Суретті түсірген – Юрий Ким
Қазіргі кезде кәсіпорынның атауы өзгерген. «Тараз былғары аяқкиім» («ТаразКожОбувь») жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ретінде жұмыс істеп жатқан ұжымның алға қойған мақсаты зор. Серіктестік басшылары болашақта отандық нарықты толықтай өздері тіккен аяқ-киіммен қамтамасыз етуге ниеттеніп отыр.
Серіктестік басшысының орынбасары Шамухтар Шаюнусовтың айтуынша, 62 жылдық тарихы бар былғары комбинатқа таяуда ғана Қытайдан жаңа тігін машиналарын әкеліпті. Кәсіпорын өткен жылы 239 мың жұп түрлі аяқкиім тіксе, осы жылдың аяғына дейін 250-260 мың аяқкиім шығаруды жоспарлап отыр.
«Қазіргі кезде өзіміз өндіретін өніммен отандық нарықты толық қамту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Біз кәсіпорынға тек қана аксессуар мен қосалқы бөлшекті, химиялық материалдарды әкелеміз. Сондай-ақ резеңке төсеніштерді Қытай елінен сатып аламыз. Бүгінгі таңда италиялық әріптестермен жұмылған жұдырықтай бірлесе жұмыс істеуді қолға алдық. Жыл аяғына дейін жаңа өнімді нарыққа шығаруға толықтай дайынбыз», дейді серіктестік басшысының орынбасары Ш. Шаюнусов.
Былғары аяқкиім өндірісімен айналысатын кәсіпорын басшысының орынбасарының айтуынша, серіктестік 62 жылдан бері аяқкиім өндірісімен айналысып келеді. Ал кеңес одағы тұсында ұжымда 7,5 мың адам жұмыспен қамтылыпты. Аяқкиім тігу ісінің шеберлері мен былғары өңдеуші мамандардың еселі еңбегінің арқасында нарыққа шығып жатқан өнімге деген сұраныс әлі де бәсеңсіген емес.
Ұжымда ұзақ жылдар бойы талмай тер төгіп келе жатқан еңбек адамдары баршылық. Солардың бірі – Наталья Важина. Ол 1977 жылы кәсіптік-техникалық училищені тәмамдаған соң комбинатқа жұмысқа қабылданған. Әуелі аяқкиім фабрикасының цехында еңбек еткен ол уақыт өте келе аяқкиімді үрлеуші болып жұмыс істеп, кейіннен бригадир қызметіне тағайындалыпты.
Былғары комбинатында белсенді жұмысымен көзге түскен қызметкер еңбек ете жүріп, Жамбыл технологиялық институтының Былғарыдан жасалған бұйымдар технологиясы факультетіне сырттай оқуға түсіп, 1987 жылы жоғары білімді маман атанады. Институтты аяқтағаннан кейін ол шебер, технолог, цех бастығы секілді қызметтерді атқарған.
Уақытында өңір өндірісінің брендіне айналған комбинаттың басынан да қилы-қилы кезеңдер өтті. 1999 жылы кәсіпорын банкроттық жариялаған кезде Наталья кондитерлік өнім сатып, нәпақа таба бастайды. Алайда өндіріс ошағындағы жұмысын қатты аңсайды. Бір күні қайта оралатынына іштей сенеді. 2012 жылы кәсіпорын тізгінін ұстаған жаңа басшылық байырғы тәжірибелі мамандарды жұмысқа қайтадан шақыра бастаған. Олардың қатарында Наталья Важина да бар. Сүйікті жұмысына қайта оралған ол бүгінде жалпы цехты басқарып отыр.
«Зымырандай зулаған уақыт бір орнында тұрмайды екен. Уақыттың көшінен қалыс қалуға қақымыз жоқ. Қазір бәрі басқаша ғой. Біз де жаңашылдықпен жұмыс істеп, жаңа материалдарды пайдаланып жатырмыз. Кәсіпорындағы техникалар да бұрынғыдай емес. Ілгеріде біз аяқ-киімнің үстіңгі және астыңғы жағын байланыстырып тігетінбіз. Қазір аралық қабатқа қалыңдау етіп табан саламыз. Нәтижесінде, қазіргі өнім сыртқы соққыға шыдамды болады. Оңайшылықпен тесіліп мүжілмейді.
