Былтырғы 20 наурызда 150 метрлік түтін мұржасы опырылып түсіп, кісі өліміне себепші болған осы ЖЭО-2-де тамыз айынан бері құрылыс жұмыстары қызу қарқын алған еді. Бірақ «жығылғанға – жұдырық» демекші, құлаған мұржаны өру кезінде 23-ші метрінен бастап қисық қаланып бара жатқаны анықталып, қайта бұзылды. Енді соны қайтадан өрмекші...
ЖЭО-2-нің жоғарыдан қарайтын ұйымы – толық жекеменшіктегі «Севказэнерго» АҚ бас директоры Анатолий Казановский облыс әкіміне қазіргі жағдай туралы мәлімет берді. Барлық жөндеу жұмыстарына акционер 12 млрд теңге бөлгенін, оның толық игеріліп, жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталатынын айтты. «Биыл жоспардан тыс техникалық зерттеулер жүргізілді. Оның қорытындысы бойынша ешқандай проблема анықталған жоқ. №3-ші мұржаға да жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Бәрі де жылыту маусымына дайын. Жылыту маусымы басталатын 1 қазаннан бастап қажет етілетін 5 қазандық-агрегаттың орнына 10 қазандық-агрегатпен іске кіріскелі отырмыз», деді ол.
Ғауез Торсанұлы барлық қызметтерді инженерлік жүйелер арқылы қатаң бақылауда ұстауды, облыстың ТКҚ, энергетика қызметтеріне қандай жағдайда да жеткізіп отыру керектігін айтты. «Барлық сараптарды басқа мамандардың талқылауына ұсынып, олармен ақылдасып отыруды да ұмытпаңыз», деді әкім. Сонымен қатар ол мамандарды тұрақтандыру үшін кәсіпорынның өзі әлеуметтік пакетті арттыруы керектігін айтты. «Акционерлік қоғамға қарайтын үш ірі кәсіпорында бүгінгі күні 500 кадр жетіспейді екен. Мұны ретке келтірмесеңіздер кәсіпорындардың жұмысында жақсы нәтиже бола ма? Сондықтан мамандарды қолдаудың әлеуметтік шараларын күн тәртібінен түсірмеу керек», деді әкім.
Сонымен бірге облыс әкімі жылу жүйесін өткізетін жаңа магистральдің құрылыс жұмыстарымен танысты. Бүгінгі таңда 1,9 шақырымға трасса тартылған. «Бұл трасса құрылысының сапасын болашақта пайдалануға алатын кәсіпорынның өзі бақылап отырғаны дұрыс екен», деді әкім.
Солтүстік Қазақстан облысы