– Бақытжан Жұмабекұлы, бүгінге дейін заңсыз берілген 8 миллион гектардай жер мемлекетке қайтарылғаны белгілі. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қалай жүріп жатыр?
– Жер ресурстарын басқару комитеті және уәкілетті органдары «Жер аманаты» комиссиясымен бірге заңсыз берілген жерлерді қайтару жұмысымен айналысып келеді. Жердің қайтарылып жатқаны – нақты факт. Алдағы уақытта мемлекетке қайтарылатын жер мөлшері 15 миллион гектарға дейін жетуі мүмкін. «Жер аманаты» республикалық комиссиясы құрылған кезде бастапқы мақсат заңсыз берілген 3 миллион гектар жерді мемлекет иелігіне қайтару еді. Жер ресурстарын басқару комитеті, Бас прокуратура, жер инспекциялары, Парламент депутаттары, «Amanat» партиясы жұмылып, үлкен шаруаны жүзеге асырдық. Мемлекетке қайтарылған жер мөлшері 8 миллион гектарға жетті.
Енді мемлекетке қандай жерлер қайтарылды деген мәселеге келсек. Бұлар – негізінен ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлер. Елімізде игерілмей, пайдаланылмай келген жер жеткілікті. Кезінде жеңіл жолмен, соның ішінде сыбайлас жемқорлық салдарынан елді мекендердің маңындағы мал жаятын жер шаруа қожалықтары, фермерлер, ауыл шаруашылығы ұйымдары мен мекемелерге берілген. Жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасын қарасаңыз да, ауыл маңындағы жерлерді қарасаңыз да игерілмей жатқанын байқайсыз. Жеке шаруаға 100 гектар жерді пайдалану оңай емес. Ал шаруа қожалығына 10 мың гектар жер берілсе, оны қалай игереді?
Жер кодексінің 92-бабында жер игерілмеген, пайдаланылмаған жағдайда мемлекеттің меншігіне қайтарылатыны көрсетілген. Шабындықта шөп шабылуы қажет. Жайылымның кемінде 20 пайызына ауылшаруашылық жүктеме жасалуы керек. Егістік алқапқа егін егілуге тиіс. Осындай талаптар орындалмаса, жер мемлекетке қайтарылады. Өкінішке қарай, мыңдаған гектар жер пайдаланылмай отыр. Мыңдаған гектар жерді иеленушілер бар. Оны қалай игеріп жатыр? Соны тексеру керек. Мысалы, 100 гектар жерді пайдалану үшін ауылшаруашылық техникалары керек. Мал басы көбейіп, егістікпен қамтылуға тиіс. Ондай тірлік байқалмайды. Ендеше, «Жер аманаты» комиссиясы атқаратын жұмыс ауқымды. Жылдың соңына дейін мемлекетке қайтарылатын жер көлемі 11-12 миллионға дейін жетіп жығылуы әбден мүмкін.
Жер ресурстарын басқару комитеті 2022 жылы 5 мыңға жуық субъектіге тексеріс жүргізді. Жер кодексінің бұрынғы редакциясы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер екі жылдың ішінде игерілмесе, пайдаланылмаса, мемлекеттік меншікке қайтарылатын, сотқа талап-арыз берілетін. Қазір бұл мерзім 1 жылға азайтылды. Кейбір жер иелері бойынша процесуалды мерзім өтпеген. 5-6 жылға жалға берілген жерлердің мерзімдері енді аяқталып жатыр. Егер олар жерді игермесе, жалға алу шарты жаңа мерзімге ұзартылмайды. Басқаша айтқанда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді игеру-игермеудің мәселесі заң аясында қарастырылып, жауапкершілік күшейтілді. Бас прокуратура мен Жер ресурстарын басқару комитетінің өзара үйлестіру жұмысы жолға қойылды. Ендеше, түпкі нәтиже әлі алда.
– Заңдарға енгізілген өзгерістер туралы айтып отырсыз. Нақты қандай түзетулер енгізіледі?
