Қазақстан • 06 Қазан, 2023

IT саланың өнімі артты

244 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаһандық цифрландыру экономиканың барлық бөлігіне әсер етеді. Кейінгі жылдары отандық IT қызмет те өсіп келеді.

IT саланың өнімі артты

2023 жылдың бірінші жарты­жыл­дығында IT қызмет ел эко­но­микасына 476,8 млрд теңге алып келген. Бұл өсімнің 90 па­йызы Астана мен Алматыға тиесілі. Ком­­­­пьютерлік бағдарламалау, кон­суль­­­тациялық және басқа да ілеспе қыз­­меттер көлемі был­тырға қара­ған­да 56 пайызға ұлғайған. Бұл эко­но­миканың бақыланбайтын секторын қос­па­ғандағы көрсеткіш екенін ескерген жөн.

Жалпы, сектордағы өсім 2016 жылдан бері байқалып отыр. Цифр­лық қызметтердің жағдайы әр қалада әртүрлі. Дәлірек айтар болсақ, Алма­тыдағы көрсеткіш 215,4 млрд теңгеге жетсе, елордада 212,1 млрд теңгені құраған. Үшінші орында Батыс Қазақстан облысы тұр – 7,1 млрд теңге. Ең төменгі көрсеткіштер Ұлытау, Түркістан және Жетісу облыстарында тіркелген.

IT – сұранысқа ие, сан қилы са­ла. Оның ішінде бағдарлама­лық қам­тамасыз етуді қолдау қыз­мет­тері мен мемлекеттік элек­трон­ды ақ­па­рат­тық жүйе­лер­ді қа­лып­тас­­тыру, ақпарат­тық-ком­муника­ция­лық инфрақұрылымды басқару қыз­меттері алдыңғы қатарға шығып тұр.

Нәтиже – жақсы. Демек өнімді арттыратын өндірушілер де артуы қажет. Осыған орай Мемлекет басшысы 2025 жылға қарай кем дегенде 100 мың жоғары білік­ті IT маман­ды даярлау мін­де­тін қойып, тапсыр­ма берген еді. Премьер-министр­дің ресми ресурсына сүйенсек, отан­дық жо­ғары оқу орындарының IT факуль­теттеріндегі студенттер саны артып келеді. Сондай-ақ әр өңірде заманауи IT мектептер салу саясаты да жүзеге асырылып жатыр. Ондай мектептер инновациялық экономиканы құруға қажетті кадрлық базаны толықтыра түседі.

Қазір IT кәсіптердің 70 пайызы әлі нарыққа шықпаған уақытта өмір сүріп жатырмыз. 2025 жылға қарай әлемде IT әзірлеушілердің тапшылығы 17 млн адамды құ­райды деген болжам бар.