– Мәулен Сағатханұлы, жуырда БҰҰ Бас ассамблеясының 78-сессиясында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы еліміздің бейбітсүйгіш мемлекет екенін, өзінің ұлттық мүдделерін қорғайтынын және татулық пен халықаралық проблемалардың шешімдерін іздеу жолында екенін атап өтті. Бұл бағытта Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі іс жүзінде қандай үлес қосуы мүмкін?
– Әңгімемізді қазіргі уақытта әлемде өте күрделі саяси жағдай орнағаны туралы бастаған дұрыс шығар. Өкінішке қарай, әр жерде соғыстар, қарулы қақтығыстар жүріп жатыр, өзара ықпалдасқан белгілі бір блоктардың пайда болғанын көріп отырмыз. Бұрынғы қырғиқабақ соғыс кезіндегі идеологиялар қақтығысы қайта оралғанын байқауға болады. Майдан даласындағы қақтығыстардан бөлек әлем гибридті, ақпараттық, кибер және сауда-саттық соғыстарын да бастап кешіріп жатыр. Халықаралық жағдайды талдағанда соғыстың жиі қолданылатын құрал болып отырғаны өкінішті жайт. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан халықаралық қауіпсіздік жүйесінің шытынағанын көріп отырмыз. Сол кезде құрылған БҰҰ, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесі секілді ықпалды институттар, жұмсартып айтқанда, тиімді жұмыс істемей отыр және түрлі қақтығыстарға тосқауыл бола алмай тұр.
Халықаралық қатынастар жүйесін қайта құру, сондай-ақ әлемдегі бейбітшілікке, тұрақтылыққа, өзара түсіністікке бастайтын институттар мен тетіктерді трансформациялау қажеттілігі туындады. Өзара текетірес жағдайларының артуына қарап отырып, біз мемлекеттер арасындағы пікір қайшылықтары өте қызуқанды сипат ала бастағанын көріп отырмыз.
Қақтығыстардан бөлек, қазіргі әлемнің маңызды мәселелері, атап айтқанда, климаттың өзгеруі секілді проблеманың да күрделеніп, өзекті бола түскені белгілі. Пандемия көптеген әлеуметтік мәселелерді, соның ішінде адамдар табысының теңсіздігі, алшақтығы сияқты проблемаларды одан әрі шиеленістіріп жіберді. Моральдық, адамгершілік құндылықтардың төмендеп, тек тұтынушылық мінез-құлық моделінің алдыңғы қатарға шыққанын көруге болады.
Міне, осындай кезеңде діни көшбасшылардың рөлі қаншалықты маңызды екенін айтпаса да түсінікті. Мұндай форумдар барысында келешекке деген ортақ көзқарас қалыптасады. Қазіргі күні әлем халқының 85 пайызы белгілі бір дінді ұстанушы. Сәйкесінше, сол діндердегі рухани көшбасшылардың да беделі өте жоғары деген сөз.
Біз әлемдік масштабта мемлекеттік және халықаралық институттардың ықпалы, атап айтқанда, қандай да бір мәселені шешуге деген ықпалы төмендеп кеткенін көреміз. Ал рухани көшбасшылардың ықпалды рөлі, керісінше артып келеді. Бүгінгі өмір оңай емес, кез келген адамға бір сенімді тірек керек, біз оны руханияттан іздейміз. Ерте ме, кеш пе әрбір адам тіршіліктің мәні жайында өз-өзіне сұрақ қоятын болады, оған жауап іздейді, өмір жайында ойланады. Сондықтан әл-Әзһардың Жоғарғы шейхы Ахмед ат-Тайеб немесе Папа Франциск секілді көшбасшылардың ықпалы артып келеді. Оларды жұрт тыңдайды, кеңес сұрайды және осы тұрғыда Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің жасампаздық, ынтымақтастық рухындағы маңызы зор.
Биыл 2003 жылы алғашқы Съездің өткеніне 20 жыл толып отыр. Осы уақыт аралығында Съезд дінаралық және өркениетаралық диалогті нығайту мақсатында жұмыс істейтін көпке танымал, мәртебелі халықаралық платформаға айналып үлгерді. Өткен жылы ұйымдастырылған жетінші Съездің нәтижелері оның ғаламдық сұранысқа ие алаң екендігін дәлелдеді.
– Бұл форумды өткізудің еліміз үшін қандай пайдасы бар?
– Мен Съездің маңызын тек тәжірибелік мақсаттармен ғана түйіндегім келмейді. Қазіргі таңда әлемдегі жағдай әрбір елден өз болашағы үшін жауапкершілікті сезінуді талап етіп отыр. Біздің еліміз Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезін өткізу арқылы рухани көшбасшылар ұстанымдарының тоғысуына, халықаралық ахуалдың іргелі мәселелерін шешуге ортақ қадам жасауға ықпал етеді. Халықаралық деңгейде бейбітшілік пен келісім мәдениетін таратуға өз үлесіп қосады. Бұл өз кезегінде еліміздің халықаралық қауымдастықтың жауапты мүшесі ретінде қазіргі әлем бетпе-бет келіп отырған көптеген проблеманы жұмсартуға ықпалын арттырады. Бұл біріншіден.
Екіншіден, осы сұраққа үтілдік көзқарас тұрғысынан қарап көрейікші. Алғашқы Съезді өткізгеннен кейін әлемнің көптеген мемлекетінде бейбітсүйгіш еліміз туралы көп адам естіп білді. Былтыр жетінші Съезд өтті. Оған 50-ден астам елден 100-ден аса делегация қатысты.