– «Жайылымдар туралы» заң аясында бірқатар өзгеріс жасалады. Басты мәселе «қоғамдық жайылым» ұғымы енгізіледі. Құжат бірінші оқылымнан өтті. Енді заң жобасы екінші оқылымда қаралады. Бұрын Жер кодексінің талаптарында және «Жайылымдар туралы» заңда мұндай ұғым болған емес. Игерілмеген, пайдаланылмаған ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді қайтарғаннан кейін ол қоғамдық жайылым ретінде ресімделуге тиіс. Жер кодексінің 101-бабына сәйкес соттың шешімімен қайтарылып алынған жерлер арнайы жер қорына беріледі. Содан кейін жергілікті ауылдық әкімдіктің балансында болады. Осылайша, жер кадастры базасында қоғамдық жайылым деп есептеледі.
Қоғамдық жайылымда сол елді мекендегі барша тұрғынның малы еркін жайылуға тиіс. Ал оның көлемі, яғни қай ауылға қанша мөлшерде қоғамдық жайылым қажет екенін ауылдық округ әкімдігі аудандық мәслихатпен ақылдасып, анықтайды. Сондай-ақ «Жайылымдарды басқару жоспары» деген құжат бар. Соған сәйкес, әрбір ауылдық округіне мал жаюға қажетті жер көлемі анықталады. Ауыл әкімі елді мекенде қанша адам тұратынын, қанша мал басы бар екенін біледі ғой. Осыған сәйкес, нормативтерін есептеп, қажетті жайылым аумағын белгілейді де, оны Жайылымды басқару жоспарына енгізеді.
Өкінішке қарай, көптеген елді мекеннің маңындағы ауыл шаруашылығы жерлері жекеменшікке өтіп кеткен. Кейбіреуі заң аясында жұмыс істеп, шаруасын дөңгелетіп отыр. Жайылымды басқару жоспарына сәйкес енді сол жер мал жаюға арналуы мүмкін. Ондай жағдайда Жер кодексінің 84-бабының 2-тармағының 5 және 6-тармақшасына сәйкес, мал жаятын жер мемлекеттің қажеттілігі үшін алынады. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 62-1-бабына сай, жер мемлекет қажеттілігі үшін алынған жағдайда оның өтемақысы екі нысанда беріледі. Біріншісі, мүліктің нарықтағы құнына тең ақшалай өтемақы. Екіншісі, соған құны тең жер. Алынған жер арнайы жер қорына өткізіледі. Содан кейін ол ауылдық округтің қоғамдық жайылымы саналады.
– Қоғамдық жайылымның шекті мөлшері бола ма? Мысалы, ауылдан 5 шақырым қашықтыққа дейінгі жерлерді жекеменшікке өткізбеу деген секілді талаптар енгізіле ме?
– Осы ұсынысты 2021 жылы Үкіметтің жер комиссиясы отырысында көтерген едім. Көп ауыл өзінің жайылымдық жерінен айрылып қалған. Комиссияның мүшесі ретінде оның радиустық мөлшерін белгілеуді ұсындым. Мысалы, 5-6 шақырым деген секілді. Бірақ мұның да ескеретін тұсы бар. Ауылдар әртүрлі ғой. Кейбірін 100 отбасы мекендесе, келесісінде 500 түтін бар. Сол себепті жағдай әртүрлі. Мысалы, 100 отбасы бар ауылда 30 үй ғана малын өрістетеді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы 5 шақырым жерді жайылым мақсатында қалыптастырсақ, бірнеше мәселе туындайды. Біріншіден, 30 отбасына 5 шақырым көлемдегі жайылымдық жерді қайтаруға мемлекеттен қосымша қаражат бөлу қажет. Бұл – қыруар сома. Ал келесі жақта 500 отбасы мекендеген ауылдың 200 үйі мал жаюы мүмкін. Салыстырмалы түрде қарасақ, екіншісіне басымдық берген дұрыс емес пе? 30 отбасы мал жаятын ауылға қарағанда екінші ауылда 200 үй мал жайса, солардың радиусын 5 шақырым еткен әлдеқайда тиімді.
