Салтанат Нұраханқызы 1988 жылы М.Әуезов атындағы педагогикалық институтты қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдаған. Халықаралық Тараз инновациялық институтының магистрі.
Еңбек жолын 1988 жылы Жамбыл облысына қарасты Шу ауданындағы Киров орта мектебінде бастап, екі жылдан кейін Қызылорда облысы Шиелі ауданындағы №159 орта мектепте мамандығы бойынша мұғалімдік қызметін жалғастырады. 1992-2006 жылдары Тараз қаласында №12 орта мектебінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен мұғалім болып қызмет етті.
2006-2013 жылдары Тараздағы №47 орта мектебінің ғылыми-эксперимент жұмысы бойынша орынбасар, 2013-2019 жылдары директордың оқу-әдістемелік іс бойынша орынбасары қызметін атқарған. 2006 жылдан бастап осы күнге дейін аталған мектепте қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі қызметін атқарып келеді.
Айта кетейік, Салтанат Нұраханқызы 5-6 сынып оқушыларына арналған «Шешендік сөздерді оқыту» оқу құралының авторы. Ұлағатты ұстазға 2003 жылы Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет» грамотасы табысталды. 2019 жылы «Жылдың жүз үздік қазақ тілі пәні мұғалімі» республикалық байқауында төсбелгімен және І дәрежелі дипломмен марапатталды. Осы жылы «Түркі әлемі: Жазба мұраларының тарихы, интеграция және даму бағыттары» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жинағына «Қазақ тілін оқытудағы инновациялық әдіс-тәсілдер» тақырыбында мақаласы енді.
Жалпы Салтанат Әліпбаева ашық сабақтары бойынша және олимпиадаларға жеңімпаздар дайындағаны үшін қалалық, облыстық, республикалық дәрежедегі дипломдармен, грамоталармен, Алғыс хаттармен марапатталған. Республикалық «Қазақ тілі» блиц-турнирінде І орын, ұстаздарға арналған республикалық пәндік олимпиадада ІІ дәрежелі диплом алды. Сонымен қоса, С.Нұраханқызы халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар мен халықаралық педагогикалық оқулар бойынша және халықаралық байқауларға жеңімпаздар дайындағаны үшін түрлі дәрежедегі марапаттардың иегері.
«Ұстазы пейілді болса, шәкірті зейінді келеді, ұстазы талантты болса, шәкірті талапты болады» деген мақал сөздері 35 жыл еңбек жолында көптеген өскіндерді тәрбиелеген Салтанат Әліпбаеваға айтылған анықтама іспетті. Топ жарған шәкірттерінің де марапаттарын тізбелемей, кейінгі екі жылдағы жетістіктерін айтсақ, соның өзі аз жетістік емес.
Ұлағатты ұстаздың дарынды шәкірттерінің бірі Ерзат Бақов «Ұлы дала ұрпағы» республикалық байқауында эссе номинациясы бойынша бас жүлдені, ҮІІ Республикалық «Жарық жұлдыз» өнер байқауында І орынды жеңіп алды, сондай-ақ, Е.Бақов Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына арналған облыстық эссе байқауында ІІ дәрежелі дипломмен, «Дара бала, дана бала» республикалық байқауында эссе номинациясы бойынша І дәрежелі дипломмен марапатталды. Тағы бір шәкірті К.Мұстафақызы ҮІІ Республикалық «Жарық жұлдыз» өнер байқауында және «М.Мақатаев оқулары» республикалық конкурсында Бас жүлдені жеңіп алды, сондай-ақ республикалық «Абай оқулары» конкурсында ІІ орынды иеленді. Сонымен қоса, Алима Тасыбекова республикалық «Ұлы дала ұрпағы» өнер байқауында эссе номинациясы бойынша І орын және «Самға Қазақстан» республикалық өнер байқауында көркем сөз оқу номинациясы бойынша І орынды иеленді. Ал Аида Айдынқызы «Бауыржан оқулары» қалалық байқауында эссе номинациясы бойынша І орынды, облыс көлемінде Бас жүлдені иеленді. Сондай-ақ А.Айдынқызы қалалық пән олимпиадасында қазақ тілі мен әдебиет пәні бойынша І дәрежелі және облыс көлемінде ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды. Сонымен қатар Аяулым Қайратбекқызы О.Бөкей шығармашылығы бойынша облыстық эссе байқауында ІІ дәрежелі дипломмен марапатталып, республикалық конференцияда І орынға лайық деп танылды. «Жас STAR» республикалық өнер байқауында көркемсөз номинациясы бойынша Аяулым Дүйсенбекқызы І орынды иеленсе, Аяна Жұмабай «М.Мақатаев оқулары» республикалық конкурсында І орын алды.
Ұрпақ келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Жақсы ұстаздан тәлім-тәрбие алған шәкірт өмір майданында мойымай, болашақ жолдарында бағытынан таймасы сөзсіз. Ахмет Байтұрсынов «Мұғалім – мектептің жаны» дегендей мектептің басты тұлғасы – жақсы ұстаз.