Экология • 02 Қазан, 2023

Экологияға жауапты өңір

195 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жетісудың табиғаты көркем дегенімізбен, сол Құдайдың берген қазынасын қадірлейтіндердің қатары сиреп барады. Әртүрлі апаттардан, қоқыс қалдықтарынан, өрт салдарынан қоршаған ортаға зиян келуде. Өңірге жұмыс сапарымен келген Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев өңірдегі қалдықты қайта өңдеу жұмыстарының төмендігін жеткізді.

Экологияға жауапты өңір

Министр кенді шаһар Текелі қаласында облыс тұрғындарымен, коммерциялық емес және қоғам­дық ұйымдармен экологияны сақ­тау, атмосфералық ауа сапасы, орман және балық шаруашылығы са­ла­сын­дағы өзекті мәселелер бо­йынша кездесу өткізді.

Жалпы алғанда, Жетісу облы­сын­дағы экологиялық жағдай тұ­рақ­ты. Дегенмен өңірде ластаушы заттар шығарындыларының нақты көлемі 10,8 мың тоннаны құ­райды. Бұл өткен жылмен са­лыс­тыр­ғанда 10,1 мың тон­на­ға, 6,4 пайызға төмен. Әйтсе де мамандар бұл бағытта әлі де жұ­мыс істеу керек екенін айтуда. Себебі зиянды заттардың көлемі мөл­шерден едәуір артық. Қазір Алматы облысы бо­йынша Жол картасы шеңберінде 8 іс-шараның 6-уы Жетісу облысына тиесілі. Сондықтан табиғатты зиянды зат­тардан тазарту жұмыстары жал­ғаса береді.

«Мәселен, былтыр Талды­қор­­ған қаласының, Көксу және Ескелді аудандарының 6 қазан­ды­ғы газға ауыстырылды. Одан бөлек Ескелді ауданының кәріз же­лілері мен тазарту құрылыс­та­ры реконструкцияланды. Со­ны­­мен қатар Тал­дықорған қа­ла­сының LED-экрандарында ат­мосфералық ауаның сапасы туралы Қазгидромет ақпараты ор­на­лас­­тырылуда. Бұл өз кезегінде тұр­ғын­­дар­ды сақтандыруда ма­­ңыз­ды рөл атқарады», деді Е.Нысанбаев.

Қалдықтарды басқару саласында негізгі проблемалар – қал­дық­­тарды басқарудың әлсіз да­мы­ған инфрақұрылымы, ҚТҚ поли­гондарының нормаларға сәйкес келмеуі, рұқсат етілмеген поли­гон­дар­дың едәуір саны және өрімдердің жоғары тозуы немесе олардың болмауы сияқты мәселелер. Олай дейтін себебіміз, биылғы 6 айдың қорытындысы бойынша ҚТҚ қайта өңдеу және жою жұмыстары 8,2 пайызды ғана құрайды. Бұл – өте төмен көрсеткіш. Ал бұл ретте орташа республикалық деңгей 27 пайыз мөлшерінде.

Қараңыз, космомониторинг аясында биыл өңірде 150 қоқыс орны анықталған. Бүгінде оның 72 пайызы жойылған, яғни 109 бірлігі. Сонымен қатар бірқатар қала және аудан әкімдері полигондарды жоймағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Көпке аян, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021-2025 жылдарға арналған «Жасыл Қазақ­стан» ұлттық жобасын әзір­леу­ді тапсырған болатын.

«Көмірсутекті бейтараптыққа жетуде орман алқаптарын көбейту маңызды рөл ойнайды. Қазақстан орман алқабы аз мемлекетке жатады. Орман қорының көлемі 30 млн гектарды немесе аумақтың 11 пайызын құрайды. Биыл елді жасыл желектендіруде ауқымды жоба басталды», деген еді ел Пре­зиденті. Осы ретте еліміздің орман шаруашылығы саласында Пре­зиденттің бастамасымен 2 млрд ағаш отырғызу жоспарланып отыр. Биыл соған сай Жетісу облысында 7,03 млн  дана көшет бой көтермек. Жыл басынан бері 120 гектар жерге 370 мың дана ағаш отырғызылса, осы күзде 3 мың гектар жерге 6,66 млн дана ағаш отырғызылмақ. Бұл бастама жасыл алқапты өңірдің табиғатын көркейтіп, туризм саласын одан әрі дамытуға жол ашады.

Бүгінде өңірде балық шаруа­шы­­лығында кедергілер көп. Көл жаға­ла­ған жұрт мемлекет та­ра­­пынан қолдау көрмей, істің оңба­сын айтады.  Соған орай өңірде балық саласын дамытуға қатысты балық шаруа­шы­лы­ғын дамыту бағдарламасы қолға алынбақ. Соған сәйкес 2030 жылға дейін Жетісу облысы бойынша балық өсіру көлемін 800 тоннадан 5,4 мың тоннаға дейін жеткізу жос­парланып отыр.

Жалпы, кездесу сұрақ-жауап фор­­ма­тында өтті. Ал іс-ша­­раға қаты­­су­­шылардан келіп түскен ұсы­­ныс­тар проблемалық мәсе­ле­лер­ді шешу жөніндегі іс-қимыл жоспарына енгізілетін болады.

Сондай-ақ министр брифинг бары­сында журналистердің сұ­рақ­та­рына жауап беріп, атқа­рып жат­қан шаруаларды ортаға салды.

 

Жетісу облысы