Үкімет • 06 Қазан, 2023

Премьер-министр Риддер ЖЭО-ның дайындығын тексерді

196 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Премьер-министр Әлихан Смайылов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Риддер қаласындағы ЖЭО-ны жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-министр Риддер ЖЭО-ның дайындығын тексерді

Фото: primeminister.kz

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Бақытжан Байахметовтің айтуынша, бүгінде станциядағы 6 қазандықтың 2-уі іске қосылған. Жақын арада тағы 1-еуі іске қосылып, тұрғындардың жылумен толық қамтамасыз етілетіні күтіліп отыр. Сонымен қатар қалған агрегаттар мен қосалқы жабдықтарды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Жалпы, бүгінде мазут сорғы станциясын, отын беру трактісін, турбогенератор және байланыс трансформаторларын жөндеу, жылу желілерінде гидравликалық режимді қамтамасыз ету үшін сорғы станцияларын электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстары аяқталған. Қазандық пен турбиналық цехтардың шатыры жөнделді. Көмір тасымалданатын теміржолдарды жөндеу жұмыстары да аяқталуға жақын.

Премьер-министр өткен жылыту маусымында Риддер ЖЭО апатты жағдайда жұмыс істеп, жиі тоқтап қалғанын, нәтижесінде тұрғындар қыстың көзі қырауда жылусыз қалғанын атап өтті.

«Бұған бұрынғы қожайындардың станцияны жаңғырту мен жөндеу жұмыстарына қаражат салмағаны себеп болды. Осының барлығы ЖЭО-ның әбден тозуына әкеп соқты. Республикалық бюджеттен 8,4 млрд теңге бөлуге мәжбүр болдық. Облыс әкімдігі өз тарапынан 500 млн теңгеге жуық қаржы бөлді. Осы уақытқа дейін жөндеу жұмыстары тоқтаусыз жүргізілді. Алдағы жылыту маусымының дұрыс өтуі үшін олардың уақтылы аяқталуы маңызды. Мұны күні-түні қадағалап отыруымыз керек», деді Әлихан Смайылов.

Үкімет

Ол сондай-ақ ЖЭО-ны коммуналдық меншікке беру процесін жеделдетуді тапсырды.

Үкімет

Нысанда Премьер-министрге аймақтың жылу беру маусымына дайындығы туралы да баяндалды. Бүгінгі таңда бюджеттік ұйымдарды (830-дан астам нысан), тұрғын үйлерді (3 мыңнан астам), инженерлік желілер мен қазандықтарды дайындау жұмыстары аяқталған. ЖЭО мен су электр станцияларында да дайындық жұмыстары аяқталуға жақын.