Үкімет • 05 Қазан, 2023

«Ауыл аманаты» қай өңірге жетпей жатыр?

200 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың төрағалығымен «Ауыл аманаты»  жобасының орындалу барысы талқыланған кеңес өтті, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Ауыл аманаты» қай өңірге жетпей жатыр?

Фото: primeminister.kz

«Amanat» партиясының, Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерінің, облыс әкімінің өкілдері қатысты. Кеңесте «Ауыл аманаты» жобасының орындалу барысы айтылды.  

«Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов бағдарлама аясында бөлінген 100 млрд теңгенің 51%-дан астамы игерілгенін жеткізді. Алайда кей өңірлерде бұл көрсеткіш 10%-ға да жетпейді. Есесіне кей аймақтар бекітілген соманы толық игеріп, несие алуға өтініштер қабылдауды тоқтатты. Мәселен, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Ринат Мұхаметқалиев бүгінге дейін 141 жобаға өтініш келіп түскенін айтты. Ал бөлінген 1,6 млрд теңге жеткіліксіз, тағы 800 млн теңге қажет», делінген Үкімет хабарламасында.

Үкімет басшысының орынбасары Т.Дүйсенова өңірлердің игермеген қаражатын қажетсінген өзге облыстарға бөлуді заң шеңберінде қарап жүзеге асыруды жүктеді.

«Ауыл аманаты» жобасы аясында ауыл тұрғындары 5-7 жылға 2,5 проценттік үстемемен микронесиелер рәсімдей алады.  Бірақ Түркістан облысында бюджеттік мекеме қызметкерлері яғни мұғалімдер мен дәрігерлер несие рәсімдеуге аса ықылас танытып, өтініш білдірген. Алайда несие берудің ережесінде бюджеттік, мемлекеттік қызметкерлерге «Ауыл аманаты» жобасы бойынша несие рәсімделмейді. Талқылау кезінде бұл мәселе де назардан сырт қалған жоқ. Ауыл азаматтарының әл-ауқатын арттыру мақсатында жүзеге асырылатын «Ауыл аманаты» бойынша  несие рәсімдегісі келетін жандарға түрлі тосқауылдардың да кезігетіні кеңесте айтылды.

Т.Дүйсенова кедергілерді жойып, санға емес, сапаға жұмыс істеу қажет екенін ескертті.