Өндіріс • 05 Қазан, 2023

Отандық өндірістің әлеуеті

296 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Елімізде Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі ұйымдастырған «Отандық өндіріс» медиа жобасы қанат қақты. Бұл жоба отандық өнеркәсіпті насихаттауға, Қазақстан кәсіпорындарының оң тәжірибесін көрсетуге, елішілік құндылық идеяларын­ насихаттауға бағытталған. Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланға арналған киімдер, тұрғындарға арналған мамық күртелер мен аяқкиімдердің барлығы Алматыда дайындалатындықтан баспасөз туры да осы қаладан басталды.

Отандық өндірістің әлеуеті

Алматы баспасөз туры аясында журналистер мен блогерлер «ҚазСПО-N» және «Қазлегпром-Алматы» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарына барып, өндірістік циклмен, еңбек жағдайларымен және шығарылатын өнім түрлерімен танысты.

«Казлегпром-Алматы» ЖШС – Қазақстанның жеңіл өнеркәсібінің тігін және аяқкиім саласының ірі жоғары технологиялық-өндірістік кәсіпорындарының бірі. Өндірістік қуаты жылына 1,5 млн-ға дейін түрлі тігін бұйымдары мен 500 мың жұп аяқкиім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында 700-ден астам жұмысшы еңбек етеді, орташа жалақы орындалған жұмыс көлеміне байланысты 200-250 мың теңгені құрайды.

Өндіріс – тігін және аяқкиім өндірісінің ең озық технологиялық шешімдері енгізілген заманауи жаңғыртылған кешен. Айтпақшы, былғарыға қажетті материал да Қазақстанда жасалған. Ол Алматы облысының Қарасай ауданында орналасқан «Алматы былғары тері өңдеу зауытына, аксессуарларға Қытай мен Түркиядан тапсырыс беріледі.

Аяқкиім фабрикасындағы жабдықтар – немістікі. Бірақ сонымен бірге ол жыл сайын жаңартылып отырады. Мәселен, өткен жылы әрқайсысы үш-төрт адамды алмастыра алатын 16 техника сатып алды. Үдерістің автоматтандырылғанына қарамастан, мұндағы адамдар жұмыссыз қалмайды, өйткені жабдықты басқару керек.

Тігін цехының өндірістік қуаты тәулігіне 2000-нан астам киім жиынтығын құрайды. Мұндағы техника да заманауи. Қалтаны қолмен тігіп алсаңыз, оған 5-10 минут кетеді, бірақ автоматты машина дәл сол жұмысты небәрі 20-30 секундта орындауға мүмкіндік береді. Тіпті түймелер енді қолмен тігілмейді. 20-30 тігіншімен күніне 400-500 күртеше шығарылады. Жұмыс үдерістерінің барлығы автоматтандырылған.

Өндіріс үшін шикізат әртүрлі көздерден, негізінен Қытайдан, Түр­киядан және Ресейден келеді. Клас­си­калық костюмдер үшін материал­ Италия мен Португалиядан да сатып алынды. «Казлегпром-Алматы» ЖШС арнайы форманы ғана емес, тұрғындарға арналған киімдерді де тігеді. «Біз табиғи маталарды қолданамыз – жүн мен мақта. Біз қазақ ерлерінің киетініне қараймыз. Олар негізінен көзге ұрып тұрмайтын түстерді, көк, қара, сұрдың барлық түстерін, тар, қысқа курткаларды ұнатады. Ал әйелдер үлкен өлшемді күртелерді ұнатады» дейді кәсіпорын дизайнерлері.

Қойма кешені фабриканың аума­ғында орналасқан. Кәсіпорынның қолайлы орналасуы және ыңғайлы кіреберіс жолдары, өз көлігіміз және көлік компанияларымен қалыптасқан қарым-қатынасымыз өнімді ел өңір­леріне жылдам жөнелтуге және жеткізуге мүмкіндік береді.

«Казлегпром-Алматы» ЖШС директоры Олжас Зияханов Алматының өзінде күніне бір жарым миллион адам жұмысқа шығатынын айтып берді. Ал қала маңындағы ауылдарда осындай зауыттар ашылса, бұл біздің халыққа тиімді. Кептелісте екі-үш сағат тұрып уақытын жоғалтпайды. Компания арнайы киім тігу бойынша мемлекеттік сатып алуға қатысады. Бүгінгі таңда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің, Қорғаныс министрлігі мен Ұлттық ұланның тапсырыстарын орындайды. Өнім негізінен ТМД елдеріне экспортталады. Басшылықтың жоспарында 300 жұмыс орнына арналған тағы бір өндірістік желі салу арқылы өндірісті кеңейту бар. Қазіргі уақытта фабрика­ құрылысын қаржыландыру өтінімі өнеркәсіпті дамыту қорында қаралып жатыр.

Баспасөз турының келесі объектісі «ҚазСПО-N» ЖШС болды. Бұл кәсіпорын 1996 жылдан бастап мұнай-газ секторына, арнайы бөлімшелерге арналған жұмыс киімдерін, табиғи мамықтағы сыртқы киімдерді шыға­румен айналысады. Кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 30-40 мың бірлікті құрайды. Компания өз өнімдерін жақын және алыс шетелдерге экспорттайды.

Елімізде кәсіпорынның мата қат­ты­лығы мен қыл-қыбырының сапасын анықтау бойынша өзіндік бірегей зертханасы бар. Тұрақты негізде халықаралық көрмелерге қатысады, онда жүлделі орындарға ие болады. Директор Елена Свечникова атап өткендей, кәсіпорын базасында кадрлар даярлайтын мектеп құрылды, онда барлық тілек біл­ді­рушілерді тұрақты негізде тегін оқытумен айналысады.

Объективті қиындықтарға қара­мас­тан, компания жақын аймақтар бойынша филиалдық өндірістік желіні кеңейтуде. Биыл Есік қаласында 100 жұмыс орнына арналған жаңа өндірістік цехты іске қосу жоспарлануда.

Жалпы, Алматының өнеркәсібі сенімді өсуді көрсетіп отыр. 2023 жылғы қаңтар-тамызда өнеркәсіп өнімі 1 303,7 млрд теңгеге өндірілді, бұл 2022 жылғы қаңтар-тамыз деңгейіне қарағанда 121,7 пайызға жоғары. Соңғы жылдары автомобиль жасау қарқынды дамып келеді. Алматының индустриялық аймағы аумағында Hyundai автомобиль зауытын (2020 жыл) іске қосу көлік жасау кластерін дамытуға сәтті серпін берді. 2022 жылы Өңдеу өнеркәсібі өсімінің 70%-ы автомобиль жасау есебінен қамтамасыз етілді, 37,2 мың автомобиль өндірілді, Салықтық түсімдер 8,7 млрд теңгені құрады.

Қазақстан Республикасы Стра­тегиялық жоспарлау және реформа­лар агенттігінің Алматы қаласы бо­йынша Ұлттық статистика бюросы департаментінің деректеріне сәйкес жұмыс істеп тұрған өнеркәсіптік кәсіп­орын саны – 6 586.­ «Отандық өндіріс» медиа жобасы аясында ағымдағы жылдың соңына дейін баспасөз турларына қатысушылар Шымкент қаласының, Түркістан, Павлодар, Қарағанды, Ақмола облыстарының кәсіпорындарына (тоқыма кәсіпорындары, жиһаз шығару бойынша, ірі өнеркәсіптік зауыттар, оның ішінде Кентау трансформатор зауыты және «KamaTyresKZ» ЖШС) барады.

 

АЛМАТЫ