Энергетика • 05 Қазан, 2023

Энергетикалық қауіпсіздік – маңызды мәселе

660 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты биылғы Жолдауында инфрақұрылымды жаңғыртпай жаңа экономи­калық модельді жүзеге асыру мүмкін еместігін атап өткен болатын. Өткен жылы еліміздегі жылу электр стансалары мен жылу желілеріндегі инфра­құрылымдық апаттар энергетикалық жүйеге қаншалықты тәуелді екенін көрсетті. Энергетика саласында әлі де болса жүйелі түрде шешімін таппай отырған мәселелер баршылық. Осыған орай Президент энергетикалық қауіпсіздік мәселесін шешуге айрықша тоқталды.

Энергетикалық қауіпсіздік – маңызды мәселе

Инфографиканы жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Мамандар энергетикалық қауіпсіздік – кез келген елдің негізі және маңызды мәселесі екенін, өйткені ол экономика­лық тұрақтылыққа, ұлттық қауіпсіздік пен халықтың әл-ауқатына тікелей әсер ететінін айтады.

Сонымен қатар Жолдауда энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгі­зуді және 2029 жылға қарай энергияны тұтыну мен энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15%-ға азаюға тиіс екені аталған.

Ақпарат көздеріне қарағанда, біздің экономика әлемдегі энергияны ең көп қажет ететін экономикалардың бірі әрі төменнен есептегенде 8-орында тұр­ған көрінеді.

 Энергия тұтынудың төмендеуі бас­тапқы мақсатта 10% деңгейде белгі­ленгенімен, барлық өндірілетін электр энергиясының 88%-ын құрап отыр­ған тау-кен өндіру, мұнай-газ, химия өнер­кәсібі және металлургия өнер­кә­сібі сияқты салалардан соң (ішкі электр энергиясын тұтынуда барлық өнер­кәсіптің үлесі 51%, халық саны – 22%) қолданыстағы энергия үнемдеу мен оның тиімділігін арттыру бағдар­ламасы төмен тарифтерге байланысты іске аспай қалған.

Бұл ретте «Атамекен» ұлттық кәсіп­керлер палатасының басқарушы директоры, елімізге еңбегі сіңген энергетик Жақып Хайрушев: «Жалпы, энергетика саласындағы өндіріс, тасымалдау, тұтынушылар үшін түпкілікті тариф, жабдықтардың тозуы, электр қуатының тапшылығы, жеке сала ретінде жылу және жылу энергетикасы туралы заңның жоқтығы, энергияны үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру мен ESCO, өнеркәсіпті цифрландыру, BAT, RES жаңа технологиялары, сонымен қатар сала мамандарының еңбекақысы, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау басты мәселеге айналып отыр. Энергетикалық қауіпсіздікке әртүрлі әдіспен, ең алдымен, энергия көздерін әртарап­тандыру шараларын қабылдау арқылы қол жет­кізіледі. Жасыратыны жоқ, біздің экономикамыз 70%-ға дерлік көмірмен жұмыс істегендіктен, энергетикалық құрылымды әртараптан­дыру арқылы біз бір қуат көзіне тәуел­ділікті азайта аламыз.

 Мемлекет басшысы атап өткендей, «жаңартылатын энергия көздері мен су электр энергетикасы жобаларын іске асыруды жалғастыру қажет. Мен бұл жерге атом энергиясын да қосар едім. Сонымен бірге Су электр стансасын әзірлеу кезінде жинақтау жүйесін дамыту аса маңызды. Тарифтерге байланысты салаға шетелдік инвестициялардың тартылуы біздегі орын алған олқылықтарға, табиғи апат­тарға, кибершабуылдарға және басқа да қауіп-қатерлерге сыни тұрғыда төтеп беруімізге әкелді. Әрине, энергиямен қам­тамасыз етудің сенімсіздігін ескере отырып, көршілерімізбен жақсы халық­аралық ынтымақтастықты сақтау керек», дейді.

Ол сонымен қатар энергетика сала­сын дамытудағы басты мәселе инвес­ти­циялық жобаларды іске асыруға және энергетикалық нысандарды жаң­ғыр­ту жұмыстарына бақылаудың жетіл­дірілмегенін, Энергетика министрлігі алдағы жылдары бюджеті 7 трлн теңге­ден асатын 11-ден 14 ГВт-қа дейінгі қуаттылықты енгізуді жоспарлап отыр­ған­ын, осыған байланысты аталған қаражаттың жөнімен жұмсалуын және «Атамекен» ҰКП АЭС бойынша да аталған министрлікпен бірыңғай мониторинг жүйесін құруға ниеттеніп жатқанын жеткізді.

Мұндай цифрлық жүйе энергетика­лық нысандардың пайдалану қызметін жақсартып, нақты уақыт тәртібінде жаң­ғыруы мен қуаттылығы жоғары өндіріс орнын салуда тиімділігін байқатты. Таяуда Энергетика министрлігі жанын­дағы Ситуациялық талдау орталығының негізінде жаңартылған жүйені көрсете­міз, деп отыр.

Осыдан бірнеше жыл бұрын Қазақ­стан Еуропалық экономикалық қауым­дастық профицитке ие болып, көршілес елдерге энергия жүйелеріне электр энергиясын экспорттаған. Сол кезде еліміз электр энергиясы нарығында энергия өн­діру­ші ұйымдардың көрші мемлекет­тер­ге электр энергиясын экспорттауын ұлғай­ту үшін алғышарттар жасады. Бұл ретте электр энергиясына де­ген ішкі сұраныс толығымен қанағат­танды­рылып, тұтыну көлемі жылына 90-92 млрд кВт/сағ деңгейінде болған.

