Қоғам • 06 Қазан, 2023

Ұлтты ұйыстырудың өзегі – мемлекеттік тіл

312 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Мемлекеттік тілді екінші ана тілі санап, сөйлеуді мәртебе көретіндер қазақ тілді қоғамды қуантып қана қоймай, тіліміздің келешегі зор екенін айғақтай түседі. Бұл үрдістің кейінгі екі-үш жыл төңірегінде айқын басымдықпен өріс алып келе жатқаны да байқалып отыр. Керекудің төрінде өткен келелі жиын осыны айғақтай түсті.

Ұлтты ұйыстырудың өзегі – мемлекеттік тіл

Павлодар қаласында мемлекеттік тілді еркін меңгерген этномәдени бір­лес­тіктер өкілдерінің қатысуымен «Ұлы Даланың ұлтаралық тілі» атты рес­пуб­ли­калық форум өтті. Мәдениет және ақпарат министрлігі ұйытқы болған ма­ңызы зор іс-шараға Парламент депу­таттары, қоғам қайраткерлері, ҚХА рес­публикалық, өңірлік және қалалық этно­мәдени бірлестіктерінің мемлекеттік тілді меңгерген этнос өкілдері, филоло­гия ғылымының докторы, профессор,  ҰҒА академигі, «Қазақ газеттері» серік­тестігінің бас директоры Дихан Қам­забекұлы, қоғам қайраткері, «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Та­сыбеков, қазақ тілін үйрететін мектептің негізін қалаушы Сергей Хван, блогер, «Алға Петербург» You Tube каналының негізін салушы Иван Червинский, мем­ле­кет­тік тілді дамытуға атсалысып жүрген өзге де белгілі азаматтар қатысты.

ва

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ алқалы отырысында: «Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиім­ді құралы, мәдени-рухани тұтастық­тың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық же­тістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек. Бұл – тек салалық министрліктердің ғана емес, бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет. Осы ретте асырасілтеушілік пен даңғазалыққа жол бермей, парасатты әрі дәйекті түрде әрекет еткен жөн» дегені мәлім. Яғни, тілсіз қоғам болуы мүм­кін емес. Ал еліміздегі ұлттық тұтас­тық­­­тың сақталуы үшін мемлекеттік тіл­ді үй­­рену аса маңызды екеніне өзге ұлт өкіл­­дері ба­йып­пен қарай бастағаны да өмір шын­дығы. Алмағайып заманда қа­зақ тілін кеңінен танымал етіп, оның өмір­­дің әр саласындағы қолданыс өрі­сін арт­тыруға Ассамблея мүшелері белсене кірі­сіп отырғаны да байқалады. Тілдік орта қалыптастыру, мемлекеттік тілді игерген өзге ұлттың жастарын заман­дас­тарына үлгі ету, тіл үйретудегі заманауи озық тәсілдерді қоғамға насихаттап, креативті идеяларды өміршең ету – бүгінгі тіл үйретушілер мен зиялы қауым­ның алдындағы үлкен мақсаттар осы.

«Қоғамдық келісім» РММ басшысы Элина Масагутова форумның тағы бір мақсаты мемлекеттік тіл жанашырларын қолдау екенін атап өтті.

ро

– Қазақстан халқы Ассамблеясы мү­ше­­ле­рі арасында көптеген жас пен ересек қазақ тілін жетік меңгерген. Мен өзім Павлодар қаласында орыс мектебін бітір­генмін, 9-сыныптан бастап түрлі іс-ша­раларға, оқушылар арасындағы олим­пиадаларға қатыстым. Әрине, қазақ тіліне деген қызығушылық әуелі отбасымнан басталды. Әкем үнемі: «Қызым, сен қазақ тілін оқы, мемлекеттің тілін біл, ол саған болашақта көмектеседі» деп айтатын. Екіншіден, менің жақсы мұғалімдерім болды. Мемлекеттік тілді меңгеруде қорқу­дың қажеті жоқ. Күніне 15-30 минут бөл­сеңіз жетіп жатыр. Мемлекеттік тілде кітап­тар оқып, радио тыңдау керек немесе фильм­дер көрген дұрыс. Отбасымда түр­лі этнос өкілдері бар. Шешем – татар, әкем – орыс. Белорустар мен украиндар да бар. Яғни, кіші ассамблея деп айтуға болады. Елімізге сырттан келіп жатқан аза­маттардың да қазақ тілін меңгеруге деген ниеттері зор және түрлі әдістерді қолдану арқылы олардың алға жылжып келе жатқаны байқалады. Олардың бірі – блогер Иван Червинский. Бүгінде қазақтың салт-дәстүрі мен бірегейлігін, еліміздегі танымал тұғаларды ТМД елдеріндегі орыс тілді көрерменге You Tube арқылы үнемі насихаттап жүр. Бұл – керемет үлгі, – дейді Элина Масагутова.

