Теннис • 06 Қазан, 2023

Astana Open: Маннариноның мерейі үстем болды

140 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Елордада кейінгі үш жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келе жатқан теннистен «Astana Open ATР 250» турнирі өз мәресіне жетті. Биылғы жарыс Қытай астанасы Бейжіңде алауы тұтанған ATP 500 додасымен қатар өткеніне қарамастан, Астанадағы бәсекеге әлемдік рейтингте алдыңғы қатарда тұрған ең мықты деген теннисшілер қатысты.

Astana Open: Маннариноның мерейі үстем болды

Атап айтар болсақ, жуырда ғана Герма­нияның Галле қаласында өткен АТР 500 санатындағы турнирдің жеңімпазы, әлем­дік рейтингте 26-орында тұрған еліміздің ерлер құрамасының көшбасшысы Александр Бублик, «Үлкен дулыға» турнирлерінің үш дүркін жеңімпазы, Бейжің Олимпиа­да­сы­ның чемпионы, ATP санатындағы 19 турнирдің бас жүлдегері, Дэвис кубогінің иегері және әлемнің бұрынғы үшінші ракеткасы швейцариялық Стэн Вавринка, «Үлкен дулыға» және ATP санатындағы 17 турнирдің жеңімпазы аустриялық Доминик Тим, әлемнің 32-ракеткасы Себастьян Корда (АҚШ), рейтингте 40-орында тұрған Алексей Попырин (Аустралия) және тағы басқа теннисшілер елордадағы жарыстың көрігін қыздырды.

Сол спортшылардың ішінде дүниежүзі­лік рейтингте 34-орында тұрған франция­лық Адриан Маннариноның бағы жан­ды. Сегіз күнге жалғасқан бәсекеде барлық қарсыласынан басым түскен Маннарино биылғы «Astana Open ATР 250» турнирі­нің жеңімпазы атанды. Бас жүлде үшін өткен бәсекеде Адриан әлемнің 28-ракеткасы америкалық Себастьян Корданы 4:6, 6:3, 6:2 есебімен тізе бүктірді. Франция­лық теннисші «Astana Open ATР 250» турнирі­нің финалына екінші мәрте шығып, бірін­ші титулына қол жеткізді. Осыдан үш жыл бұрын, яғни 2020 жылы елордада алғаш ­рет ұйымдастырылған бәсекенің финалын­да ­ол аустралиялық Джон Милманға жол берген еді.

Адриан Маннариноның биылғы «Astana Open ATР 250» додасындағы жүріп өткен жолына үңілер болсақ, ол бастапқы бəсекелерде отандасы Артур Риндеркнех (7:6, 6:2) пен 21 жастағы ресейлік Алибек Качмазовты (6:2, 5:7, 6:3) жарыс жолынан ығыстырса, ширек финалда аустриялық Юрий Родионовтан басым түсті – 6:1, 7:6. Ал жартылай финалда тағы бір аустриялық теннисші Себастиан Офнерді жеңіп (6:4, 6:2), финалға жолдама алған-ды.

Сондай-ақ елордадағы жарыстың жұптық бәсекесінде америкалықтар – Натаниэль Леммонс пен Джексон Уитроу топ жарды. Мұхиттың арғы бетінен келген теннисшілер шешуші матчта хорватиялық Мате Павич пен аустриялық Джон Пирс жұбын аса тартысты өткен кездесуде 7:6 (7:4), 7:6 (9:7) есебімен жеңді. Натаниэль Леммонс пен Джексон Уитроу 2021 жылы Астанада өткен «ATP Challenger 125» сериясының турнирінде де жеңіске жеткен еді.

Өкінішке қарай, өз елімізде өткен турнирде отандастарымыз жергілікті жанкүйерлерді жарқын ойындарымен қуанта алмады. Александр Бублик екінші айналымда аустриялық Себастиан Офнерден 6:4, 6:2 есебімен жеңілсе, Михаил Кукушкин алғашқы айналымда-ақ сүрінді. Ол португалиялық Нуно Боргестің осал тұсын таба алмады – 7:5, 6:7. 4:6. Жұптық сында бақ сынаған Александр Недовесов Эквадор өкілі Гонсало Эскобармен бірге ширек финалға дейін жетсе, А.Бублик пен А.Голубев алғашқы айналымнан әріге аса алмады.

«Astana Open ATР 250» турнирінің статистикасына тоқталар болсақ, елордадағы «Beeline Arena» Ұлттық теннис орталығында өткен сегіз күндік бәсекені 16 мыңнан аса жанкүйер тамашалаған екен. Сондай-ақ турнир аясында теннисшілер дәстүрлі түрде Қазақстан теннис федерациясы ұйымдастыратын әлеуметтік маңызды іс-шараларға қатысты. Стэн Вавринка, Доминик Тим, Александр Бублик және Себастьян Корда «Асыл Мирас» аутизм орталығына барса, турнирдің финалистері Адриан Маннарино мен Себастьян Корда қалыптасқан дәстүр бойынша Ұлттық теннис орталығы жанындағы «Чемпиондар аллеясына» ағаш отырғызды.