2035 жылға дейінгі энергетикалық теңгерім мен энергетика саласын дамыту тұжырымдамасына сәйкес, 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесі жалпы генерацияның 15%-на дейін ұлғайту жоспарланған.

Бүгінгі таңда энергия балансындағы жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 4%-дан сәл ғана асады екен.

«Негізінен энергияны бөлу өткен ғасырдың дәстүрлі энергетикалық жүйе­сінен жаңа ғасырдың жаңа технологиялары мен тәжірибесіне байланысты энергия ауысуының басты элементі қалыптасты. «Энергияға көшу» тұтынушылардың өздерін де ресурстардың барлық түрін бел­сен­ді түрде тарта отырып, энергия және сумен жабдықтау жүйелерін орта­лықсыздандыру, цифрландыру, зияткер­лік негізінде жүзеге асып, энергия ресурстарының тиімділігін арттыру әрі төмендетумен сипатталды.

Мемлекет басшысының тарифтік саясатты қайта бастауы, тарифтерді белгілеудің жаңа әдістерін енгізу және монополистердің жауапкершілігін жо­ғарылату жөніндегі мәлімдемесінде, Қа­зақстандағы табиғи монополиялар субъектілері үшін қолданыстағы та­риф­терді белгілеу жүйесі оның дамуын тежеп қана қоймай, бүкіл салаға қауіп төндіретінін айтып өткен жөн. Осыған байланысты инвестиция­лар қажетті көлемде жүргізілмей, инновациялық әзірлемелер енгізілмей отыр», дейді Ж.Ғалиұлы.

Тарифтерді белгілеудің қазіргі әдістемесі негізінен халық үшін өте төмен болғанымен, бюджеттік ұйымдар мен бизнес үшін негізсіз жоғары қалыпта. Мемлекет табиғи монополиялар субъек­тілеріне, оның ішінде генерациялау нысандарына тарифті 10 жыл бұрын алдын ала белгілеп, артықшылықты қоса қаржыландыруды қамтамасыз етеді. Сол арқылы инвесторға дивидендтерді қашан алатыны туралы нақты түсінік беретін ынталандырушы тарифтік реттеу енгізіп, сәйкессіздікті жою мақсатында бірыңғай реттеуші орган құратын
болды.

Статистикаға көз жүгіртсек, эконо­микадағы жоғары энергия сыйымды­лығының негізгі себептері мен оны төмен­дету әлеуеті айқындалып, солтүстік елдермен салыстырғанда еліміздің жылумен жабдықтау жүйесінде жылытылатын аумақтың бір шаршы метріне энергия тұтыну төрт есе жоғары екен.

Мемлекет басшысының Жолдауын­дағы «Ірі өнеркәсіптік өндіріс бес жыл сайын технологиялық және экологиялық аудиттен өтуге тиіс. Бұл жағдай инфра­құ­­рылымдық кәсіпорындарға да қатыс­ты», дегені бұл энергоаудиттердің қам­тылуын ұлғайту мен сапасын арттыру үшін өлшеу құралдарына тиісті бағ­дарлама керегін білдіреді.

Сонымен қатар отын-энергетика кешенінің өзімен шектеліп қала алмайтынымыз тағы бар. Энергия тиімділігі барлық тұтынушыны – өнеркәсіп, үй шаруашылығы, бюджеттік ұйымдар мен ауыл шаруашылығы, жылжымайтын мүлік және басқаларды энергиямен қамтамасыз ету керек. Экономиканы энергетикалық ресурстар арқылы қа­жет­тілікті қанағаттандыруда оларды өнді­ру мен тұтыну мәселесін шешіп, электр энергиясы мен жүйелік қызмет көрсету нарығындағы тұтынушылардың рөлін күшейту, электр энергетикасы сала­сындағы көтерме және бөлшек сауда нарықтарының бәсекеге қабілетті үл­гі­ле­рін, нарықтық тепе-теңдікті қалып­тас­тыру кезінде жеткізушілер мен тұ­­т­ы­­­нушылардың тең құқықтарын қамта­ма­сыз ете отырып, нарықтық тетіктерді да­мыту қажеттігін жеткізді маман.

Сонымен қатар болашақтағы атом электр стансасын салу жөніндегі референдум туралы ойын білдірген Жақып Ғалиұлы: «Мемлекет басшысының Қазақстанға «таза» ядролық электр энер­гиясына байланысты АЭС салынбай, бүкіл ел экономикасы құлдырауы мүм­кін. Қазақстан 2060 жылға қарай көміртекті бейтарап елге айналуға міндеттеме алды, ал атом энергиясы бейбіт және таза энергия көзі ретінде кеңінен танылды. Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың 60%-дан астамы көмірді негізгі отын ретінде пайдаланады және түтін газдарын тазарту жүйесі орнатылмаған бұл электр стансаларының пайдалану мерзімі 50 жылдан асып кеткен», дейді.

Жалпы, әлемде бейбіт атомды пайдалану қарқындылықпен дамып келеді. Бүгінде ядролық энергетика – жаһандық энергетиканың ең маңызды әрі қосалқы секторы. Бұл саланың электр энергиясын өндіруге елеулі үлес қосып отыр­ғанын, көмір мен су энергетикасынан кейінгі үшінші орында тұрғанын айтуға болады. Айтпақшы, атом электр стансасы өндіретін электр энергиясының құны басқа электр стансалары өндіретін энергиямен айтарлықтай бәсекелес екенін де ескеруіміз керек.