Мәселен, Рим Папасы Франциск бүгінде халық саны 1 млрд 400 млн адамды құрап отырған католик әлемінің рухани көшбасшысы. Олардың көпшілігі Папаның қайда барғанын, не айтқанын, қандай кеңестер мен баға бергенін бақылап отырады. Осынау көрнекті тұлғаның елімізге келгені туралы жүздеген халықаралық бұқаралық ақпарат құралы жарыса хабар таратты. Рим Папасы Францисктің біздің еліміз, оның рөлі, ұлтық кодымыз, өркениеттер тоғысқан өлке екендігіміз туралы айтқан сөздері, біздің саясатымызға, халқымызға берген бағасы әлемде жағымды әсер туғызғаны және көптің құлағына жеткені талассыз.
Әл-Әзһардың Жоғарғы шейхы Ахмед ат-Тайеб та еліміз туралы, оның халықаралық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қосқан үлесі жайында жылы сөздерін аямады. Бүкіл өмірін дін жолына арнаған ол қазіргі күні ислам әлеміндегі ең беделді тұлғалардың бірі саналады. Сондықтан оның да біздің еліміз туралы айтқан сөздері әлемнің көптеген елінде таралып жатты және бұның өзі ғаламдық қауіпсіздікті сақтауға қосып жатқан еліміздің бейбітсүйгіш мемлекет ретіндегі атын шығаратыны сөзсіз.
Елдің абырой-беделі іскерлік қатынастар үшін маңызды екені талассыз шындық. Бейбітсүйгіш серіктесің болса, оған инвестиция құюға болатын сенімді серіктес ретінде қарауға болады. Сол арқылы басқа елдермен сауда-саттық артады, туристер де көптеп келеді. Біздің Съездеріміз өтіп жүрген Пирамида қазіргі күні әлемнің көптеген турисін өзіне тартатын орталыққа айналып үлгерді.
Сыртқы саясат – негізінен ішкі саясаттың жалғасы екені белгілі. Біздің елімізде ар-ұждан бостандығы Конституциямен қорғалады. Сонымен бірге Қазақстан – зайырлы мемлекет, елдің барлық азаматына ортақ талаптар бар. Дін ұстанушылар үшін тиімді, толерантты саясат жүргізу арқылы біз әлемнің көптеген еліне үлгі болып отырмыз.
Болашақ форумның мақсаты жайында айтсақ, менің ойымша, ең бастысы – барлық әлемдік және дәстүрлі діндердің рәміздерін, қасиетті жерлерін, кітаптарын қорғау туралы жалпыға ортақ, халықаралық мәмілеге келуіміз керек.
– Съезд хатшылығының отырысында нақты қандай мәселелер талқыланады?
– Біз жетінші Съезд декларациясының қалай жүзеге асырылып жатқанын, осы жұмыс аясында алдағы уақытта не істеу керектігін жан-жақты қарастырамыз. Екінші маңызды мәселе, алдағы 10 жылға арналған Съездің даму тұжырымдамасын қарастыру да жоспарда бар. Съезд – бұл тірі ағза, бізге әлі де даму керек, алдыңғы форумдардың жетістіктерімен тоқтап қалмауымыз қажет. Алға қарай жылжуымыз керек, әлемде не болып жатқанын сараптай отырып, Съезд жаңа ахуалдарға бейімделуі керек. Осы платформаны қалай дамытамыз және осыған байланысты барлық әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдерінің қатысуымен алаңды қалай дамытатынымыз туралы ұсыныстар көрсетілген құжат дайындалды. Съезд жұмысында неғұрлым инклюзивті қағидатты қамтамасыз ету, көбірек жастарды тарту, сабақтастықты сақтап қалу үшін жас діни көшбасшылар форумдарын өткізу де жоспарда бар. Рим Папасы Франциск пен Жоғарғы Имам Ахмед ат-Тайебтың достық деңгейдегі өзара қарым-қатынасына мән берсеңіздер, олардың арасында тек әріптестік ынтымақтастық емес, адами достық бар. Бұл достық көшбасшылардың келесі ұрпақтарына жалғасуы қажет, осылайша келер ұрпақ қарым-қатынасы қалыптасады, өзара әрекеттеседі және жаһандық мәселелерді шешуге ықпал ете алады.
Сонымен қатар Съезд хатшылығы аясында әлемнің рухани орталықтарында бірқатар зерттеу, дөңгелек үстел өткізу және осы Келісім мен толеранттылық идеологиясын тарату да жоспарланып отыр. Егер «Алдағы 10 жылда Съезд жұмысы қалай дамиды?» деген сұрақтың жауабын тұжырымдайтын болсақ, әлемдік және дәстүрлі діндер өкілдері нақты іс-әрекеттер мен шешімдерге назар аударуды ұсынады дер едім. Ең бірінші кезекте диалогті қамтамасыз ету маңызды болды. Ал қазір әлемдегі ең өзекті кедейлік, экологиялық мәселелер, соғыстар, қақтығыстар, радикализмге қарсы күрес, арандатушылық сияқты жаһандық проблемаларды бірлесіп шешетін кез келді. Тұжырымдама осы мәселелер ашық айтылған. Дәл осы сұрақтар Съезд құжатында да кеңінен қарастырылады. Егер діни көшбасшылар Тұжырымдаманы қабылдаса, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің алдағы уақыттағы жұмысы осы құжат негізде іске асырылады.
Дайындаған –
Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ,
«Egemen Qazaqstan»