Іргетасы 1911 жылы қаланған Пльзень қаласының командасы – өз елінің даңқты ұжымдарының бірі. Аталған клубтың академиясынан 2003 жылғы «Алтын доп» иегері Павел Недвед, өз заманында әлемнің ең үздік қақпашыларының бірі болған Петр Чех және тағы басқа танымал футболшылар түлеп ұшқан. Бір ғасырдан аса тарихы бар «Виктория» 1990 жылдан бері Чехия чемпионатында алты мәрте топ жарып, екі мәрте Чехия кубогі мен Суперкубогін жеңіп алған. Сонымен қатар жыл сайын Еурокубоктің әртүрлі лигаларында топтық кезеңде ойнап келеді.
Елордалық ұжым бұған дейін Чехия командаларымен түрлі турнирлерде ойнағанымен, «Виктория» клубымен алғаш рет жасыл алаңда жолықты. Дегенмен чехиялықтар бір маусымда үшінші рет Қазақстан командаларымен жолдары түйісіп отыр. Ең өкініштісі, соның барлығында да Пльзень командасының бағы жанған. Биылғы Еурокубок ойындарының іріктеу кезеңінде «Виктория» Қостанайдың «Тобылымен» жолығып, екі ретте де жерлестерімізді қапы қалдырып кетті. Қостанайда өткен алғашқы матчта қонақтар 1:2 есебімен жеңіске жетсе, өз алаңындағы қарымта ойында «Тобылдың» қақпасына жауапсыз үш гол соққан еді.
Конференция лигасының топтық кезеңінің жеребесі тартылып, «Виктория» «Астанамен» бір топқа түскенде ел жанкүйерлері елордалықтар «Тобылдың» есесін қайтарады деп күткен еді. Өкінішке қарай, «Астана» футболшылары жанкүйерлер сенімін ақтай алмады. Тіпті кешегі матч алдындағы баспасөз мәслихатында «Астана» бапкері Григорий Бабаян «Тобылдың» жаттықтырушы құрамынан «Викторияны» «қалай жеңуге болады» деп те ақыл-кеңес сұрағанын жасырмай, жалпақ жұртқа жайып салған еді. Алайда екі бапкердің айла-тәсілі бір чехиялық жаттықтырушының тактикасынан асып кете алмады.
20 мыңға жуық жанкүйер тамашалаған елордадағы матчты «Астана» футболшылары белсенді бастап, ойынның 21-минутында Марин Томасов қарсылас команда қақпашысының өрескел қателігінен кейін кездесудің есебін ашқан еді. Бірақ ВАР жүйесінде отырған төрешілер бас төрешіге Томасовтың голы ойыннан тыс жағдайда соғылғанын дереу ескертіп, голды есепке алмай қойды. Сөйтіп, бірінші тайм тең есеппен аяқталды.
Кездесудің екінші бөлігінде де Григорий Бабаян шәкірттері «Виктория» қақпасының маңайындағы қауіпті шабуылдарын бір сәтке де тоқтатқан жоқ. 51-минутта оң қапталдан қақпаға қарай жүйткіп келе жатқан Дембо Дарбо бір қайырылып алды да, допты ашық тұрған Томасовқа ұзатты. Хорватиялық легионер өз әдетінен жаңылмай, алдымен қарсыластың бір-екі қорғаушысын алдап өтті де, допты қақпаның оң жақ қапталына қарай шірене тепті. Жол-жөнекей «Виктория» қорғаушысына тиген доп бағытын өзгертіп, қақпаның сол жақ бұрышынан табылды – 1:0.
Дегенмен, «Астана» жанкүйерлерінің бұл қуанышы ұзаққа созылмады. Айналдырған үш минуттың ішінде «Виктория» футболшылары екі гол соғып, таразы басын өздеріне аударды. Алдымен 54-минутта Томаш Хора допты басымен Йосип Чондрич қорғаған қақпаға дәл бағыттаса, 57-минутта Лукас Кальвач айып алаңының сыртынан дәл соққымен көзге түсті. Григорий Бабаян тең нәтижеге қол жеткізу үшін екінші таймда алаңға Абат Айымбетов, Макс Эбонг секілді футболшыларды шығарғанымен, матч соңына дейін таблодағы көрсеткіш өзгермеді.
Осылайша, қатарынан екі матчта жеңілген «Астана» өз тобында соқыр ұпаймен көш соңында қалып қойды. Ал алғашқы екі турда 100 пайыздық нәтиже көрсеткен «Виктория» алты ұпаймен көш бастады. Топтағы екінші ойында Косовоның «Балкани» командасы осы турдың сенсациясын жасап, өз алаңында Хорватияның «Динамосын» 2:0 есебімен тізе бүктірді. «Балкани» бірінші турда «Викторияға» жол берген еді – 1:0.
«Астана» топтық кезеңдегі келесі ойынын 26 қазанда сырт алаңда Косовоның «Балкани» ұжымымен өткізеді. Ал Загребтің «Динамосы» Хорватияда «Викторияны» қабылдайды.