Мұндай шекті мөлшерді заңға тәуелді актілерде ескерген жөн. Үкіметтің жер комиссиясы менің ұсынысымды қабылдады, бірақ соңғы нұсқада радиус деген сөзді қоспаған. Жалпы, жер комиссиясы ұсынысымды қолдады, бірақ радиус сөзінің орнына «Жайылымдар туралы» заңның 13-бабына сәйкес, әрбір ауылдың ішкі және сыртқы шекарасы деген ұғымды енгізді.
– Жоғарыда мемлекеттің қажеттілігіне алынатын жерге өтемақы төлеу туралы айттыңыз. Бұл норма нақты қалай жұмыс істейді? Мысалы, өтемақыны қасақана жоғары не төмен қойып төлеу деген секілді мәселе туындамай ма?
– Өте дұрыс сұрақ. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның да шикілігі бар. Тендерді жеңген бағалаушы компания әкіммен не жердің иесімен сыбайлас болуы ықтимал. Айталық, әкім бағалаушының қызметіне төлем жасайтындықтан, оған өтемақы көлемі белгілі шектен аспауы керек деген секілді астыртын талап қоюы кәдік. Бәріне бірдей өтемақы мөлшерін белгілеу мүмкін емес. Өйткені біреу баспананы қымбат құрылыс материалынан салса, екіншісі арзан материал пайдаланады. Біреуі екі қабатты, екіншісі бір қабатты үй болуы мүмкін. Оның бәрін бірдей бағалау мүмкін емес. Осылайша, кейбір әкімдері жерді мемлекет қажеттілігіне алғанда бағалаушыны ыңғайына көндіріп, әкімдіктің пайдасына қарай әр жердің бағасын төмендетеді. Ал халық бұдан хабарсыз қалады. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 67-бабы бойынша жерді мемлекеттік мүлік есебіне алғанда, нарықтық құнымен бағалануға тиіс. Іс жүзінде әкімнің манипуляциясы мен қысымының салдарынан жер иесі тиісті дәрежеде өтемақысын ала алмайды.
Сондай-ақ екінші тараппен, яғни жер иесімен сыбайластық әрекетке барып, келісуі де ықтимал. Мысалы, жерді мемлекеттік қажеттілік үшін бағалау сомасын бірнеше есе артық көрсетіп, түскен ақшаны өзара бөлісуі мүмкін. Осындай мысалдар көп. Түркістанда 2016-2018 жылдары бас жоспар бекітіліп, соған сәйкес мемлекеттік қажеттілікке жерлер алынды. Сонда Түркістандағы бағалаушылардың біреуіне қатысты мәселе туындады. Біріншіден, ол бұрын-соңды бағалау жұмысымен мүлдем айналыспаған. Мамандығы бөлек, аталған салада білімі жоқ. Тіпті Алматы қаласында есірткі тасымалдағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Соған қарамастан, бағалаушылардың үш күндік курсынан өтіп, тендерді жеңіп, 100-ге жуық адамның жер мен мүлкін бағалаған. Жұмысының қорытындысын қарасаңыз, шошисыз. Екі қабатты үйді бір қабатты деп көрсеткен. Әйнекті үйді әйнексіз деп белгілеген. Бір қабатты үйді екі қабатты үйдің құнына теңестіріп бағалаған. Біреуі болмашы соманы әрең алса, дәл сондай басқа үй иесі қомақты қаражатты қалтасына қалай басады? Өте күрделі мәселе. Мұндай бағалаушылар қай жерде де кездеседі. Одан да сорақысы, азаматтар жерді мемлекеттің қажеттілігіне алынған жағдайда заңмен қорғалмаған. Кей жағдайда әкімдіктер мен бағалаушылар реттеу коэффиценттерін өзгертіп, бағалау сомасын төмендетіп жібереді. Екі ортада қарапайым адамдар зардап шегеді. Сондықтан да бұл норманы өзгертуіміз қажет. «Жайылымдар туралы» заңда осыны ескердік. Басқаша айтқанда, ауылдық округтің балансына тиісті бюджет бөлінсе, онда елді мекен маңындағы ауылшаруашылық жерлерін мемлекеттік қажеттілігіне алып, өтемақысын төлейді.
