Үкімет • 05 Қазан, 2023

Басым бағыттарды айқындады

79 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

3 қазанда Дохада өткен жоғары деңгейдегі Қазақстан-Қатар бірлескен комиссиясының 6-отырысында отандық тауарды Қатарға жеткізудің қосымша арналарын құру, екі ел бизнесі арасындағы ынтымақтастықты нығайту және өзара тауар айналымын арттыру мәселесі талқыланды.

Басым бағыттарды айқындады

Комиссияға Қазақстан тарапынан Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қатар тарапынан Сауда және өнеркәсіп министрі шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасым әл-Тани тең төрағалық етті.

Қатар сауда және өнеркәсіп министрі атап өткендей, бүгін­де Халықаралық валюта қоры­ның ақпараты бойынша Қатар бұл өңірде дамудың ең жоғары қарқынына қол жеткізіп, инвести­циялық тартымдылығы бойынша әлемдік рейтингте көш бастап тұр.

«Қазақстанмен қарым-қатына­сымыз жақсы бағытта дамып келеді, Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің Ас­танаға сапары барысында бірқатар келісімге қол жеткізілді, бұл бізге белгілі бағыттарда өзара іс-қимыл жасауға мүмкіндік береді. Қазақ инвесторларын біздің кә­сіп­керлермен берік әріптестік ор­натуға шақырамын. Мен екі ел арасындағы тауар айналымы жаңа биіктерге жететініне сенімдімін», деді шейх Мұхаммед бен Хамад бен Қасим әл-Тани.

Өз кезегінде Серік Жұманғарин екі мемлекет арасындағы тығыз байланыс екіжақты қарым-қаты­настардың дамуына оң серпін бере­тінін баса айтты. Бұған жоға­ры деңгейдегі тұрақты сапарлар дәлел бола алады.

«Біз Қазақстанның халықара­лық аренадағы сенімді әрі маңыз­­ды серіктесі Қатар мемле­кеті­мен жан-жақты ынтымақ­тас­тық­ты тереңдетуге ерекше мән бере­міз. Биыл екі ел арасындағы дип­ло­матиялық қарым-қатынас­тың орнағанына 30 жыл толады. Осы жылдар ішінде екі ел ашық сая­си диалогке және өзара тиім­ді сауда-экономикалық ынты­мақтастықты одан әрі нығайтуға бейілділігін растады. Бірқатар ынтымақтастық туралы меморандум жүзеге асырылып келеді, Алматы – Доха арасында аптасына 7 рейс қарқындылығымен тікелей әуе қатынасы орнатылды. Келіссөздер жүргізіліп, рейс санын 28-ге жеткізу жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді», деді  Премьер-министрдің орынбасары.

Серік Жұманғарин тараптар­дың басқа салалардағы өзара іс-қимылын жандандыруды ұсынды.

«Біздің елдің ет және бас­қа да азық-түлік өнімдерін өндірушілер Қатар нарығына тауар экспорттауға қызығушылық танытып отыр. Осыған байланысты елдеріміз арасында халал сертификаттарын үйлестіру рәсім­дерін жеделдету орынды деп санаймын. Сонымен қатар біз уылдырық, балық, бал, т.б. сияқты азық-түлік өнімдерінің пре­миум сегментін жеткізуге дайын­­быз. Сондай-ақ елдеріміз ара­­сын­да энергетика саласындағы ын­ты­мақтастықтың әлеуеті зор. Бүгінгі таңда Қазақстан газ өңдеу және газ химиясын дамыту, сондай-ақ сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттар салу арқылы тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту және жоғары қосыл­ған құны бар өнімдер шығару бойынша елеулі міндеттер қойып отыр»,  деді С.Жұманғарин.

Үкіметаралық комиссияның 6-отырысы қорытындысына сәйкес тараптар хаттамаға қол қойды, онда өзара инвестициялар үшін отандық және қатарлық бизнес арасындағы байланыстарды жандандыру ниетін білдірді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы, сауда, табиғи ресурстарды пайдалану мен энергетика, көлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, IT және коммуникациялар, сондай-ақ әлеуметтік-еңбек саласындағы ынтымақтастық үшін басым бағыттар шеңберін айқындады. Атап айтқанда, Қазақ­стан Республикасы Қатардағы қазақстандық қызметкерлердің жұмыспен қамтылуын реттеу жөніндегі екі ел үкіметтері арасын­дағы келісімге қол қоюға мүдделі екенін білдірді. Құжат еңбек көші-қоны мәселелерін жеңілдетуге, сондай-ақ қазақстандық тарапқа қолжетімді және Қатардағы еңбек нарығында сұранысқа ие кадр агенттіктері мен мамандықтардың тізімдерімен алмасуды жолға қоюға мүмкіндік береді.

2023 жылғы 7 ай­дың қоры­тындысы бойынша Қа­зақстан мен Қатар арасындағы тауар айналымы 2 есеге артып, 4,8 млн долларға жетті (2022 жылғы қаңтар-шілде – 2,8 млн доллар). Экспорт 0,4 млн доллар, импорт 4,3 млн долларды құрады. Жалпы, 2005 жылдан бастап 2022 жылға дейін 56,6 млн сомасына инвестиция тартылды. Қазір Қазақстанда 3 қатарлық компания жұмыс жасайды, оның ішінде 1 – қаржы секторында, 2 – ғылыми зерттеу қызметін жүзеге асырады.