Сөйтіп, бүгінде шабындықтары бірден 18 гектарға кеміген мал иелері қыста төрт түлігіне жемшөпті қайдан тауып береміз деп, сарыуайымға салынып отыр. Кеңтүбек ауылдық округіне қарасты аумақта, Ертіс өзенінің жайылмасында орналасқан өнімді шабындықта жергілікті азаматтардың пайы бар екен. Яғни құжатта «ортақ пайдаланылатын үлескерлік жерлер» деп көрсетілген. Тоқырау тұсында кеңшар тарап, бірі ортақ мүліктен трактор, бірі жүк көлігін алып жатқанда, атакәсібімізге бағыт алған жергілікті бір топ тұрғын әлгі жерді үлеске таңдаған. Кеңтүбектегі шабындық жерлерді бөліске салу жөніндегі соңғы жасалған үлескерлік құжатта былай делінеді: Мұрат Сламбеков – 20 гектар, Толқын Жұмабекова– 32 гектар, Жанат Саттаров – 6, Ерболат Жұмкеев – 10, Бердібек Дүйсенов – 20, Әсем Қабыкенова – 10, Нұрлан Қалжанов – 6 гектар. Яғни жиыны 104 гектар жер осы үлескерлерге бекітіліп берілген. Алайда үлескерлер аудандық жер комиссиясы толтырған бұл хаттамаға келіспей отыр.
– Бізді аудан билігінің өкілдері алдап соғып отыр. Мәселе былай, сонау 1998 жылы алған үлесіміз бойынша аты аталған азаматтарда жалпы аумағы 160 гектардан астам ортақ пайдаланымдағы шабындық жер болған. Содан жылдар өте жер карталары жаңарған сайын шабындық жерлеріміздің аумағы әртүрлі себеппен кеми берді. Мал басы болса жыл санап өсіп келеді. Ел қатарлы даму үшін мемлекеттің көмегі ауадай қажет еді. Содан мен 2020 жылы «Бәсеке» (хаттамада көрсетілген Толқын Жұмабекова бұл кісінің жұбайы), Шаймұрат Дүйсенов «Қылышбек», Мейрамбек Әубәкіров (жер иесі – Әсем Қабыкенова) «Бақбер» атты шаруа қожалықтарын құрдық. Біз бұл жерлерді жеке азаматтар ретінде 4 жыл 10 айға жалға алып келгенбіз. 2018 жылы жергілікті жер қатынастары бөлімі әупірімдеп жүріп 122 гектар шабындықты жалға беру мерзімін ұзартты. Жердің картасын өз қаражатыма, 70 мың теңгеге жасатып бердім. Негізі оған мемлекет қаражат бөлуі керек еді. Арада бес жылға жуық уақыт өткенде, биылғы көктемде жауапты мекемеге хабарласып, жерді жалға алу мерзімін ұзартуды өтінген едік. Аудан билігі біздің өтінішімізді үш мәрте қанағаттандырмады. Сөйтсек, ондағылар жеке шаруашылықтар үлескерлік жерді ала алмайды деп қарап отыр. «Ендеше, заңға сәйкес конкурс ойнатыңыздар, біз оған қатысып өзімізге тиесілі жердің мәселесін әділ жағдайда шешіп алайық» деген шешімімізді айттық. Алайда аудан билігі бірден бұлтаққа салды. «Жерге қатысты үлескерлер көп, біз бірден барлық аумақты конкурсқа шығара алмаймыз, мәселенің жалғыз жолы – шаруа қожалықтары шауып жүрген телімдерді өз әйелдеріңізді атына жазып, жеке азамат ретінде жалға алу мерзімін ұзартыңыздар» деген ақылдарын айтты. Хош, оған да көндік. Сөйтсек, әкімдік қызметкерлерінің бір бармағы бүгулі екен. Олар көп уақыт өтпестен өз беттерімен қаулы шығарып, біз шөп шауып отырған шабындықтан 18 гектар жерді апарып Қ.Бейсекеев деген өзге бір тұрғынға бере салған. Аяқ астынан айран-асыр болдық та қалдық. Түсіндіруді талап еттік. Қ.Бейсекеев 2018 жылға дейін үлесте болған, бірақ оның жері бөлек аумақта болатын. 2018 жылы жасалған үлескерлік картаға оның телімі кірген жоқ, себебі белгіленген аумақтан сыртта қалып қойды. Осыны негіз ретінде алға тартсақ, әкімдік бізді тыңдаудан бас тартып отыр. Жер кодексінің 37-бабы, 2-тармағына сүйенсек, жерді бұрыннан жалға алып жүрген шаруашылықтар ешбір заң бұзушылық жасамаса, жерді жөнімен пайдаланса, қолданыстағы жерді жалға алу мерзімі ұзартылуы керек. Яғни жергілікті жер жөніндегі комиссия оны қайта қарамауға тиіс. Олар бұл талапты орындамай отыр. Екіншіден, мұндай жөнсіз әрекеттері арқылы мемлекеттік органдар біз құрған шаруа қожалықтарының дамуына кедергі келтіріп отыр, – деп мұңын шақты «Бәсеке» ШҚ басшысы Жанат Жұмабеков.