Тағы бір өзгеріс – тұрғындар ауылдың маңында мал жайғанда мынандай мәселеге кезігеді. Кей елді мекен тұсында ерекше қорғалатын табиғи аумақтар бар. Орман қоры, Іле Алатауы, Көлсай, Баянауыл, Қарқаралы деген секілді қорықтар секілді. Бірақ онда мал жаюға рұқсат жоқ еді. Енді, «Жайылымдар туралы» заң жобасы аясында ормандар, тоғайлар жоқ жерлерде, яғни ұлттық саябақтардың орман қорына кірмейтін, ашық аумақтарында ауыл тұрғындарының мал жаюына мүмкіндік берілмек. Бұрын оларды орманшылар кіргізбейтін, енді заң қабылданса, онда емін-еркін жайылым ретінде пайдалана алады. Осындай маңызды өзгерістер енгізілмекші.
– Мемлекет меншігіне қайтарылған жерлер көрсетілген арнайы сайт ашылды. Бірақ сайттағы жерге қатысты деректер толық көрсетілмеген. Жерлердің иесі кім екенін, қайда екенін ашық көрсету керек шығар?
– Өте дұрыс мәселе. Мәжілістің жалпы отырысында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жер кадастры қашан ашық көрсетілетінін сұрадым. Жер кадастрын ашық көрсету туралы үшінші мәрте мәселе көтеріп отырмын. Бұған дейін Активтерді қайтару туралы заң жобасын талқылағанда да өз ұсынысымды айттым. Үкімет тарапы қабылдамады.
Игерілмей, пайдаланылмай жатқан, «Жер аманаты» комиссиясы аясында алынған жерлерді порталға енгізуіміз қажет. Қандай жерлер, қай ауданда, көлемі қандай екені, схема картасы салынып, нақты шекарасы секілді деректер ашық көрсетілгені жөн. Себебі мемлекеттік меншікке қайтарылған жерді жергілікті әкімдер басқа біреуге беріп жіберуі мүмкін. Туған-туыс, дос-жарандарына беру ықтималдылығын ешкім жоққа шығара алмайды. Сол себепті бәрі ашық болса, халықтың күмәні де сейіледі. Жаңа портал барлық сұраққа жауап беруге тиіс. Жердің орналасқан мекенжайы, оның нысаналы мақсаты, көлемі, керек десеңіз, бұрынғы кадастрлық нөмірі де көрсетілуі керек.
– Жасаған ұсынысым қабылданбады деп қалдыңыз. Сонда жер кадастрын ашық көрсетуге кім кедергі?
– Негізі жер кадастры базасы ашық болуға тиіс. Жер кодексінің 43-бабының 14-тармақшасында «ауыл шаруашылығы мақсатындағы уақытша өтеулі жер пайдалану құқығына, ауыл шаруашылығы тауарлық өндірісіне, шаруа фермер қожалығын жүргізуге берілген жерлерді пайдаланушылардың аты-жөніне байланысты ақпарат автоматтандырылған ақпараттық жүйеде жариялануға тиіс» делінген. Бұл – заңның нормасы.
Жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасын қарасаңыз, онда жердің кадастрлық нөмірі, нысаналы мақсаты, санаты, көлемі, оның бөліну режімі, құқықтық ауыртпалыққа шектеу, орналасқан мекенжайы туралы ақпарат ашық. Бірақ жер пайдаланушының аты-жөні туралы мәлімет көрсетілмеген.
Қазақстан Орхус конвенциясын бекітті. Осы құжатқа сәйкес мемлекеттің қабылдаған актілері туралы ақпараттан халық толыққанды хабардар болуы керек. Басқаша айтқанда, азамат құпия мәліметке кірмейтін нақты ақпаратты сұратса, оған қол жеткізуге тиіс. Яғни интернет сайттарда, автоматтандырылған ақпараттық жүйелерде, баспасөзде жариялануы қажет. Өкінішке қарай, Жер кадастры және мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесі басқармасы базасында бұл байқалмайды. Мысалы, 2016 жылы жерге байланысты митингтегі басты талаптың бірі – жер кадастрының ашықтығы болатын. Жер кадастрының ашықтығы туралы Активтерді қайтару туралы заң жобасына, «Жайылымдар туралы» заң жобасына ұсыныс енгіздім, бірақ өтпей қалды. Бұған Үкіметтің қарсылығы бар.
