Аймақтар • 29 Қыркүйек, 2023

Атырауда тұтыну кооперативін құрғандардың ісі сотта қаралып жатыр

211 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Атырауда тұтыну кооперативі түрінде қаржы пирамидасын құрғандардың әрекеті әшкере болды. Қазір қылмыстық іс сотта қаралып жатыр, деп хабарлайды Egemen.kz.

Атырауда тұтыну кооперативін құрғандардың ісі сотта қаралып жатыр

Қаржылық мониторинг агенттігі Атырау облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің штаб бастығы Бекболат Әнесовтің мәліметіне сүйенсек, тұтыну кооперативіне 296 салымшы тартылған.

«Департамент қызметкерлері тұрғындарды алдап-арбаудың алдын алу үшін мониторинг жүргізіп келеді. Мониторингтің нәтижесінде Атырауда қаржы пирамидасын құрған тұлғалардың ісі әшкереленді. Олар «QazHome» тұтыну кооперативін жеке және заңды тұлғалардың ақшасын немесе өзге де мүлкін тартудан кіріс алу, кейбір қатысушылардың активтерін қайта бөлу, басқалардың жарналары есебінен байыту қызметін ұйымдастырған. Осы деректі тергеу кезінде кооператив қызметіне 296 салымшы тартылғаны анықталды. Салымшылардың тек 35-і ғана шағымданып, арыз жазды. Арыздар бойынша залал сомасы 49 млн теңгеден асады. Қазір аталған қылмыстық іс сотта қаралып жатыр», деп хабарлады Бекболат Әнесов.