Азаматтық жауапкершілік тұрғысынан қарайтын болсақ, өзге этностардың мем­лекет­тік тілді қажетсінуіне бүгінге қо­ғам­­да­ғы өзгерістердің өзі себеп болып отыр. Жер бетіндегі саяси өзгерістердің елі­­мізге әсері, іштегі кейбір қарама-қай­­шы­­лықтар ұлттардың ұйысуына не­гіз­гі бастар жол – қазақ тілі екенін ұғын­дырғандай. Халқымыздың дарқан кө­ңілінен сусындап өскен ұлттар мен ұлыс­тар өз ұрпағының қазақ тілін толық мең­геруге үлкен көңіл бөліп отыр. Бұл – фак­ті. Мысалы, Ертіс-Баян өңіріндегі қазақ тілін үйрететін тегін курстарда жыл ба­сынан бері 1357 адам оқыған. Қазіргі күні тілді дамыту бағытында қыз­мет көрсету са­ласындағы стартаптар, тіл керуендері, қа­зақ тілі бойынша онлайн курстар жал­ғасып келеді. Бұл қатарда жеке тіл үй­ретушілердің де белсенді жұмысы бай­қалады. Ендігі мәселе жұрттың тілді үйренуге деген ынтасына байланысты.

ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлының пікірінше, ана тілімізді Ұлы даланың тіліне айналдыру үшін жастарға қазақ мемлекетінің құндылықтарын ұғындыру аса маңызды. Осы далада туып, осы елде өмір сүргеннен кейін мемлекеттік тілді үйрену үрдісі ешкімнің ұлтына қарамастан жүргізілгені абзал. Президентіміздің Ассамблея сессиясында сөйлеген сөздері қоғамға ой салып, оны іске асыруға санасында сәулесі бар азаматтар жұмыла кірісуі керек.

им

– Алаш арысы, саяси көшбасшылары­мыздың бірі Әлихан Бөкейхан: «Өз күші­не сенбеген адам да, халық та еш­қа­шан өмір бәйгесін алмайды» деген. Бү­гінгі келелі форумға жиналып отыр­ған аза­маттарға, әсіресе, жастарға айтарым, сіз­дер мыңдаған, миллиондаған адам­дар­ға мотивация бересіздер. Сіздер тіл бәй­гесінен олжалы келсеңіздер, бұл – ізіңіз­ден ерген аудиторияның жеңісі. Ал бастаған өрелі істеріңіз жол ортада кілт үзілсе, қиындыққа апарады. Сондықтан істеріңізбен үлгі болыңыздар. Көп жағдай қоғам мәдениетінің алдында жүретін интеллигенция өкілдерінің іс-қимылына байланысты. Мемлекетіміздегі мәдениетті әр адам жан-жүрегімен сезіп, ұрпағына насихаттап отырса, оның нәтижесі зор болмақ. Мәселен, Еуропа елдері елдегі мәдениет деңгейін ұстап тұру үшін театр билеттерінің 7 пайызын үнемі субсидиялап, яғни халыққа тегін сатып алып беріп отырады. Мәдениетті елде соғыс оты тұтанбайды, мәдениетті қоғамда адамдар бір-біріне ғайбат сөз айтпайды, азаматтар кешірімді болуға ұмтылады. Мұндай елдерде ауызбіршілік пен бейбітшілік үстемдік салтанат құратыны да содан. Осындайда Ахмет Байтұрсынұлының мына бір асыл сөзі еске түседі: «Өткенді қозғағанды қойып, осы күйіңді түзе!». Үйлесім мен бауырластық игі үміттен құралады. Павлодардың Ямышев ме­кенінде 1835 жылы туған, Шоқанның досы Григорий Потанинның тағылымы да жадымызда жаңғырып тұр. Ол – патша өкіметі ала тайдай бүлінгенде Сібірде мемлекеттік жаңаруды бастаған, Алашқа тілеуқор тұлға. Г.Потанин 80-ге толғанда А.Байтұрсынұлы жыр арнаған. Сонда: «Жаз келер, жадыраған күндер туар, Жыр жырлап, ту түбіне шуақтайтын...» дейді. Жаратқан Ақаңның аузына салған екен. Қазір қос тұлға армандаған күнге жеттік. Потанин айтқан Қараөткелде университеттер де қалыптасып дамып келеді. Тағы бір ой намысты қайраткер Смағұл Сәдуақасұлы жазған дерек жөнінде. Ол Орыс Жағрапия қоғамының журналы мәліметіне сүйеніп, ХХ ғасыр басында кешегі «Ащы сызықтың» («Горькая линия») доғарысқа шыққан әскерилері бие байлап, қымыз ішіп, өз еркімен қыр қазағына айналғанын дәйектейді. Күрделі кезеңнің өзінде. Бүгінде тіл үйренудің, отаншылдықты арттырудың тарам-тарам жолы бар. Лев Толстой: «Олқылық – бір әдісті болу, шеберлік – көп әдісті болу» деген. Біз осы ұлылардан қалған жақсы сөздерді тіл меңгеру миссиясында бағыт етіп ұстануымыз керек, – дейді Дихан Қамзабекұлы.

