Жәрмеңке сенбі-жексенбі күндері сағат 9.00-ден 18.00-ге дейін Қазақ ұлттық өнер университетінің алдындағы алаңда өтті. Таңмен таласа біз де «базарың құтты болсын!» айтып, ондағы келушілердің сұранысын бақылап қайттық. Байқауымызша, бұл жәрмеңкеге келушілердің қарасы мол.
Екі өңірден 40 түрлі жалпы көлемі 700 тоннаға жуық өнім жеткізіліпті. Онда ет-сүт, шұжық, балық өнімдері, қант, ұн, жарма, өсімдік пен жануар майы, көкөніс, жеміс-жидек, бал, ұлттық сусындар мен тағамдар және т.б. бар.
Павлодар облысының атынан Ақсу, Екібастұз қалалары, облыстың 10 ауданы қатысты. Ал Абай облысынан Семей қаласы және Абай, Аягөз, Бесқарағай, Бородулиха, Көкпекті, Ақсуат, Үржар, Жарма аудандарының шаруалары келді. Олар 120 тоннадан аса өнім әкеліпті. Оның ішінде ет (сиыр еті, жылқы еті, қой еті) – 47 тонна, құс еті – 4 тонна, жидектер, картоп – 40 тонна, өсімдік майы – 1 тонна, сүт өнімдері – 5 тонна, бал – 8 тонна, ұлттық тағамдар (құрт, бауырсақтар және т.б) – 2 тонна, қымыз – 1 тонна, шұжық өнімдері – 1 тонна, балық – 1 тонна, кондитерлік өнімдер – 0,5 тонна, бақша өнімдері – 10 тонна.
Павлодарлық кәсіпорындар елорда тұрғындарына тауар өндірушілердің бағасы бойынша азық-түліктің кеңейтілген өнім түрлерін ұсынды. Олар 350 млн теңгеден аса сомаға 560 тонна өнім, оның ішінде ет (сиыр еті, жылқы еті, қой еті), ет-сүт өнімдері, картоп, көкөністер, ұн, жарма, нан-тоқаш және кондитерлік өнімдер жеткізген. Былтыр Павлодардың картобы, Абай облысының еті мен бал өнімдері сұранысқа ие болғаны елордалықтардың әлі есінде. Биыл да жұрт күздікке аталған өңірлердің өнімін көптеп алып жатқаны байқалды. Күзгі жәрмеңкеде, әсіресе ет пен балдың саудасы қызғаны рас. Абай облысының 8 ауданы мен Семей қаласының шаруалары 150-ге жуық кәсіпкер тауарларын 50 жүк көлігіне тиеп әкеліпті.
Абай облысы Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы басшысының орынбасары Ертай Қуанбаевтың айтуынша, шаруалар өз өнімдерін делдалсыз сатып жатқанына дән риза.
«Біздің Абай облысы таза табиғи жайылымдық жерден шыққан мал өнімдерін әкелді. Ет, сүт өнімдері, өсімдік шаруашылығы, қауын-қарбыз, т.б. өнімдердің түрлері келді. Бұл жолы 150-ден аса шаруа қожалығы қамтылды. 120 тоннадан аса 20 ауылшаруашылық өнімдерін әкелдік», дейді ол.
Ал сатушы Еркежан Тұрдықұлова әкелген заттардың бәрі өз шаруашылықтарының өнімі екенін айтады.
«Әкелген өнімдердің бағасы – нарықтық бағадан 20-25 пайызға төмен. Тиімді, қолайлы бағада ұсынып отырмыз. Бұл жәрмеңкеге жиналған жұрттың қарасы көп болды. Саудамыз да жақсы өтіп жатыр. Көпшілік қолайлы баға мен сапалы өнімдерді жоғары бағалады. Сөреге қойылған өнім түрлері жетерлік, талғамға сай таңдап алуға мүмкіндік бар», дейді Е.Тұрдықұлова.
Ауылдың таза өніміне деген сұраныс қашанда жоғары. Құны да базар бағасынан біршама арзан екені байқалады. Мұны тіпті кейбір тұрғындар «тоқшылық тойы» деп те атап жатты.
«Біз етті бұл жерге бірінші рет әкеліп отырмыз. Мұның бәрі – далада жайылған, өзіміз өсіріп баққан мал өнімдері. Науқанда ет пен сүт өнімдерінің 20-дан аса түрі, кондитерлік өнімдер, бал және ұлттық тағамдар бар. Бәрі де – табиғи өнімдер. Азық-түлікті нарықтағы бағадан 20-25 пайызға дейін арзан ұсынып жатырмыз», дейді ұйымдастырушылар.