Сайып келгенде аталған шаруа қожалықтарының атында бүгінде шабындық жер жоқ. Шаруалар жердің болмауынан қаржы ұйымдарынан қарызға не қаражат, не техника ала алмайды. Жанат Бекенұлының айтуынша, әлгі 18 гектар жер бұған дейін оның иелігінде болған. Алайда қайбір жылдары карта жаңарған уақытта оны әкімдік өкілдері құжат жүзінде кемітіп жіберіпті. Аудан әкімінің орынбасары Әділет Сыздықбаевқа бірнеше рет жүгініп, конкурс ойнатуды сұрап барғанда ол: «Сен бұл конкурсты бәрібір ұта алмайсың, райыңнан қайтып біздің айтқанымызға көн» деп шығарып салған. Мәселенің оңай шешілмейтінін ұққан шаруалар аудан әкімдігіне, аудандық прокуратураға, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлік департаментіне арыз жазған. Алайда бұл даулы мәселе жуық уақытта шешіле қоятынына сенімдері аз. «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының заңгерлері ешбір көмек көрсете алмаймыз деп бастарын ала қашыпты. «Ол жерде аудан әкімдігінің таныс адамдары отыр», дейді үлескерлер. Ең қызығы, жоғарыда аталған 18 гектар жер «Қылышбек» ШҚ бұрыннан шауып жүрген жердің үстінен беріле салған. Қ.Бейсекеев «қолымда әкімдіктің қаулысы бар» деген желеумен шөбі шүйгін шабындықты шауып алыпты. Ал ағалы-інілі Бердібек және Шаймұрат Дүйсеновтер жемшөпсіз қалып отырған жайы бар. Амалдары құрыған фермерлер алдағы қыста қолдағы малын қырып аламыз ба деп алаңдайды. «Бұл жерді кезінде әкеміз шауып, одан соң үлескерлік бойынша інім екеуімізге бұйырған. Інімнің шаруа қожалығындағы малдың барлығын несиеге сатып алғанбыз. Жер қатынастары бөліміне әділдік іздеп барсақ, «биылша шыдай тұрыңдар, шөпті сатып алыңдар» дейді. Бұған дейін мекеме басшылары: «Сендердің жерлеріне ешкім тиісе алмайды. Себебі Ертіс өзенінің жайылмаларына биыл су жеткілікті жайылмауына байланысты өзен жағалауындағы шабындықтар бөліске салынбайды, яғни конкурс ойнатылмайды», деп тыныштандырған. Аудан әкімі сол заңды белшесінен басып, жерді өзге азаматқа беру туралы қаулы шығарған. Мұның қандай әділеттілігі бар?» деп қынжылады үлескер Бердібек Дүйсенов.
Мәселенің ізімен аудан әкімінің орынбасары, аудандық жер комиссиясының төрағасы Әділет Сыздықбаевқа хабарласып, жоғарыдағыдай шешімнің не себепті шығарылғанын сұрадық. Комиссия төрағасының уәжіне сүйенсек, Жанат Жұмабеков әлгі 122 гектар жерді өз атына тіркеуге әрекеттеніп жүрген көрінеді. «Өзге үлескерлер жерден қағылып қалмауын ескеріп, әлгіндей қадамдарға бардық», деп ақталды ол.
«Жеке азамат Қ.Бейсекеевтің үлесіндегі жер картада 2018 жылға дейін болған. Алайда ол өзге үлескерлер мені шеттетіп тастады деп шағым айтып келді. Біз, жер комиссиясы өкілдері әділетті болсын деп оған тиесілі жерін алып беріп отырмыз. Жалпы, әлгі 18 гектар жердің 13-і ғана Бейсекеевке бұйырды, өзге 5 гектары Мұсапов деген жеке азаматқа ресімделіп отыр. Себебі бұл тұрғынның да ортақ пайдаланымдағы жерден үлесі болған. Ал Ж.Жұмабековтің үлесінде небәрі 32 гектар жер ғана бар, ол құжатта көрсетілген. Бірақ ол барлық 122 гектарды конкурсқа шығаруды талап етті. Жер комиссиясы мүшелері оның өтінішін қарай келе, егер «Бәсеке» ШҚ конкурста жеңіп кетсе, кейін ол шабындықты өзге үлескерлерге бермей қоюы мүмкін деген күдік туындады. Сондықтан конкурс жариялаудан бас тарттық. Шаруа қожалықтарына өз жерлеріңді жеке адамдарға жазыңдар деп кеңес бергеніміз рас. Себебі заң бойынша қожалықтар жер телімдерін жалға алу мерзімін ұзарта алмайды, тек конкурсқа қатысып, ұту мүмкіндігіне ие», дейді ол.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсақ шаруа қожалықтарын қолдау жөніндегі тапсырмаларын аяқасты етіп, конкурста әділетсіз шешім шығарған комиссия мүшелерінің жөнсіз қылығы да әшкере болды. Артынша комиссияның шешімі жойылып, шаруаның жері қайтарылды. Осындай келеңсіз жайт өңірде тағы қайталанбаса екен дейміз. Ортақ үлескерлердің мәселесін құзырлы органдар әділет тұрғысынан қарап, оң шешім шығарады деген үміт зор.
Павлодар облысы,
Май ауданы