» компаниясының бас директоры Исмайл Джейлан және «Qazaq Soda» ЖШС директоры Рамазан Ибраимов Сарысу ауданында салынатын кальцийленген сода шығаратын зауыттың мүмкіндіктері, алдағы жоспары туралы әңгімеледі.
Ірі зауытты облыс аумағында салудың екі тарапқа да тиімді екенін хал-қадерінше түсіндірді. Қысқасы, шетелдік инвесторлар Сарысудың сартап даласында жаңадан бой көтеретін өндіріс ошағы туралы егжей-тегжей әңгімеледі. Сөздеріне сенсек, зауыттың өңір экономикасын көтеруге тигізетін септігі мол.
Деректерге жүгінсек, кальцийленген сода өндіретін зауыттың жылдық жобалық қуаты 500 мың тоннаға дейін жетеді. Әлбетте, шетелдік инвесторлар мұнымен тоқтап қалғысы келмейді. Айтуынша, зауыт толық қуатында жұмыс істеген кезде өндірілетін өнім көлемін 1 миллион тоннаға дейін арттыруға мүмкіндік тумақ.
Исмайл Джейлан келтірген дерек бойынша, жаңа зауыт өнімімен отандық нарықты толық қамтып қана қоймай, кальцийленген соданы бірнеше көршілес мемлекеттерге экспортқа шығарудың да жолдары қарастырылып жатыр. Бір сөзбен айтқанда, ішкі нарықтан бөлек жаңа өнімді экспортқа шығаруға да мүмкіндік мол. Бұл үшін әрине, өнім көлемін жоғарыда айтқандай арттыра түсу керек.
Өңірде бой көтеретін зауыттың құрылысына 400 млн доллар инвестицияланған екен. Осы бір ірі жоба 2025 жылы толықтай пайдалануға берілетін көрінеді. Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарға сәйкес жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Жоба аясында 1000-нан аса азамат жұмыспен қамтылады. Бұл – әрине, қуанышты жаңалық.
Жобаны жүзеге асыру үшін серіктестер сода өндірісінде қолданылатын шетелдік озық технологияларды пайдалануды жөн санаған. Айтуынша, заманауи өндіріс ошағы толықтай қалдықсыз жүйемен жұмыс істейді екен. Нақтырақ айтар болсақ, қалдықтар қайта өңделеді. Қысқасы, қоршаған ортаға зияны жоқ.
Өңір басшысы Ербол Қарашөкеев облысқа инвестиция тартудың экономиканы көтеруде айрықша маңызға ие екенін айтып жүр. Сол үшін де облыс әкімі өңірге инвестиция салуға ниетті шетелдік компаниялардың әлеуеті зор жобаларына қолдау көрсетіп келеді. Салаға жауапты мамандарға инвесторлармен бірлесіп жұмыс істеуді, ірі жобаларға дер кезінде қолдау көрсетуді тапсырған.
Таяуда ғана өңірге ат басын бұрған «VODAR» компаниясының басшылығы Әулиеата жерінде суару жабдықтарын шығаратын зауыт салуға ниетті екендіктерін жеткізді. Деректерге сенсек, Қытайдағы ең ірі жаңбырлатып суару қондырғыларын өндіретін компанияның әлеуеті мен беделі зор. Бүгінде «VODAR» компаниясымен әлемнің 26 мемлекеті бірлесіп жұмыс істеп жатыр. Олардың қатарында Аустралия, Мажарстан, Моңғолия, АҚШ секілді елдер бар. Жамбылдық диқандардың осы жылғы құрғақшылықтан қатты қиналғанын ескерсек, бұл жобаның өңірге тигізер пайдасы зор екенін түсінеміз.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында су үнемдеу технологияларының маңыздылығын атап өткен болатын. Осы жылы жамбылдық диқандар ағын судың мехнатын тартқаны баршамызға мәлім. Сондықтан да су үнемдеу технологияларын енгізудің маңызы зор.
Бұдан бөлек, өңірдегі жерасты су ресурстарын пайдалану бағытында да бірқатар жұмыс атқаруды жоспарлап отырған жайымыз бар. Қазіргі таңда ұңғыма қазу жұмыстарын ширату қажеттігі белгілі. Өйткені субсидиялау қағидаттарына диқандар үшін тиімді өзгерістер енгізілді.
Бір сөзбен айтқанда, өңір диқандары мол өнім алуы үшін жергілікті атқарушы билік қолдан келетін көмектің бәрін көрсетуге әзір. Ол біздің тікелей міндетіміз екені де түсінікті. Енді тек талмай еңбек ету керек», дейді Е.Қарашөкеев.
«VODAR» компаниясының басшысы Жоу Чуангоудың айтуынша, кәсіпорынды «ХимПаркТараз» АЭА аумағында салудың маңызы зор. Ол келтірген дерекке сенсек, зауыттың жылдық қуаты жылына 300-ден аса жаңбырлатып суару қондырғысын құрайды екен. Түсінгенге бұл – шынында да жамбылдықтар үшін өте тиімді жоба.