Келушілерді де сөзге тартып, пікірін білген едік. Бір Астана тұрғыны: «Баға көңілімізден шықты. Мысалы, жай күндері жылқы етін базардан 3 700 теңгеге алсақ, мұнда 2 500 теңгеге сатылып жатыр», десе, енді бірі: «Біз қазы алдық, қой еті, жылқы етінен де алдық. Сапасы жақсы екені көрініп тұр. Бағасы көңілге қонымды. Таңдау мүмкіндігі де мол», дейді.
«Мен Астанаға Павлодардан көшіп келгенмін. Кейінгі бес жылдан бері осында тұрақтап, жұмыс істеймін. Жәрмеңкеге павлодарлық ірімшік пен ет үшін келдім. Астаналықтар менің туған жерімнің азық-түлігін алуға келгеніне қуаныштымын. Біздің Павлодардың картобы тек елімізде ғана емес, көршілес Ресей мен Өзбекстанда да сұранысқа ие деп естиміз. Егер рас болса, біздің өзіміздің жоғары сападағы картоптарымызды сыртқа шығармай, өзіміз тұтынуымыз керек», дейді қала тұрғыны Кәмшат Көкенова.
Ал Олжас Мелдехановтың айтуынша, бұл жәрмеңкелердің тағы бір ерекшелігі – ауылдың дәмін сағынған ағайынға таптырмас мүмкіндік.
«Жәрмеңкедегі бағаларды салыстырып көрдік. Мәселен, ет бағасы мұнда 2 200 теңге, май 4 мың теңгеден сатылып жатыр. Әрине, бұл – едәуір арзан баға. Бірақ қаланың шет жағындағы кейбір базарларда да мұндай арзан бағалар кездеседі. Бұл жәрмеңкелердің артықшылығы бағада емес. Астанаға жан-жақтан жиналған халық әркім өз өңірінің дәмін сағынады. Сол тұрғыдан пайдалы. Павлодардың картобы, Семей-Өскеменнің балы, Қостанайдың еті, Атыраудың балығы, Қызылорданың күрішін іздейтін адамдар көп. Расымен, бұл өнімдер сол өңірлерден келіп жатса, онда жәрмеңкенің жетістігі – сол», дейді елорда тұрғыны.
Астана қалалық Инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасы басшысының орынбасары Мақсат Жаңабаевтың айтуынша, жыл сайын өткізіліп келе жатқан бұл жәрмеңкелердің Астанадағы азық-түлік бағасын тұрақты ұстауға да септігі мол.
«Астана аграрлық өңір емес және тұтынатын 2 млн тонна азық-түлік тауарларының тек 3 түрін, нақтырақ айтсақ, ұн, кеспе өнімдері және нан ғана өндіреміз, қалғандары басқа өңірлерден әкелінеді және импортталады. Сондықтан әкімдік өз өндірісін ұлғайтуға ерекше көңіл бөледі. Осыған байланысты біз жүйелі шаралар қабылдап жатырмыз, атап айтқанда, сауда инфрақұрылымы мен АӨК өңдеу өнеркәсібін дамытуға баса назар аударамыз», деді ол.
Қазақ сахарасындағы жәрмеңке өткізу салтынан жаңылмаған Ертіс-Баян және Абай елінің өнерпаздары астаналықтарға концерттік бағдарлама ұсынып, келушілерге ерекше көңіл күй сыйлады. Сөйтіп, жәрмеңке екі күнге жалғасты.
«Мұндай жәрмеңкелер өңірлердегі ауыл шаруашылығы өндірушілеріне өз өнімдерін делдалсыз тікелей сатуға мүмкіндік береді, нәтижесінде өнім бағасы көбіне-көп нарықтағы бағадан төмен болады. Жәрмеңкеге арналған ассортиментті ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер өз қалауымен таңдайды. Астанада өңірлік жәрмеңкелер жыл сайын өткізіледі. Оған қатысуға ниет білдірген шаруалар саны артып келеді», деді М.Жаңабаев.
Оның айтуынша, қазір Астанада тамақ өнеркәсібі саласында өндіріс көлемі 72 мың тонна болатын 8 жоба (сүт зауыты, ет комбинаты, нан зауыты, жартылай фабрикаттар, ұн және кондитерлік өнімдер және т. б.), сондай-ақ қуаты 14 мың тонна болатын екі жылыжай кешені салынып жатыр. Жыл бойы нан зауыты мен көкөніс қоймаларын, сондай-ақ кондитерлік фабриканы аяқтау жоспарланған.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жалпы ауданы 70 мың шаршы метрді құрайтын сақтау орындары – 2 көтерме-тарату орталығы, 2 көкөніс қоймасы және 2 қойма кешені және нарықты монополиясыздандыру аясында 10 млрд теңге жеке инвестицияға 2 заманауи базар салынып жатыр.