Форумда Мәжіліс депутаты Наталья Де­ментьева, «Қазақстан» ұлттық арнасы­ның тележүргізушісі Алла Гаврина, «Ахыс­­ка» түрік этномәдени бірлестігінің Ас­та­на қалалық филиалының төрағасы Әскер Пириев тілді үйрену мен меңгеру машықтарын жетілдіруге қатысты ой-тәжірибелерімен бөлісті.

Ә.Пириев өзге елдердің мемлекеттік тілге деген құрметіне байланысты мынадай бір қызық оқиға айтты. Бірде Алманиядан бір топ инвестор елімізге келіп, жергілікті бизнес өкілдерімен кездесулер өткізеді. Мүдделі ұйымдар республикамызда кәсібін өркендетіп отырған неміс ұлтының өкілдерін жинап, инвесторларды шақырады. Мақсат – шетел инвесторлары өз қандастарын көріп, елімізге инвестиция салу жағына келгенде тартынып қалмас деген ой болса керек. Сөйтсе, кездесу соңынан шетелдіктер еліміздегі неміс бауырларымызбен жұмыс істеуге еш ықыласты емеспіз деп жауап қайтарыпты. «Олар өз елінің тілін білмейді екен, ал мемлекеттік тілді меңгермеген, оған құрметпен қарамаған адамға біз өз ақшамызды сеніп тапсыра алмаймыз», депті. Міне, осындай жайттар бүгінде елімізде өссем, дамысам деген азаматтар үшін мемлекеттік тілді меңгерудің маңыздылығын аңғарта түсетіндей.

Оның бұл сөзін «Ситуативті қазақ тілі» кітабының авторы Қанат Тасыбеков те қуаттай түсті. Айтуынша, ол осыдан біраз уақыт бұрын Шығыс Қазақстанның Бородулиха ауданындағы өзге ұлт өкілдері арасында арнайы сауалнама жүргізіпті. Нәтижесінде, қазақ тілін үйренсем дей­тін­дер келешекте Ресейге барып білім алуды армандайтынын, ал тілді үйренуді мақсат санамайтындар қазақ жерінде қала береміз деп жауап қайтарыпты. «Бұдан шығатын қорытынды: мемлекеттік тілді қажетсініп отырғандар тұлға ретінде қа­лып­тасып, өз ортасында өсуді қалаған жандар. Олар өз білімдерінің шекарасын әрдайым кеңейтуге ұмтылады. Сондықтан бұл мәселеде бар­лы­ғы ынта мен мақсатқа байланысты», деп түйіндеді тіл үйретуші маман.

Ассамблея өкілдері мен тіл жанашыр­лары бұл күні «Мемлекеттік тілді мең­геру­дің үздік тәжірибелері» шеберлік саба­­ғына қатысып, әдіскерлер мен тіл ма­ман­дарының, цифрлы форматтағы тілдік білім беру платформаларының өкіл­дерінен пайдалы ақпараттар алды.

 

Павлодар облысы