– Яғни біреулердің мүддесі бар ғой...
– Әбден мүмкін. Оны ашық көрсетпеудің негізгі себебі ретінде жеке дербес дерек дегенді сылтауратады. Бірақ ол жеке мәліметтің құпиялығы туралы заңда көрсетілмеген. Тек Үкіметтің қаулысында ғана бар.
– Бұл мәселе басқа елдерде қалай шешімін тапқан?
– Демократиялық даму жолын таңдаған мемлекеттер мұндай деректерді ашық көрсетеді. Жер кімнің атында, көлемі қанша, мемлекеттен қанша субсидия алады, қанша салық төлейді, қанша жұмысшы еңбек етеді, қандай ауыл шаруашылығы өнімін шығарады – бәрі-бәрі тайға таңба басқандай жазылып тұрады.
– Депутаттық сауалдарыңызда жерге қатысты көптеген мәселе көтеріп жүрсіз. Мәселен, тұрғындарға 10 сотық жер беру туралы қойған сауалыңыз есімізде. Бұған Үкімет қалай жауап берді? Жауапқа көңіліңіз тола ма?
– Қазақстанның кез келген азаматы Жер кодексінің 50-бабының 2-тармағына сәйкес, үш жерді ақысыз алуға мүмкіндігі бар. Соның ішінде ең өзектісі – жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін 0,10 сотық жер. Жер кодексі 2003 жылы қабылданса да, содан бері аталған жерді иеленген адамдар саны көп емес. Ал тізімде 3,2 миллион адам тұр. Күннен-күнге оның саны ұлғайып келеді. Республикалық бюджеттен жыл сайын бұл бағытта қыруар қаражат бөлінеді. Соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арналған он сотық жерді әзірлеуге, су және электр жүйесін өткізуге, жобалау-сметалық құжаттаманы дайындауға, тиісті құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізуге жыл сайын 30-40 миллиард теңге көлемінде қаржы қарастырылады. Мәселен, 2022 жылғы статистика бойынша облыстарға он соттық жерге тиісті инженерлік инфрақұрылымды әзірлеуге 51 миллиард теңге жоспарланған. Осы қаражатқа 2023 жылы әкімдіктер 49 мың жер телімін дайындап, тапсыруы қажет еді. Іс жүзінде 26 мың телім ғана дайын. Қалғанына тиісті инженерлік құрылымдарды өткізу үшін бөлінген ақша іс-түзсіз жоғалған. Сондықтан он сотық жерге байланысты бірнеше ұсынысым бар. Жер кодексінің 50-бабына, сондай-ақ жеке тұрғын үй құрылысын жүргізу туралы заңға тиісті өзгерісті енгізу керек.
– Сұхбат соңында біздің оқырмандарға айтар қандай тілегіңіз бар?
– «Egemen Qazaqstan» – еліміздің бас басылымы. Әсіресе, шалғайдағы ауылдарда оқырманы өте көп. Сол себепті ауыл тұрғындарына қазіргі Парламентте қызметінде оң өзгеріс бар екенін айтқым келеді. Алдағы уақытта «Жайылымдар туралы» заң жобасы қабылданады. Жер үлескерлеріне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізілмек. Соның аясында жер үлескерлерінің құқықтары қорғалады. Одан бөлек, сот-құқықтық реформа аясында тағы бір заң жобасы әзірленіп жатыр. Бұдан бөлек те көптеген тың өзгеріс енгізіледі. Басты мақсатымыз – халықтың мұң-мұқтажына жауап беретін заң қабылдау.
– Әңгімеңізге көп рахмет.
Әңгімелескен –
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»