Ұстаз • 05 Қазан, 2023

Жаңашыл педагог

407 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Мұғалім алдындағы мақсат – оқушының оқуға ынтасын көтеру, қызығушылығын арттыру. 20 жылдық ұстаздық қызметінде жүздеген шәкіртті түрлі олимпиадаларға даярлап, үлкен додаларда жеңістің ауылын жақындатқан Сәндігүл Аханбаеваның сабақты меңгерту тәсілі де ерекше.

Жаңашыл педагог

«Жас дарын» мамандан­ды­рыл­ған мектеп-лицейінде қа­зақ тілі мен әдебиеті пәні­нің мұғалімі болып еңбек ететін Сәндігүл Ермұратқызы тәрбие­ле­ген оқушылардың жеткен жетістіктеріне көз тояды. Ұстаз еңбегі оқушының оқудағы үлге­рі­мі­мен, білім саласындағы табыс­та­рымен өлшенетіні мәлім. Тек облыстық байқауларды былай қойғанда, кейінгі екі жылда оның шәкірттері арасынан Қ.Бітібаева атындағы республикалық олим­пиа­­даның облыстық кезе­ңінің жеңімпазы, екінші орын иегері, республикалық Әбіш оқу­ла­­­рының, республикалық пән олим­­пиадаларының жүлде­гер­лері шықты. Педагог онымен шек­­тел­мей, өңірдегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұға­лім­де­рі­нің шығармашылық тобымен бірлесіп, «Олимпиадаға дайын­дық» жинағын құрастырып, оқу­шы­лардың оқу сауаттылығын арт­тырудың әдіс-тәсілдері туралы іс-тәжірибесімен бөлісті. Рес­пуб­ли­калық мерзімді басылым­дарда түрлі тақырыпта мақалалары жа­рия­ланды.

Ұстаздың айтуынша, бүгінде оқушылардың жан-жақты жеті­луіне, сапалы білім алуына барлық жағ­дай жасалған.

«Балалардың көкірегіндегі білім сәулесін жағу, оқуға деген қызы­ғушылығын арттырып, бо­йында сенімділік ұялату әр мұғалімнің миссиясы болса керек. Оқу­шының дарынын ашып, талпындыру үшін оған жеңістің дәмін сездіру маңызды. Өзіне сенімді бола түскен жасөспірім жақсы бағыт алып, сөзі де нықтала түсетінін байқаймыз. Осы уақытқа дейін түрлі республикалық байқау­лар мен олимпиадаларға 10-нан аса оқушым қатысып, жүлдесіз қайтқан емес. Білім додаларының қай-қайсысы болсын жас ұрпақты зерделі болуға, ұлттық салт-дәс­тү­рімізді тереңірек меңгеріп, білімді болуға жетелейді. Мысал үшін кітап оқу байқауы, Абай шығар­малары, салт-дәстүр, ұлт­тық құндылықтар бойынша жыл са­йын түрлі сайыстар өтеді. Оқу­шы­лардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру үшін бүгінде мектебімізде әр сабақ алдында 5 минут кітап оқытамыз. Олардың зейінін кітаптағы білімге аудару ыждағаттылықты қажет етеді. Себебі бүгінгі балалар түрлі гаджеттерге, интернеттегі ойындарға құмартып тұратыны белгілі. Білім әлеміне қызықтыру үшін түрлі әдіс-тәсілдерді қол­да­намыз. Шын­дап келгенде, оқушылардың бо­йын­дағы енжарлық пен жал­қау­лықты, еріншектікті жеңуде бү­гін­де педагогтер қауымы үлкен шар­уалар атқарып отыр», дейді С.Аханбаева.

Шәкірттерінің алды бүгінде жо­ғары оқу орындарын тәмамдап, түрлі салада еңбек етіп жүр. Соның бірі – облыс орталығындағы мек­теп­тердің бірінде қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін Инга Гросс. Ұлты неміс бола тұра, мемлекеттік тілді жетік меңгерген педагог Абай, Мағжан оқуларында жүлденің алдын бермейді.

 

ПАВЛОДАР