Қысқасы, қалай алып қарасақ та, Жамбыл облысына шетелдік әлеуетті инвесторларды тарту арқылы экономиканы әртараптандыру жұмыстары бір емес, бірнеше жыл бойы үздіксіз жүргізілетініне еш күмән жоқ. Өйткені қолға алынған ауқымды жобалар аз емес. Олар іске қосылғаннан кейін жүздеген, тіпті мыңдаған жұмыс орындары ашылатыны, жергілікті азаматтардың жұмыспен қамтылатыны даусыз.
Жамбыл облысы аумағына шетелдік инвесторларды тарту бағытында қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Салаға жауапты басқарма қай бағыттар бойынша жұмыстарды ширатуға ниетті? Алдағы уақытта Әулиеатада қандай жобалар іске қосылады? Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасы тарапынан қандай жұмыстар қолға алынған?
«Өңірге инвестиция тарту жұмысын іске асыру барысында алдымен облыстың әлеуетті бағыттарына айрықша ден қоямыз. Стратегиялық бағдарламалар шеңберінде тиісті жұмыстарды жоспарға сәйкес атқарып жатырмыз. Соңғы уақытта өңірге тартылған инвестиция көлемі едәуір артқанын айта кеткен жөн.
Осы жылдың алғашқы сегіз айының бедерінде өңірге 268,1 млрд инвестиция тартылып, нақты өсім сегіз пайызды құрады. Өткен жылдың қорытындысына сәйкес, шетелдік компаниялардан жалпы сомасы 62 млн долларды құрайтын инвестиция тартылып, 2021 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда үш есеге артты», дейді облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев.
Басқарма басшысы келтірген дерекке сүйенсек, осы жылдың алғашқы тоқсанының қорытындысы бойынша 30,9 млн доллар көлемінде тікелей шетелдік инвестиция тартылыпты. Бұл бағыттағы жұмыстарды жауапты басқарма қызметкерлері одан әрі қарай ширата түсуге ниеттеніп отыр.
«Өңірде апта сайын инвестициялық штабтың отырысы тұрақты түрде өтеді. Қолға алынған нақты жұмыстардың арқасында көңіл көншітерліктей нәтижелерге қол жеткізіп отырмыз. Мәселен, бүгінгі күнге дейін өткізілген 38 штаб отырысында 95 жоба, оның ішінде жалпы құны 1,3 трлн теңгені құрайтын 23 шетелдік инвестициялық жоба қаралып, 80 млрд теңге қаржы тартылды. Сондай-ақ 2023-2026 жылдар аралығында жалпы сомасы 1,9 трлн теңге болатын 60 жобаны жүзеге асыру бойынша нақты жұмыстар жүргізіп жатырмыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа жұмыс орындарын құрудың маңыздылығын ұдайы айтып жүр. Өңірде салынатын жаңа зауыттар сол мақсаттың үдесінен шығып, жергілікті азаматтарды жаңа жұмыс орындарымен қамтамасыз етуге мүмкіндік туғызатыны белгілі.
Жоғарыда айтқан жобалар жүзеге асырылған кезде 4 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылатын болады. Осы орайда өнеркәсіп саласына айрықша басымдық беріліп отырғанын айта кеткен жөн. Нақтырақ айтсам, іске асырылатын жобалардың 1,6 трлн теңгеге жуығы өнеркәсіп саласын қамтиды. Яғни жалпы саны 18 ірі инвестициялық жобаны құрайды. Сондай-ақ құрылыс саласында 76,4 млрд теңгеге – 10 жоба, ауыл шаруашылығы кешені бойынша 55,5 млрд теңгеге – 20 жоба, туризм бойынша 14,4 млрд теңгеге 5 жоба жүзеге асырылмақ. Бұдан өзге де бірқатар салада біршама жобалар қолға алынып отыр», дейді А.Сейсебаев.
Басқарма басшысының айтуынша, осы жылы 91,3 млрд теңге сомасындағы 16 инвестициялық жоба іске асырылып, 272 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Бұдан бөлек, 42 өнеркәсіптік-инновациялық жобаның жұмысын жоспарға сәйкес жүргізудің алғышарты жасалған.
Жалпы алғанда, ірі жобаларды іске асыру барысында 2 936 және іске қосу кезінде 4 565 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарланған.
«2023 жылы жалпы құны 27,7 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде, 200 жаңа жұмыс орны құрылмақ. Сондай-ақ 2024 жылы құны 34,9 млрд теңгені құрайтын 5 өнеркәсіптік-инновациялық жобаны аяқтасақ деген ниетіміз бар. Бұл жұмыс сәтімен жүзеге асқанда 426 азамат жұмыспен қамтылады.
Жұмыс қарқыны жыл өткен сайын арта түспек. Мәселен, 2025 жылы 501,3 млрд теңгеге 20 жобаны іске асыруды ойластырып жатырмыз. Ол кезде 2 088 азаматты жұмыспен қамтуға мүмкіндік туады. Ал 2026 жылы жалпы құны 1 222,2 млрд теңгені құрайтын 5 ірі жобаны аяқтауымыз керек. Нәтижесінде, 1 226 жаңа жұмыс орны құрылады», дейді басқарма басшысы.
Жамбыл облысы