Жаңа технолгияны меңгеру біз үшін әлбетте қызық болды. Мәселен, шахтерлерге арналған аяқкиімдерге шағылыстыру элементін қолданамыз. Оны көбінесе түнгі ауысымда еңбек ететін азаматтарға ұсынамыз. Мұндағы артықшылық сол, шашыраған жарықтан түн мезгілінде келе жатқан адамды бірден аңғаруға болады. Аяқкиімдердің моделін тұтынушылардың қажеттіліктеріне, оларды өндірудің ерекшеліктеріне сай тігеміз. Сол тұрғыдан алғанда біздің жұмыс бұрынғыға қарағанда ізденіске толы әрі қызықты», дейді Н. Важина.
Бір қызығы, кәсіпорында Н.Важинаның отбасы мүшелері де еңбек етіп жүр. Нақтырақ айтсақ, отағасы Сергей мен ұлы Александр арнайы цехта жұмыс істейді.
Кәсіпорын басшыларының айтуынша, серіктестікте Натальядан басқа Анна Кормачева, Баян Исмаилова секілді ұзақ жылдар бойы еңбек көрігін қыздырып келе жатқан тәжірибелі мамандар да бар.
Кәсіпорын басшысының орынбасары Ш. Шаюнусовтың айтуынша, серіктестікте жұмыс істеуге жастар жағы құлықсыз көрінеді. Бүгінде екінің бірі заңгер, дәрігер болғысы келетінін ескерсек, бұл бір заңды құбылыс секілді көрінетіні бар. Алайда алдағы уақытта осы бір өткір мәселе оңынан шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
«Бүгінгі таңда біздің кәсіпорында еңбек етіп жатқан азаматтардың басым бөлігі орта жастағы адамдар болса, кейбір қызметкерлеріміз зейнет жасына жеткеніне қарамастан жұмыс істеп жүр. Оларға алғысымыз шексіз. Ілгеріде бізде жұмыс істейтін кадрлар мектеп жасынан дайындалатын. Қазір ондай үрдіс жоқ.
Бұл мәселемен бірлесіп күрескен абзал. Біз де қарап отырған жоқпыз. Жақында мамандарды даярлайтын сынып аштық. Ол жерде біз жаңа қызметкерлерді оқытамыз, білгенімізді үйретеміз. Оларға өндіріс ісінің шеберлері сабақ береді», дейді ол.
Кәсіпорын жетекшілері келтірген дерекке сенсек, кадр тапшылығын жою үшін өңірлік кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойыпты. Меморандум негізінде өндіріс орнына кадр даярлау жұмысы жүзеге аспақ. Алайда бұл мәселе 3-4 жылдың бедерінде ғана шешіледі. Сондықтан басшылық осы бір көкейкесті мәселені шешудің жаңа тетіктерін іздестіруді де қарастырып отыр.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында қосылған құн салығын қайтару, салалар бойынша жүктемелерді бөлу мәселесін көтерді. Шынын айтсақ, орта және шағын компаниялардың табысы жұрт ойлағандағыдан әлдеқайда төмен. Соған қарамастан салықты бірдей төлейміз. Қысқасы, Президенттің жүктемені қайта қарау туралы нұсқауы көңілімізді көтеріп тастады. Сондай-ақ Қасым-Жомарт Кемелұлы есеп тапсыруды 30 пайызға қысқартуды тапсырды. Бұл да дұрыс шешім екені даусыз. Өйткені түкке қажеті жоқ қағазды толтырып, уақыт шығындайтын кез келмеске кетті. Қазір тек өндіріс көлемін арттыру бағытында еңбек еткен ләзім», дейді Ш. Шаюнусов.
Қалай десек те кәсіпорындағы жұмыс қарқыны жыл өткен сайын арта түскен. Нәтижесінде, аяқ-киім өндірісі жолға қойылған. Ең бастысы, ұжым басшылары жұмысшылардың ерінбей еңбек етуі үшін барлық жағдайды қарастырған. Соған қарағанда серіктестіктің жұмысы жыл өткен сайын жандана түсетін секілді. Ең бастысы, кадр мәселесі ретімен шешілсе болғаны...
Тараз