Шаруашылық • 10 Қазан, 2023

Орақ – 2023: Жиын-терім аяқталуға жақын

298 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Өңір диқандары ауа райының қолайсыздығына қарамай орақ науқанын аяқтауға жақын. Биыл облыс алқаптарына барлығы 3,4 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақ дақылдары, 658,8 мың гектар жерге майлы, 367,4 мың гектарға жемшөп, 28 мың гектарға картоп, 5,5 мың гектарға көкөніс дақылдары егілген еді.

Орақ – 2023: Жиын-терім аяқталуға жақын

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Жуырда облыс әкімі Ғауез Нұрмұхам­бетовтың қатысуымен өткен орақ науқа­нын талқылаған отырыста барлық астық­тың 6,8 пайызы ғана жиналмай тұрғаны туралы ақпар берілді.

Тамыз айының басынан облыс диқан­дары орақ науқанына қауырт кірісіп, үздіксіз жауған жауынға дейін 900 мың гектар жердің астығын орып, 1 млн тоннадай дән алған. Содан кейін толассыз жауған жаңбыр диқанның қолын байлады. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Марат Тасмағамбетовтің айтуына қарағанда, тамыздың екінші жартысынан бастап үзілмеген жаңбыр 50 мм-ге дейін алқаптарды сулап, қалыпты нормадан 8 пайызға асып кеткен. Ал қыркүйекте жауған жауын 54,2 мм жетіп, норма бо­йынша түсуге тиісті 28 мм-ден екі есеге жақын асып кеткен. Әрине, мұндай жағдайда солтүстіктің езіліп кететін қара топырақты алқаптарына комбайн кіре алмайды. Сондықтан орылған астық көп жерлерде өсіп кетіп, дәннің сапасын барынша төмендетіп жіберді.

Соған қарамай, арагідік ашық бол­ған 4-5 күнді тиімді пайдаланған диқан­дар күндіз-түні жұмыс істеп, астық­тың негізгі бөлігін жинап алды. Марат Тасмаған­бетовтің сөзінше, дәнді дақыл­дар мен дәнді бұршақ дақылдары егілген алқаптардың 93,2%-ын, яғни 3 млн 174,9 мың гектарына жиналған. Жиналған барлық астықтың көлемі 3,4 млн тонна болып отыр, ал гектар берекелігі 10,8 центнерден айналған.

Алайда бұл жалпы науқанының то­лық аяқталуына жақын қалды дегенді біл­­д­ір­месе керек. Өйткені майлы дақыл­дардың тек 30,5%-ы ғана жиналған, 147,7 мың тонна ғана өнім алынды. Гектар берекелігі де жылдағыдан төмен, 7,1 центнерден айналуда. Халық арасында «екінші нан» атанған картоптың да жиналмаған 23,2 мың гектары бар. Бұл – барлық алқаптың 17,4 пайызы. Көкөністер де толық жиналып болған жоқ, тек 79,5%-ы жиналды. Синоптиктердің болжауына қарағанда алдағы күндерде ауа райы біршама ашық болады. Осы күндерде қалған егіс тегіс жиналар деген үміт бар.

Мемлекет тарапынан шаруаларға қуат­ты қолдау көрсетілді. Облыс еңбек­кер­­лері әр литрі 250 теңгеден 58,9 мың тонна арзандатылған дизельдік отын алды. Астық қабылдау кәсіпорындары түскен астықты бөгеліссіз қабылдап ж­атыр. Олар жалпы көлемі 6,9 млн тонна астық қабылдай алатындай мүмкін­дікте. Лицензиясы бар астық қабылдау бекеттері бүгінгі таңда 780 мың тонна астық қабылдады. Соның 620 тоннасы – бидай, 88,1 тоннасы – арпа, қалғаны басқа дақылдар. Үшінші класты астықтың үлесі – 58 пайыз. Облыста ылғалды астық­ты құрғатып, үшінші класты сапаға жет­кізетін тәуліктік қуаты 233 мың тонна болатын 317 астық құрғату орындары бар. Оларға да жеңілдетілген бағамен Үкімет 19,7 мың тонна дизельді отын босатты.

«Азық-түлік корпорациясы» АҚ дәннің сатып алу бағасын әлі бекіткен жоқ. 2024 жыл­дың есебіне 326 мың тонна тұқым қор­ланды. Бұл – қажетті көлемнің 68,6%-ы
Тұқымның сұрыптық және егу сапасын анықтау үшін облыстық бюджеттен 70 млн теңге бөлінді. Қазір барлық аудандарда осы жұмыстарды атқаратын зертханалар бар. Алдағы жылдың егіс науқаны да назардан тыс қалмаған. Облыс диқандары бүгінге дейін 1,4 млн гектар сүдігер жыртқан.

Отырыста облыс әкімі Ғауез Нұрмұха­метов шаруалардың әр ашық күнді тиім­ді пайдалануын қамтамасыз ету керектігін атап өтті. Сонымен бірге ол ауыл шаруа­шылығы басқармасы мен аудан әкімдеріне астықты тәулік бойы қабылдауды ұйымдас­тыруын тапсырды. «Ауыл­ ша­руашылығы құрылымдарында осы заманғы жаб­дық­талған астық сақтау орын­­да­­ры бар-жоғына сарап жасау керек. Астық­­­тың қоймалар мен элеваторларда бүлін­­бей сақталуын қамтамасыз етуді қадаға­­лаңыздар», деді. Сонымен қатар Ғ.Нұр­мұ­­хамбетов әкімдерге серіктестіктер мен қо­жалықтар жұмысшыларын еңбек жағ­дайын, қауіпсіздік шараларын, еңбекақыны уақты­лы төлеуін бақылауды тапсырды.

 

Солтүстік Қазақстан облысы